АҚЫН ЖАНЫН ҰҒУ ҮШІН, АҚЫН БОЛЫП ТУУ КЕРЕК……..

Ақынның жары: Мұқағали қайтыс боларда Жазушылар одағына соңғы рет барғысы келді…
Мұқағали 1974-1975 жылдары жиі-жиі ауырып емханаға түсіп жүрді. Емдеу орнында жатсада, сәл айыға бастаса, қолына қаламын алып өлең жазуға кірісіп кетеді.
Сондай кездерде күніне алты, жеті, кейде сегіз өлең жазып тастаған кездері де бар екен. Өлеңді аурулар тынышталып, ұйқыға кеткен соң асханаға барып жазамын. Менің кәбинетім – аурулардың асханасы,-дейді.
– Өзіңді өзің күштей бермесеңші, демал, алдымен науқасыңнан айық. Өлең қайда қашар дейсің,-деймін емханаға барған сайын.
– Мен өлең жазумен, өлең оқумен ауруымды емдеймін. Өлеңге кіріскенде барлық ауруымды ұмытқандай болам. Құдайым қолыма қалам ұстауға шамамды келтірсе, өлең өз – өзінен нөсерлеп төгіліп жатады,- дейтін.
Мүмкін өмірінің қысқарып келе жатқанын, әр сағат есепте екенін білген де болар. Мұқағали тағы емханаға 1975 жылдың аяғында қыста түсті.
Үлкен баламыз Жұлдыз екеуміз жұмыстан кейін тамақ алып, емханаға бардық. Жұлдыз қазақ мемлекеттік университеттың заң факултетін бітіріп, Гуревке жіберілген. Әкесі ауру болған соң ол сұранып келіпті.
Мұқағали жүдеу, нардай жігіт, арықтап, шүйкедей боп азып бара жатқан сықылды. Көздерінің еті сарғыш тартып шүңірейе түскен. Сондай жүдеу жүзіне көзім түсіп, қалай күрсініп жібергенімді білмей қалдым.
Халы ауыр адамның алдында бұл қылғымның оны қандай күйге түсірері де белгілі. Дереу сөзге айландырған болдым. Мұқаң да сезіп қалды да, Жүлдызбен сөйлесіп кетті.
– Енді келіп қалыпсың, келгенің дұрыс болды. Гуревке бармай-ақ қой. Осыннан да бір жұмыс табармыз. Өзің ештеме ойлама!-деп баласының басынан сипады . Сонан қоштасып, түнде үйге қайттық.
Ертесінде кешке таман Жұлдыз екеуіміз Мұқаңа тағы келдік. Кешегіден сәл көңілділеу екен. Үстел үстінде өлең жазған дәптері ашық жатыр, сол беттен «күрсінбеші» деген өлеңінің шет жағасын көріп қалдым.
Осы өлеңді оқып, мені қалай шебер суреттегеніне таңдандық. 1973 жылы Гөрки атындағы әдебиет институтында оқыды. Оны бітірмей, балаларын, Алматысын сағынып қайтып оралды.
Кім біледі, өмірінің соңының тақалып келе жатқанын біліп, бір күнде болса өз ата мекенінде, отының басында болайын деді ме, қайдам. Мұқағали әрқашан Атамекенін оқудан жоғары қойды.
«Россия менсіз-ақ күн көрер-ау, ал менің Рөссиәсіз күнім қараң»,-деп Түргенов айтқандай, Москвада ұзақ тұра алмады. Алматысына жетуге асықты. Ол бұл өмірден ерте кететінін білетін.
Кейде: «мен елу жылдық тойымды көре алмаймын, балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. соған ие бол! Қысылмассың! Өзіңе-өзің мықты бол»,- деп отыратын.
“Қойшы ертең кететіндей, қайдағы сұмдық ойды қайдан суырып аласың, кім ауырмайды. Жаман ойлама! Әлі- ақ ағаш атыңа мінесің!»-деп қоямын.
