АЛА ҚОЙЛЫ ӘЛІМБАЙ

Әлім қарт атын тебіне түсіп алға озды. Астындағы шолақ торының жорғаға бергісіз жылдам жүрісіне желе жортып әзер ілескен серіктері екі жақ қапталдан үзеңгі қағыстыра қатарласып келеді. Екеуі де Әлім қарттың аузын бағып әңгіме күтеді. Ал, Әлім айтса бәрі қызық, әрі жол қысқарады.
Әлім қарт ақ шалған шоқша сақалып сипай сауып тағы біраз үнсіз отырды. Біргелкі сырғытып отыратын кәнігі жүрдек атының жайлы жүрісіне масаттанғандай үзеңгіні шірей керіп рахаттана созылып белін жазды да қонышынан мүйіз шақшасын шығарып құранда ердің басына қағып, қағып қойды. Әңгіме тыңдағысы келген жол серіктерін ынтықтыра түсейін дей ме жоқ ойын жинақтап айтар сөзін сараптап алайын дегені ме, әйтуір асығатын емес. Енді бір сәлдесін басында қой тастар қаруытқан биік төбенің тұсынан өте бере атының басын ірке тартып оң аяғын үзеңгіден шығарып бетін сипады. Әлімнің әрекетіннен бұл төбеде мола барын түсінген серіктері де қарттың жасағанын қайталап оң аяқтарын үзеңгіден алып күбірлей беттерін сипасты.
— Ескі қорым ғой, -деп қойды енді серіктеріне бұрылып. -Бұл маңай менің байырғы мекенім. Ертеректе осы төбенің шетіне бір жабағымды өз қолыммен жерлегенім бар. Қайран жануардың бағы жанбай кетті ғой -деп, тағы тоқтады қария. Бұл Әлім айтар әңгіменің алғы сөзі екенін түсінген екі серігі аттарын тебіне шоқытып қарияның қос қапталынан қатарласа жақындай берді.
— Көке -ау, адамша жерлейтіндей ол жабағыңыздың қандай қасиет бар еді -деп алғашқы сұрақтарын да қойып үлгерді.
— Осы сендер «буынсыз жүйрік» дегенді естулерің бар ма? деп екеуіне қарсы сұрақ қойды, қария.
Серіктерінің бірі «жоқ» десе, екіншісі, «естуім бар, бірақ көзбен көрмедім — десті.
— Қазақта, «Тұлпардың аяғы талмайды, белі талады, сұңқардың қанаты талмайды мойны талады» деген бар. Ал, аяғы да, белі де талмайтын жүйрікті нағыз буынсыз жүйрік екен деп айтады. Міне, мен сол буынсызды көзбен көріп, қолмен ұстаған адаммын. Бірақ бұйырмаған бәрібір болмайды екен, жабағыдан тайға шығар тұсында қасқырға алдырып қапыда айырылып қалдым -деп, Әлім қария одан әрі іркілмей әңгімесін бастап кетті.
— Ол уақыттар қылшылдаған жас күнім. Әкем марқұм үйлендіріп, үй тігіп жұрт қатарлы еншімді беріп бөлек шығарды. Отау үй болып бөлек шыққанда еншіме тигені жылқыдан бір бие, аша түяқтыдан алғаным бір бұзаулы сиыр мен бес ешкі, бес қой болды. Содан жалғыз биеге салар айғырым, астыма мінер атым жоқ бес ешкімді айдап, өзен жағалап, тау сағалап әйтуір күнелтіп жүрдім. Үрерге иті жоқ, сығарға биті жоқ көшке ермейтін «жатақ» атанып Қаратудың бір қойнауында өмір сүріп жаттым. Кәсібім қақпан құрып, аң аулау. Қонысыма жақын маңда қасқырдың апаны бар. Сол апанды екі қасқыр мекендейтін. Жайлаудан ел көшкенде маған қоңсы атаулыдан қалатын осы екі қасқыр. Өздері көзге де көп түсе бермейді, малыма да зияны тиген емес. Оларға менде тимеймін. Қайта үйден шыққан сүйек- саяқты, аңның тері-терсегін соларға апарып беріп жүрдім. Кейде аңннан олжалы қайтсам қызыл еттен де бір кесіп тастап кетемін. Бар ойым, мен жоқта азын аулақ малыма зиянын тигізбесе болды, деймін. Қасқыр қоңсымен осылай өз ара сыйласып, түсінісіп жүріп жаттық. Арада екі жаз, екі қыс өтіп мен екі балалы болдым, қоңсым да қос бөлтірік ерткен. Сол жылы ерте көктемде менің қорамда бір ала қозы пайда болды. Мен таңмын. Ел қыстаудан әлі қайта қойғамаған, тау ішінде жалғыз үймін, ала қозы қайдан жүр?, деймін. Қозыны ұстап абайлап қарасам жүні ит талағандай ұйпа-тұйпасы шыққан, өзі аяғыннан әрең тұр. Әрі ойлап, бері ойлап ақыры бұл не де болса құдайы қоңсым әкелген қозы болар деп топшыладым. Бөлтіріктеріне тимей, сүйек- саяқ тастағаныма жасаған қайырымы шығар — деп, ақыры ала қозыны асырап алдым.
