АҚЫЛДЫ ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Жиенбай жырау.
Үш жүзге мәлім болған Алшын, Кете тайпасының, Құлыс аталығынан Жиенбай жырау Дүзбенбетұлы(1864-1929) жайлы ұстазым, Машарап Әлиевтен(1916-1987) естіген әңгімем еді.
Қыстың айы. Арқадан Бұхараға мал айдаған байлар, керуен салып салтанатын жоғалтпаған заман. Сырдарияның мұзынан өтіп жатақ, егінші елдің үстімен өтетін сүрлеу жолмен Қызылдың құмына келіп ілігеді. Қызыл құмды қыстаған ел төбенің шуақ бетінен жеркепе қазып, астығын ұраға сақтап өткен-кеткен саудагерлермен дән, талқанын алмастырып керек-жарағын түгендеп отыратын кез.
Бағанағы бай, мырзалар алдын ала хабар салмай Жиенбай жыраудың үйіне келіп түседі. Ойлары «Осы Жиенбайға айлап жырлатып, үйір-үйір жылқы, қора-қора мал айдатып жібереміз. Сол сыйымыздың бір кәдесін көрейік»- деп, сынаққа ала келеді. Жиенбай мал жинамаған кісі. Қолындағын халыққа бөліп беріп отыратын «кедей жомарт» жан екен. Қонақтар сәлем бере жеркепеге кіріп келеді. Жырау үйінде екен. Қонақтардың сәлемін алып болғасын есік жақта босағаға қараса әйелі көзге көрінбейді. Ол заманда қонақ жайғасқан соң әйел тапсырма күтіп отыруы шарт еді…
Жырау амандық-саулық сұрасып біраз отырып қалады. Әйелі қонаққа беретін ештеңенің ретін таппай шығып кетеді… Мырзалар өз істерінен өздері ұялып отырса, біреуі «Жиекемнің үйінен қара су ішкеніміз, қымыз ішкенмен бірдей емеспе? Ауыз тиіңдер», — деп, ыдыспен мұздай суды жағалатады. «Жоқтық — жомарт ердің қолын байлайды»- деп, Жиекем сабырын сарықпай отыра береді. Қонақтардың ішіндегі үлкені:
— Жиеке бүгін Шыбынтай Әлдебайдың аулына еруміз. Өзіңізді көріп сәлем берейік деп інілеріңіз ат басын бұрып едік. Бізбенен бірге болыңыз — деп, өтініш айтады. «Жоққа жүйрік жетпейді» соған келісіп, қонақтар сыртқа беттейді. Есіктен шығып қонақтардың алды тұрып қалыпты. Қараса екі тайқазан ет күн шуақ бетте бұрқылдап қайнап жатыр екен. Жанында жарақты жігіттер. Қонақтар аң-таң… Сол кезде Жиенбай жырау:
— Ал жігіттер, қазан қайнап қалыпты. Сыбағаларыңды жеп кетерсіздер — деп, қонақтарын қайта ішке кіргізеді. «Жыраудың киесін сол кезде көрдік. Төрде отырған Жиенбай басқадан бір бас биік отырды. Сөзі де, өзі де жолға түсіп жөнелді»- деп отырады екен көзі көргендер.Қонақтар етті жеп отырып, бір-біріне:
— Бұл кісі сыртқа шыққан жоқ. Ішке ешкім кірген жоқ Сонда мына жылқыны кім сойды? — деп, сұрап отырады…
Жиенбай жыраудың бәйбішесі Балшаш анамаз Жетіру Керейт Даңмұрын ақынның апасы екен. Қонақтардың сынап келгенін біліп «Қонақасы бере алмай ұяттан үш жүзге мәлім Жиенбай өлгенше, астындағы аты өлсін» — деп, ер-тоқымын аударып тастап, жігіттерге сойдырып қазанға салып жіберген екен. Асыл ана — елге сын, ерге мін болар тұста азаматының арын солай қорғап қалады…
Бұл жағыдай қонақтарға да мәлім болады. Бірін-бірі кінәләп:
— Жиенбайдың жалғыз атын жеп, жаяу қалдырды, — деген атқа қалармыз деп, жыраудың соғымы мен мінерлік, көшерлік көліктерін толық қамтамасыз етіп
аттаныпты. Міне шырағым: «Әйелдің ақылдысы, — елдің анасы-ғой!»- деп, отырар еді, жарықтық — Машекең!
А.Н.Алматов. Астана. 08.07. 2015ж.