Бірақ артынан сезіктеніп жүрем. Уақытында айтқандарына мән бермеген екенмін. Бұл сөздер менің есімді тез жинатқызды. Мұқаңның айтқаны айдай келді. Міне, қазір жаққаным Мұқағалидың оты, айтқаным – соның аты.
Бала дегенде оның жан дүниесі бөлек еді . «Тәңертең жылатып- еңіретіп әкеле жатқан кішкентайларды көргенде, не істерімді білмей, кетіп бара жатып, ілгері жүргім келмей қалады.
Соларды көрген сайын балдырғандар өмірінен алынған «Таңғы ұйқының тәттісі – ай !» деген атпен дастан жазуға дайындалып жүрмін, сәті келсе» деп дастанның жоспарын да , қалай жазатындығын да айтып қоятын. Амал не, бұл ойын орындай алмай кетті.
Мен жасымнан әдебиетті сүйіп өстім, оған себепкер өз ағайым болса, немере ағам Әбдүйсіп Әкімжанов та көп себеп болды. Ең алғашқы оқу осы кісінің әсерінен басталған. Қазір өнерге деген құмарлық бұрынғыдан да арта түскен.
Мұқағалидың қайсы өлеңін алсаң да, қандай әдемі, тілі жаттық, бір сөзі, ұйқасы шашау шықпай, орын – орынында тізіліп, нөсерлеп, төгіліп тұрады.
Адам баласының шыңрауда жатқан ойын, тұла бойдағы рухани сезімдерін қозғайды, дәл басады. Мұқағали поэзиясы ерекше.
Қартқа да, жасқа да, шопанға да, ғалымға да түсінікті. Өлеңдері тұнып тұрған музыка. Мұқағали поэзиясында тек шебер аудармашы мен терең талдайтын әділ сыншылар керек-ақ.
Мұқағали – үлкен ойдың адамы. Ол үлкен жұмыс істерінде, алдын-ала оған көп дайындықтар жүргізетін, жан-жақтылы зерттейді. «Уақыт әр дайым батыл адам жағында» демекші, дайындықтан соң ісіне батыл кірісіп кетеді.
Айналадағыладың бәрін ұмытады. Жазып біткен соң ғана « Жоспар орындалды!» деп бір бой жазып, масайрап, көңілденіп қалады. Сондай бір кезде мінезі жылдам Алмагүл деген үлкен қызым:
— Папа, қанша өлең жаздың?-демесі барма. Сондай күтпеген сұраққа ашуланып қалған Мұқағали: – Алма-жан , сен ешуақытта мұндай сұрақ қойма. Мен тоқыма істәнөгі емеспін ғой, қызым,-дегенде Алмамыз орынсыз, әрі аңғалдықпен қойған сұрауына өкініп қалды.
Қайтып мұндай сұрауларға жуымайтын болды. Мұқағали балаларын жақсы көрді деп жоғарыда айтып өттім емеспе? Қандай қиындық болса да, олардың көңілін қалдырғысы келмейді. Балаларына талап қоя білді.
«Ей батшағар, қазақ тілін дұрыс сөйле, көпшіл бол, пәленді құлаттым деп бөспе! Неше өлең жаздың деме, қалай жұмыс істедіңіз деп сұра. Өмірде барлық нәрсенің өз орны бар.
Ең аяғы телефонмен сөйлесудің де өз заңдары бар. Заңнан шықпа, жолдан шықпа!» деп өзінен кеткен қателерын балаларынан кездестірмеуге тырысатын. Сол қазақ тілі демекші, екі бала қазақ мектебін, екі бала орыс мектебін бітірді, бірақ бәрі де таза қазақша сөйлейді.
Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы аурып жатты, дәрілерін жөндеп бердім де Алмаға тапсырып жұмысқа кеттім. Үйде бір ауру адам болса, ештеңенің де берекесі болмайды екен.
Кешке келсем, Мұқаң ұйықтағандай кейіпте жатыр екен, өңі боп- боз. Жүрегім алай – дүлей болып ас әзірлейтін бөлмеге келсем, Алмагүл боздап отыр.
