«Ақылсыз надандар»
Кейбіреулер қазақ жалқау дейді. Бұған сіз қандай көзқарастасыз?
Бұл түбірімен қате пікір. Қазақ ешуақытта жалқау болып көрген емес. Оны жалқау дейтіндер ақылды надандар емес, ақылсыз надандар! Қазаққа – көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған кінә бар. Бұл – оттауизм. Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл тарих кешірмейтін қателік. Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кім айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек. Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ, немесе ұрпағымыздың жігерін жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немелер іліп әкетіп, әлі күнге жалаулатып жүр.
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
«Мен – халқымның Бауыржанымын» кітабынан