Әл-Фараби неге қайырымды қалада тұруды армандады?
Шығыс пен батысты мойындатқан ғұлама философ, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз», өз заманының ең мықты энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби туралы кезінде араб тарихшысы Захир ад-Дин әл-Байһақи: “Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер «Екінші ұстаз» деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александр Афродезейский және Әбу Насыр мен Әбу Әли ибн Сина” деп жазған болатын.
Осыншалық ілім жинап, әлемнің “екінші ұстазы” атанған әл-Фарабидің шыққан ортасы қандай еді, білімді қайдан алған, осылай қалыптасуына не әсер еткен еді? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.
Әл-Фараби біздің Отырарда туған ба?
Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, батыс пен шығысты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Отырардың ол кездегі аты Фараб болатын. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында.
Әл-Фарабидің есімімен байланысты туған қаласының Қазақстан аумағында екенін дәлелдеу оңай болған жоқ. Өйткені әлемде Фараб атты төрт қала бар екен. Ал әл-Фараби осы қалалардың кез келгенінен шыққан болуы мүмкін. Бұл туралы шығыстанушы ғалым Әшірбек Мүминовтың былай деп жазғаны бар: “Ауғанстаннан бір хат алғаным есімде, онда «Фараб атты төрт қала бар, сіздер неліктен әл-Фарабиді иемденіп алдыңыздар?» деп жазыпты. Соған мен жауап берген едім. Расында, Фараб атты төрт өлке, қаланың бары рас. Біріншісі – Ауғанстандағы Фәрйаб провинциясы, екіншісі – Түрікменстандағы Шарджой, тарихи аты – Фәрйаб, үшіншісі – Самарқан облысында Фараб деген қалашық бар. Төртіншісі – біздің Фараб. Фараб атауының араб тілінде жазылуына қарап-ақ, Ауғанстан мен Түрікменстандағы қалаларды сызып тастауға болады. Себебі оларда «е» әрпі бар, яғни атауы Фараб емес, Фәрйаб деп оқылады. Ал Самарқандағы ауыл Фарааб деп оқылады. Біздің Фарабтың жазылуы ғана ғұламаның ныспысының жазылуына дәлме-дәл сәйкес келеді. Оған қоса, араб ғалымдары еңбектерінде Фараби Түркістан өлкесіндегі, Сырдария жағасындағы Фараб өлкесінде туған деп анық жазылған. Сондықтан Фарабидің біздің бабамыз екеніне, Фараб өлкесінде, оның ішіндегі Весиж қалашығында туғанына еш күмән жоқ». Ғалым атап кеткен Весиж Фарабқа қарасты шағын қалашық болса керек.
Ал әл-Фараби туралы құнды дерек қалдырған географ-ғалым ибн Хаукал Сирияның сол кездегі атақты әмірі Сайф-ад-Дәула сарайында қызмет еткен. Әрі өзі әл-Фарабидің замандасы болатын. Ол Сыр өңіріне келгенде өзінің “Китаб Масалик уа мамалик” атты географиялық еңбегіне Түркістан аймағын сипаттап, картаға түсіріп, Отырарға арнайы тоқтап: “Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері”, — деп жазған.
Бір кездері араб та, парсы да болып кете жаздаған бабамызды осылай ортағасырлық тарихшылардың жазғандарының арқасында өзімізге қайтарып алған едік. Онда да бұл іске фарабитанушы ғалым Ақжан Машанидың сіңірген еңбегі көп. Ғалымның артында әл-Фараби туралы жазған 10 томдық еңбегі қалған.
Отырар қаласы Ислам дініне қалай өтті?
Бізге жеткен деректерде әл-Фараби дүние есігін ашардан 126 жыл бұрын түркілердің мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған делінеді. Солай гүлденіп, ғылым мен білім ерекше дамып жатқан Фарабтан небір мықты ғалымдар шыққан. Ол кезде көкірек көзі ашық әр мұсылман ғылыммен шұғылдануды өзіне парыз еткен.