— Папам нашар ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп дөңгелеп жатыр. Аздан дәрі бердім, көп ішпейді, бір кезде: «Алма, анау бәлкөннің бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып кешке дейін зарлатты.
Көріп жатып одан ары қиналдым. Сол торды құртшы!» деген соң, Торды алып бәлкөнді сыпырып тастадым,-деді Алма. «Ақынның жаны недеген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара»,-деп ойлап отырмын.
Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай, соны ойлап едім, денем дірілдеп кетті. Түнге қалса ауруы одан ары ауырлайтынын білемін.
Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші «сәт сапар » жолдаған Әбділда Тәжібаев ағамыздан көмек сұрадым.
Әбекең қалалық денсаулық сақтау бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бірдемде бір топ дәрігер мәшинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады.
Қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, укілін салып, дәрісін берді. « Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады»,-деген соң, Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханаға апардым.
Дәрігерлер бірінен – бірі естіп, жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, аурудың беті қайтып Мұқаң бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп тәуір болып, емханадан шықты.
Сол бір жылдар үлкен үмітпен ең болмаса, Мұқағалиды бір жұмысқа орналастырар деген мақсатпен өзі Қазақстандағы «ең мықты »ағамыздың атына бір жәйді айтып хат жазды.
Сол хаттан көп үміт күтіп жүрды. «Ай соңынан ілессе, жұлдыз қайда қашар дейсің» дегендей «мықты ағамыз» бір хабар берсе бәрі қалпына келер деген ойдамыз.
Бірәз уақыт өткен соң «Қазақстан компартиясы орталық көмитеті шақырып жатыр»,-деген хабар алдық. Екеуіміз де қатты қуандық. Барлық жағдайымыз дереу жақсарып кететіндей болып отырмыз.
Мұқағалиға мен де ілестім. Сондағы жәйді ойласам, күні бүгінгідей жүрегім қан жылайды. Үлкен үйге жақындап барғанда, дәлізде екі адам тұр екен. Екеуі де мұздай киінген.
Соның біреуі «жұлдыз» журналына көп жыл редактөр болған Бекежан Тілегенов. Өздері бізге қыр көрсетіп тұрғандай. Мұқағалиды оңаша шақырып алды, мен сыртта күтіп қалдым.
-Сіз үлкен кісіге арызданған екенсіз, енді жұмысыңыздың бәрін де жазушылар одағы бітіреді, соған барыңыз!-депті. Отыр деп айту да жоқ , сәлемдесу де жоқ, сонымен қайырымға келмей екі бейне жоқ болды.
Тіпті жәй қарапайым адәмгершілік деген қайда?! Ең болмаса кәбинеттеріне шақырып жауабын айытпай, адам қатарында есептемей, креслөдә отырған сұр бейнелер, бирөкраттар дәл осы қалпымен жерге тірі тығып жіберердей болды. Осындай қорлау адам емес, хаюанды да ашындырады ғой.
Осы бір топас мінездер, келеңсіздіктер ақынның өмірін бірәз қысқартып жіберді ғой. Кейін жазушылар одағы да бір сөз айтпай «баяғы жартас, бір жартас» деп Абай атамыз айтқандай, жылы жүзін көрсетпеді.
Бірде академиядан бір кісі келіп, Қазақ Совет Энсиклопедиясы үшін Мұқаңның суретін, өмірбаянын жаздырып алып кетті. Онда өзі бар.
Қарап жүрдік. 1975 жылы 7 томдық шықты. Бұл кезде Мұқағалидың сүйікті шығармаларының бәрі басылып, жарыққа шығып, халыққа танылған, дарынды ақын болған кезі еді.
Ал энсиклопедия да Мұқағалидың суреті берілмеген. Кітаптарінің тізімі ғана берілген. Қарап отырсаң, Мұқағалиға тарлық жасағанына қарының ашады. Беймәлім біреулерге суретімен етектей-етектей орын берген.
Көп адам осындай жүдеп жүргеннде қол үшін берудің орнына, әйтеуір амалын тауып құздан құлатуға тырысты. Бірақ Мұқағали қазақ халқы аман болса атаусыз қалмайды. Мұқағали еңбегі, дарыны, таланты, ақындығы ешкімге кіріптар болмады да, ешкім де құлата алмады.
Қайта жыл өткен сайын әр қырынан жарқырай берді. Мен кейде таңданам. Мұқағали жыр төккен жылдар тоқырау заманы болды. Дәл қазір тоқырау дүниесінен артылып тұрған өзгерісті көре алмадым. Миымызда оның тұқымы кетпестей боп, ұя салып алған сықылды.
Бір жазушылар тілі де бай, ойы да кең, болашақ ұрпаққа рухани тәрбие бере алатын, қай жағынан алса да жотасы биік шығармаларымен түкке ие бола алмай қалғанда, қайдағы бір жазушы сымақтар «қыз мінезімен» мемлекеттік силықтарға ие болып, елінің «елеулісі» халқының «қалаулысы» боп өмірде шалқып жүр.
Бүгін кімдер мықты өмір сүрсе, қазірде өмір солардікі. Қашан әділеттілікке қолымыз жетеді?
Мұқағалидың ұлан қайыр еңбектері әлі өз бағасын алған жоқ. Біреулер шығармаларында Мұқағалидай көнпіске тау жүгін көтертіп қойып, сол жүктің қалқасында жүріп өзі мақталғанына, көзге түскеніне, өз қулығына өзі дән риза болады.
Ит арбаның көлеңкесінде келе жатып, мына арбаны мен сүйреп келе жатырмын деп мардымситын мысал өлеңнің кері.
Теледидәр көргенде де, кинө көргенде де Мұқағали оның кейіпкерлерімен бірге қуанып та , қайғырып та отыратын.
Бірде чилиде болып жатқан қанды уақиғаны көріп отырдық. Халқының ұлы ақыны Пабло Нерудәнің өлімін көріп, Мұқағали қатты түңілді, қиналды, жанын қоярға жер таппай, мазаланып жүрді.
Сол хабар біте салып, Мұқағали дереу жазу столына отырып, «Ильич шуағым менің» деген поэмасын сол күні түнімен жазып, ертесінде гәзетке тапсырып келді. екі-үш күн өткен соң, Москва ақындарының Пабло Нерудә туралы азалы өлеңдерін гәзеттен оқыдық.
«Ұлы ақынға жан күйзелісімді бірінші жеткізген мен екенмін!»-деп мұңайып отырды. Мұқағали өзі қатарлы адамдармен тез тіл табысып, достасып кетіп жүрді. Бірде Қалжан Нұрмұқановты, бірде Қазығұмар Қундықовты ертіп келіп таныстырды. Бірі әдеби сыншы, жазушы, бірі қазақтың тұңғыш теәтр зерттеушісі еді.
Әнуәрбек Дұйсенбиевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді. Әнуәрбектің «қаһарман қорған»деген кітабы баспадан шыққанда, екеуі бізге келіп кітаптың шыққанын атап өтті.
Кетерде Әнуәрбек қолтаңба жазған кітәбін силады. Онда «Мұқашқа! Бір – бірімізді өзімдей түсінетін ұлы туысыма! Алтын құрдасыма! Іздейтін жалғыз баурыма! Ә.Дұйсенбиев»,-деп жазылған алтын қолдарының таңбасы тұр.
Өр кеуделі ардақты ақын, ол да қайтты дүниеден. Шәміл құрдасын да ұнататын. Араға бір екі жыл салып, үшеуі де кетті ол дүниеге!
Орыс жолдастары да болушы еді. Геннадии Круклияков, Сергей Киселев деген әрі жас, әрі талантты ақындар келіп жүрді. Үйде қолтаңба жазылған кітәптар бір кебеже.
Оқып отырсаң бірінен бірі өтеді. Ерекше бір сөз өнері көрмесіне кірген сияқты боласың. Оның ішінде Әндрей Вознссенски, украйна ақыны Е.Летёж те т.б бар.