Осыдан Ислам дінінің қазақ топырағына біз ойлағаннан әлдеқайда ертерек келгенін көреміз. Бұл пікірімізді шығыстанушы Әшірбек Мүминов келтірген мына бір дерек айқындай түседі: “751 жылы Атлах қаласы маңында Әбу Мүслим басқарған мұсылмандар мен Тан империясының әскерлері (қытайлардың) арасында шайқас болды. Бұл шайқаста мұсылмандар жеңіске жетіп, содан кейін қытайлар Орталық Азияға аяқ басқан емес. Шайқаста жергілікті түркі тайпалары мұсылмандар жағына өткен, түркілер ислам мәдениетін таңдаған. Яғни, кеңес ғалымдары айтпақшы, ислам Қазақстанға ХІХ ғасырда келмеген. Қазақстандағы исламның тарихын VІІІ ғасырдың ортасынан бастауымыз керек. Әбу Мүслим ұстанған идеология Фарабта да ықпалды болған”.
Яғни, әл-Фараби дүниеге келерден әлдеқайда бұрын Ислам діні Отырарға әбден орнығып, қанат жайған. Жергілікті халық ғылыми-мәдени салада араб тілін меңгере бастады. Әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін араб тілінде жазуы да сондықтан. Ежелгі Отырар, Фараб қаласынан әл-Фарабиден басқа да көптеген ғалымдар шыққан. Бірақ арасындағы атақтысы — әл-Фараби.
Әл—Фарабидің шын аты кім?
Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат Түрки. “Ат-Түрки” – тегінің түркі екенін, “әл-Фараби” – Фараб қаласынан шыққандығын білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны “Тархани” деп те атаған.
Әл-Фараби дәулетті отбасында дүниеге келген. Кей деректерде руының қаңлы-қыпшақ екені де айтылады. Ал әкесі әскербасы болған көрінеді. “Тархан” атауы да содан берілсе керек. Әскери отбасында дүниеге келген соң ба, әл-Фараби туралы еңбектерде оның ержүрек, батыр болғаны, жебені жақсы тартқаны, нысанаға дөп тиетіні айтылады. Соған қарағанда, әл-Фараби тек ғылым-біліммен айналысып қоймай, сол кездегі түркілерге тән соғыс өнерін де жақсы меңгерген болуы керек.
Әл-Фарабидің “Әбу Насыр” атануын ғалымдар екі себеппен байланыстырады. Бізге жеткен деректерде оның отбасы болған-болмағаны айтылмаған. Ал “әбу” сөзі “әкесі” дегенді білдіреді. Яғни, әл-Фарабидің Насыр деген ұлы болып, содан ғалым “Әбу Насыр” деген лақап атпен аталған болуы мүмкін. Ғалымдардың тағы бір тобы “әбу” сөзінің астарынан басқа мағына іздейді. Мұны арабтар құрмет ретінде қолданатынын айтады. Әшірбек Мүминов: “Әбуден басталатын есім – арабтарда қосымша, құрметтеуден туған есім. Ұстазды, құрметті адамды шығыста өзінің жеке атымен ешуақытта атамайды, құрметті есімімен атайды. Кейде тұңғыш баласының есімін қосып, болмаса ерекше белгісі мен қасиетіне орай берілген есімімен атайды. Насыр “жәрдем”деген мағына береді, яғни Әбу Насыр “жәрдемші”деген сөз. Ел басшысы, көбінесе, әскербасы болған, терең білімі болмаған. Фараби ел билеушінің қасында білімімен жәрдем ететін болған”, – дейді.
Әл—Фараби телегей теңіз білімді қайдан жинады?
Әл-Фараби дүниеге келген уақытта Отырар қаласы ғылым-біліммен гүлденіп тұрғанын айттық. Және сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің жазғандарына қарағанда, бұл қала тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Ал Отырардағы кітапхана кітабының саны жағынан Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейін екінші орында тұрған. Жергілікті халықтың өз қалыптасқан мәдениеті, түркітілдес жазуы болды.
Әл-Фараби негізгі білімді де, тәрбиені де өз Отанынан алды. Сауатын қала медреселерінің бірінен ашып, хат таныған болашақ ғалым, тіл үйренуге жақсылап ден қояды. Араб тарихшысы ибн Халликан оның 70-ке жуық тіл білгенін жазса, оны жоққа шығарып, “мүмкін емес” дейтін ғалымдар да кездеседі. Қалай айтсақ та, бала Мұхаммед Отырардың мол кітапхана қорынан өз бетінше сусындағаны анық.