Осы ақындардың бәрі де ақын жүрегінің дарқандығына, өлеңінің үнді, құдіреттілігіне, кеңдігіне, талантының биіктігіне, өзінің жеке басының адалдығына, азаматтығына бас иеді.
Мұқағали әсіресе, өзінен кейінгі сөз қадірін білетін, жаңа ғана қаламын ұштай бастаған жас ақындарды, студенттерді топ-тобымен ертіп келетін. Мен басқа ештеңе болмай қалса да арпадан, тарыдан, күріштен көже салып ашытып қоям.
Балалар да, Мұқағали да соны ішуге үйреніп кеткен. Менің уақытым болмаса, көжені өзі салып қояды. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп қатар-қатар отырғызып қояды да «мынау ашыған көже, атаңның асы ішіңдер!»-деп шетінен үлестіре бастайды.
Жасыратын жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығам. Оны Мұқаң есептемейді де, кек тұтпайды. Ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар есік жақта «қалай болар екен?» деп иіріліп, маған қарап тұрады.
«Ей, қыз талақтар! жоғары шығыңдар ! Жеңешең оттай береді, оған қарама!»- деп ашыған көжесін үлестіріп жатады, дарханым. Ол да бір қатты сағындыратын дәурен екен ғой!
Мұқағали жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса сүйейтін, қысылса көмектесетін, алдыңғы ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді.
Бүгінге дейін одақты сондай сүйетіндерді білмеймін. Жазушылар одағы есіне түссе …«одаққа барам!»-деп жазып отырған дүниесін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Өстіп «одағым, одағым !»деп өтті өмірден.
Мұқағали кірпігі әрең қимылдап ауруханада ақырғы сағаттарын күтіп жатты . Әбден арыған, сөйлеуге шамасы жоқ, сол қалпымен жатып ақырғы күшін жинап ақырғы рет тілге келді: «Лашын, тәкси әкел, одаққа барайық… балаларым жас еді… бітпеген жұмыстарым бар еді…»
– Сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне , қасірет көзіме жаңа көрініп тұр, көзім ештеңе көре алмайды, жас сорғалауда. «Мына сұмдықты, Мұқағалидың осындай халын көретін көзім, ештеңе көрмей соқыр боп қалсамшы!» деп тұрмын, айтуға тілім жетпейді.
Мұқағалидың айтқанын емдеуші дәрігерге айтқан едім: «сіздің есіңіз дұрыспа, мына халымен ауруды тәксимен алып жүрмек екенсіз ғой. Онан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз!»-дегені ашшы тілімен.
Жылы жүзімен дем береді деп сенген дәрігерім, мына сөзімен жүрегіме қанжарды бір-ақ салып, шала өлтіргендей болды. Сүмірейіп, есім бірде бар, бірде жоқ, үйге әрең жеттім.
Ертесінде тілі мүлде жоқ боп қалды да, түн ауғанда қиналып жатып қайтыс болды… Ол халықты қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді. Оған жырларына жазылып жатқан белгілі композиторлардың да, әсем әндері, қолына қалам алған ақындардың арнау өлеңдерді, суретшілердің жасап жатқан бірінен-бірі өтетін Мұқағали портреттері тағы басқа да дүниелері, бәрі-бәрі куә.
Олардың қай-қайсысы да халық сүйіспеншілгін білдірсе керек. Лауреаттықты «мықты ағалары» қимаса да ел- жұрты ыстық ықласына бөлеп шын бағасын, зор құрметін әлде қашан беріп те қойған. Мұқаң халқына піріндей сенді. Сондықтан:
«Әрине суық қайғы, суық қайғы,
Көңілін халқың бірақ суытпайды.
Егерде халық өзін ұмытпаса,
Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды.
Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,
Саған деген сағыныш басылмайды.
Табытыңды жасырса, жер жасырар,
Ал уақыт өзіңді жасырмайды!» – деп тірі күнінде ол өзінің «жан азасы» толғауында алтын әріппен жазып кеткен емеспе !
1989 ж. қаңтар -1990 ж. шілде
“Жерұйық” порталы
Нұрхан Хамзеұлы.