Белгілі философ ғалым Әбдімәлік Бұхарбаев әл-Фараби білімінің қайнар көзі ретінде Құранды атайды: «Әл-Фараби тағылым алған дүниелер өте мол. Солардың бірі ежелгі «Авеста» мен Құранды атап өтпеуге бола ма?! Құранды көп адамдар айтпайды. Әл-Фарабидің рухани толысуына Құранның игі әсері көп болған. Кеңес дәуірінде әл-Фараби мұрасын аударғанда исламға қатысты жағын кесіп тастап, көбіне материалистік, атеистік жағына мән беріп, ислам руханияты, ислам мәдениеті мен антикалық мәдениетті синтездеу жағына ешқандай мән бермеген. Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек», — дейді.
Әл-Фараби білім іздеп, сол кездегі ғылым орталығы Бағдадқа жол тартқан. Бірақ қай жылы екені белгісіз. Жалпы, әл-Фараби өмірбаянында халыққа белгісіз тұстар өте көп. Себебі әл-Фараби туралы алғашқы мәліметтер ғұлама ғалым қайтысболғаннан кейін екі ғасырдан соң ғана жазылған. Ал ғалымның өз заманында жазылған кітаптарда әл-Фараби туралы мәлімет жоқ. Алғаш Захир ад-Дин әл-Байһақи (1169-1170 жыл қайтыс болған) “Татиммат сиван ал-хикма” деген кітабында әл-Фараби туралы айтады. Одан кейін сириялық ибн Әби Усайби‘а әл-Фараби туралы екінші болып жазады, одан кейін жазған – Ахмад ибн Халликан.
Осылай бізге жеткен деректерде болашақ ғалымның Бағдатқа12-16 жасында аттанғаны айтылады. Кейбіреулер Фараби елуге келгенде бірақ қоныс аударған дейді. Ғалымның Бағдадқа келу себебін іздесек, онда “Байт әл-Хакма” атты ғалымдар үйі және бай кітапхана болған. Екіншіден, сол кездері Бағдадты басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болыпты.
Әл-Фараби білімін негізінен Бағдадта толықтырады. Логиканы Әбу Бишр Матта ибн Юнустан, грамматиканы Әбу Бәкір ибн әс Сирадждан үйренеді. Әли Юхан ибн Хайланнан тәуіптік өнер (медицина) бойынша дәріс алған. Ибн Халликан әл-Фарабидің Бағдатқа келгенде көп тіл білгенімен, араб тілін сонда жетілдіргенін айтады. Ол түркі, араб, парсы, грек тілдерін жетік меңгерген. Сол тілдердің дамуына да үлес қосқан. Оның филология, поэтика, каллиграфия, риторика жөнінде жазған еңбектері, өлеңдері бар. Әл-Фараби математика, астрономияны да өте терең білген.
Өз бетінше де көп ізденген ғалым Аристотельдің, Платонның, өзге де философтардың еңбектерімен танысады. Тек танысып қоймай, оларға терең талдау жасап, өз көзқарасын да білдіреді. Бір аңызда оның Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет оқығаны айтылған.
Әл-Фараби өз заманының көрнекті ғалымдарымен де байланыс орнатып, пікір алмасып отырған. Қай жерде білімнің көзі бар десе, сонда барып, үйренуге тырысқан.
Нағыз мұсылманның сипатына ие — әл—Фараби
Әл-Фараби туралы толығырақ деректі араб тарихшысы, дәрігер-ғалым Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) береді. Ол: “Әбу Насыр біраз уақыт Бағдадта тұрғанымен, кейінірек Шамға (Сирияға) қоныс аударды, сонда ғұмыр кешіп, соңыра сол жерде шаһид болды. Өзі ақ көңіл, салиқалы, ойлы, жер үстінің уақ-түйек күйбеңін күйттемейтін, азға қанағат, барға тәуба қылған дана-тын. Ол медицина саласында, әсіресе бүйрек ауруының нағыз білгірі еді. Сайф ад-Дин Әбу-л-хасан Әли бин Әбу Әли әл-Амади бірде маған: “Әл-Фараби бірінші рет Димашық (Дамаск) бағының күзетшісі болған. Ол сонда отырып фәлсафамен айналысты. Таңертеңнен кешке дейін соған қарап шұқшиып отыратын. Осы пәннің мағынасының түсінуге қиын жерлерін ашты. Тіпті ол науқастанып жатып та, түн кездері болса да кітап оқитын, көңіл-күйін кітап оқумен аулаушы еді. Ал киндил (шам) таңға дейін жанып, оған түнгі сақшыдай қызмет ететін. Осылай күндер өте берді. Күндердің күнінде ол ұлы ғалым болды. Тамаша шығармаларымен жұрт назарын өзіне аударды. Оның жанында жүретін көптеген шәкірттері болды”, — деп жазды.
Ал Әбу Насыр алғаш қазы болғанда оның әділдігі сонша, кесіміне мойынсұнбайтын кісі болмапты. Ол нені айтса да анық, дәл білетін қырынан көрінеді екен.
Өзі бұл дүниеге қызықпаған, мансап қумаған. Замандастары оны: «Бойы орташадан төмен, үнемі түркі киімін киіп жүретін» деп сипаттайды. Ибн Халликан әл-Фараби туралы: «Ол дәптерге өте аз жазып, өз ойларын көбінесе жеке парақтарға түсіре беретін болған. Оның көптеген шығармаларының жоғалып кеткені осы бір жайтпен байланысты еді. Оның өз үйі болмаған, ол ешқашан да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад-Дәула оған қазынадан күн сайын төрт дирхам беріп тұруды бұйырған, өйткені әл-Фараби осы мөлшерді қанағат еткен», – деп жазыпты.
Ер мінезді, өр ғалым ешқашан сарай ақыны болмаған. Өзін әмірмен тең ұстаған. Өмірінің соңғы жылдарында жұрттан оқшау ғұмыр кешкен. Әрі өзі саяхатты жақсы көрген екен. Бағдадта 20 жыл тұрғаннан кейін Халебке келіп, кейін Димашыққа тұрақтайды. Оның атақ-даңқына қанық патшалар қандай да бір сыйақы ұсынса, алмаған. Қарапайым ғана киініп, барға қанағат еткен ғалым өзін үнемі жалғыз сезінген дейді деректер.
Әл—Фараби – дәрігер, ақын, философ, музыкант
Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы: “Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек”, — деген пікір айтқан. Расында ол энциклопедист ғалым еді. Жан-жақты білімімен қатар, медицинаны да жақсы меңгерген, бұл салада көлемді еңбектер жазған. “Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес», – деп адам ағзасы мүшелерінің қызметін де айқындап берген.
Фарабидің артында қалған ғылыми еңбектерінің санын неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А. Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ойшылдың көлемді трактаттары – «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы».
Ғұлама ойшыл философияға да, білім-ғылымға да көп үндеді. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді» деп адамның өз нәпсісімен күресі жетістікке жетуде өте маңызды екенін атап көрсетеді.
Ибн Халликан әл-Фарабидің ақын болғанын айтып, бірнеше өлеңдерін келтіреді.
Жан-жақты ғалымның музыкаға қосқан үлесі тіпті ерекше. Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер: “Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған”, — дейді. Бұл – жоғары баға.
Әл-Фарабидің музыка саласында жазған “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегі бар. 1200 беттен тұратын бұл кітаптың екі томын француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары түпнұсқадан француз тіліне аударды. Өкінішке қарай, бұл бізде осыдан екі жыл бұрын ғана Ж.Алтайдың жеке мұрағатынан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен «Әл-Фараби және еуропалық ренессанс дәуірі» атты дөңгелек үстелдің афишасы қолға алынып, Жалғас Сандыбаев тәржімалады. Қазір музыкада жеті нота болса, әл-Фарабидің музыканы математикалық цифрлар арқылы қағазға түсірген еңбегінде нота саны – 12. Сол бес нотаны әлі күнге ешкім тапқан жоқ. Әл-Фараби музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймаған, ол сондай-ақ тәжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнаған. Өзі “канун” деген музыкалық аспап ойлап тапқаны белгілі. Оның шебер орындаушы болғанын бізге жеткен аңыздар айтады. Онда әл-Фараби музыкада ойнағанда дала бір сәт күңіренсе, енді бірде құстар сайрап, жаймашуақ, көңілді сәт орнайды деседі. Ол ойлап тапқан аспап бүгінде қазақтың ұлттық аспабы домбыра көрінеді.
Ал философ-ғалым Әбдімәлік Бұхарбаев әл-Фарабидің қобызда да ойнағанын айтып: «Шын мәнінде Қорқыт атадан кейін әл-Фараби де қобызды дамытып, оның құлағында ойнаған, көп тілде сөйлеген ғұлама адам болған. Әл-Фараби – қазақ өркениетінің, музыка философиясының негізін қалаған үлкен ойшыл», — деп жазады.
Әл-Фараби ашқан жаңалық
Кей ілік іздеген батыс ғалымдары «Әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, тек грек ойшылдарының шығармаларын аударды» десті. Мұның жаңсақ пікір екенін шығыстанушы Әшірбек Мүминов: «Фараби Платон еңбегінде айтылатын «идеал қала» теориясын жетілдіріп, оны жүзеге асыруға талпынды. Бұл жаңалық емей немене? Ол кезде Сирияны Хамданидтер династиясы (905-1004 жж.) билеген, Фараби сол елдің әміршісі Сайф ад-Дәуланың (945-967 жж.) алдына барады. Сайф ад-Дәулаға барып, оған өз білімін көрсетеді, өзінің идеяларын жүзеге асырғысы келеді, сарайдағы ықпалды адамдардың бірі болады. Кейін Сайф ад-Дәула Фарабиден алыстай бастайды. Әл-Фараби өз ілімінің оған керек емесін біліп, басқа патшаның қарамағына өтпекші болады. Бұл кезде Солтүстік Африкада Фатимилер (909-1171 жж.) көтерілісі болып, олар өз мемлекетін құруға талпынып жатқан еді. Исмаилидтер идеологиясы Таяу Шығыс билеушілері арасына кең тараған болатын, бұл ілім бойынша мемлекетті біліммен, мәдениетпен, ақыл-оймен басқару керек деген түсінік болған. Сол ұғымдардың негізін салғандардың бірі әл-Фараби еді. Өзінің идеалды қала туралы ілімдерін жүзеге асыру үшін Фараби Димашықтан Солтүстік Африкаға жолға шығады. Ол әр тұлға бақытты болатын қоғамды аңсайды», – деп жеткізеді.
Қорқыт өмір бойы ажалды жеңетін күшті іздесе, әл-Фараби бақыттың кілтін іздеді. Бақытты қалада тұруды армандады. Ол ең соңында: «Бақытқа қолы жеткен адам үшін ең жарастысы – қанағатшылдық жасау», – деп бақытты қанағатпен ғана ұстап тұру мүмкін екенін айтты.
Әл-Фараби өз өлімімен өлген бе?
Еліміздегі фарабитанушы ғалымдар әл-Фарабидың 80 жасқа келгенде өмірмен қоштасқанын, өз ажалымен өмірден өткенін айтады. Алайда, әл-Байһақи жазбаларында Фарабидың кісі қолынан қаза тапқаны айтылады. Мысыр билеушісі әл-Фараби идеясынан қатты қорқады екен. Сондықтан оған қарақшыларды арнайы жіберіп, өлтірткен дейді: «Қарақшылар Фарабиді жолда тоқтатып өлтірді. Фараби қарақшыларға: «Атымды, киімімді, ақшамды ал, өзімді босат», – дейді Олар ештеңесін алмай, өзін өлтірді», – дейді. Егер Фарабиге шабуыл жасаған қарақшылар болса, ақша мен мүлікті алып жайына кететін еді ғой…
Солай сексеннен асқан шағында ұлы ғұлама Димашық қаласында мерт болады. Оның жерлеу рәсімінің қалай өткені туралы араб тарихшысы Ибн Әби Усайбиға: «Әбу Насыр 338/949 жылы Мысырға сапар шегіп, соңыра Димашыққа оралды да, 339/950 жылдың раджаб айында, халифа ар-Радидің 322-329/934-941 ж. патшалық құрып тұрған кезінде Сайф ад-Дәула Әли бин Хамданның қолында қайтыс болды. Сайф ад-Дәула өзіне жақын, арнайы он бес нөкерімен оның жаназасына келеді», – деп жазады. Ғалым әл-Фарабидың кіші қақпа жағындағы зиратқа жерленгенін де айтады.
Әл-Фарабидың қабірі қайда?
Әл-Фарабидың қабіріне Қазақстаннан алғаш барған да, бұл іске көпшілік қауымның назарын аударқан да – белгілі ғалым Ақжан Машани болатын. Оның фарабитануға қосқан үлесі орасан зор. Ақжан Машани 1968 жылы Сирия мен Ливанға шыққан туристік топ құрамында болады. Ол турады Машанидың өзі былай деп жазады: «Қаланың солтүстік-шығыс жақ бетіндегі бір биік қақпаның алдына келіп тоқтадық. Іздеген Баб-ас-Сағир – Кіші-қақпа осы. Алдында кішірек әдемі мешіт, оның бір жағында мрамор тастан жасалған жуынатын орындар. Мешіт ішінде кітапхана сияқты қаланған папкалар, кітаптар… Күзетшісі бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл ашықтау жерде жатқан жұпыны сұпы, сыртын цементпен сылаған. Басқа еш нәрсе жоқ. «Мұның әл-Фарабидікі екенін сіз қайдан білесіз? Ешбір белгі жазу жоқ қой?» – деп сұрадым күзетшіден. Оның айтуынша, белгі басында бұрын болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Одан кейін оны түзеткен кісі жоқ. «Айналасында тұрған мынау қабірлердің бәрінің де белгілері құлаған, бірақ сіз мұның әл-Фарабидікі екеніне шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі», – деді күзетші. Баб-ас-Сағир зираты белгілі адамдарға арналған династиялық жай көрінеді. Онда тек патшалар, пайғамбар нәсілдері, халифа нәсілдері, әмірлер немесе солардың ұстазы болған үлкен ғұламалар ғана қойылады екен. Сирия әмірі Сайф ад-Дәула әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Сол себепті ол кісі оны өз қолымен осы жерге қойдырған. Олай болмаған күнде мың жылдан бұрынғы жалпы зираттар жермен-жексен болып кеткен, онан табу мүмкін де емес. Баб-ас-Сағир бір кезде қаланың шетінде қоршау қақпада болған. Кейін қала өскен соң ол ортада қалып қойыпты. Сонан кейін оның айналасын темір шарбақпен қоршап, бұрынғы қалпында сақтаған».
Сапар соңында Дамаск қаласында қоштасу қонақасы беріледі. Сол жерде Ақжан Машани сөз алып, әлемге әйгілі ғалымның басында еш белгінің жоқ екенін сөз етеді. Сонда арабтар жағынан Дадуш есімді бір азамат алдағы уақытта әл-Фарабидің басына ескерткіш орнатуға уәдесін береді.
Кейін расымен де арабтар сөзінде тұрып, әл-Фарабидің басына ескерткіш орнатқан көрінеді…
Кішкентай ғана Түркістан топырағынан шығып, аты әлемге жайылған әл-Фарабидей бабамыздың толық тұлғасын әлі күнге дейін тани алмай отырғанымыз қандай өкінішті! Әл-Фараби біздің көгіміздегі жарық жұлдыз болуы, ұлттық идеологиямыз әл-Фарабимен жасалуы тиіс қой. Арыға бармай-ақ қояйын, іргелес жатқан Өзбекстанда, шығысымыздағы Моңғолияда болдым. Өзбек ағайындар Әмір Темірін жер-көкке сыйғызбайды, қайда барсаң Әмір-Темірмен байланысты орталықтар, музейлер, ескерткіштер алдыңнан шығады. Ал Моңғолия Шыңғысханмен бүкіл туризмін дамытып отыр. Моңғол халқының әр тасы Шыңғыс хан деп сөйлейді, даласы Шыңғыс ханның тарихын айтады, қаласы Шыңғыс ханның ескерткішіне толып тұр. Ал біз неге әл-Фарабиді сондай тұлғаға айналдырмаймыз? Әл-Фараби қандықол басқыншы емес, әлемге ілім-білімнің шуағын шашқан «екінші ұстаз» емес пе? Әл-Фараби халқына қайырымды қала идеясын жасап беріп, бақытты болуға шақырған ұлы ғұлама емес пе?
Марфуға ШАПИЯН