Уақыт өте берді. Құдайдың құдіреті шексіз ғой, қасқыр қоңсым әкелген ала қозы маған құт болып келді. Алдымдағы мал басы көбейіп өсе берді, өсе берді. Бас аяғы он жылдың шамасында орта шаруадан асып мен де ауқаттылардың қатарына қосылып қалдым. Ел қатары малдың жайын күйттеп қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп, «кедей, жатақ» атанудан құтылдым. Жүйткіген жүйрік мініп, үйірлеп жылқы айдадым. Жиған малымның жартысы баяғы ала қозының тұқымы болғасын ел аузында «Ала қойлы Әлімбай» атандым. Қонақта күтемін, қоннаққа да барамын, тамыр-таныс көбейіп күннен күнге мәртебем арта берді. Бір күні үйіме жолаушылап қонақ келіп түсті. Сұраса келе білгенім Сырдың бойын жайлаған бай қазақтың бірі екен. Мені сырттай есітіп арнайы іздеп келіпті. Келген қонақты қой сойып күттім. Қызықтың басы осыдан басталды. Қызық болғанда былай:
— Сенің қалай «Ала қойлы Әлімбай» атанғаныңды білемін -деді, қонақ. -Білгендіктен арнайы іздеп келдім. Сені былайғы жұрт «Қасқырбай» деп те атайды. Бірақ сені байытқан сол ала қозы түбі менің малым!, -деп төтесінен бірақ қойсын. Күнгейлік қонақтың тосын сөзіне таңырқап, әрі абдырап қалған мен,
— Ала қозы сенің малың екенін қалай дәлелдейсің -деймін ғой.
— Дәлелдеймін, -деді қонақ. -Сенің бүгін маған арнап сойған қойың ала қойдың тұқымы. Сол қойдың жауырын сүйегін алып кел. Жауырынды күн көзіне тосып қараймыз, егер жауырыннан бармақтай қара дақ көрінсе мал менікі -деді. Жиналған жұртқа қызық керек, дереу жауырынды алып күн көзіне көлегейлеп қарай бастадық. Қонағым айтқандай жауырынның жұқа қанатынан бармақтай қара дақ байқалды. Кезек кезек қараймыз, көретініміз сол бармақтай қара дақ. Ақыры қонағыма тәнті болмасқа амалым қалмады. Бірақ, қырсыққанда сол түні жылқыға қасқыр шауып әне міне туғалы жүрген боз биені жарып кетіпті. Дер кезінде жылқышылар араласып қарыны ақтарылған биені бауыздап, құлынын тірі күйінде үйге алып келді. Мен тағы да аң таңмын. Қасқырмен дос болып мал басын көбейткенім болмаса өмірімде қасқырға мал алдырған адам емеспін. Бұл қалай болғаны? Әлде қонағым құтымды қашырғалы келді ме? Құтты қонақ болса қойым егіз туар еді… Бұл істе қонағым тағы да көрегендік танытты. Өзі де тегін адам емес екен, ойымды оқып қойғандай,
— Әй, Әлімбай -деп бастады әңгімесін. Сен меннен текке күдіктенбе. Саған кеткен бір ала қозыдан менің дәулетім ортайып қалған жоқ, Құдайға шүкір. Мен сеннен мал даулап келгенім жоқ, соны білгейсің. Мұнда басқа бір гәп бар сияқты -деді. -Сен талай жыл қасқырмен қоңсы тұрдың, тату болдың, малыңа мал қосылып бай болдың. Енді келіп жылқыңды жарып кетсе бұл тегін емес. Атам қазақтан айтылып келе жатқан әңгіме бар, «Бөрі шын жүйрікті биенің ішінде жатқаннан таниды да болашақ тұлпардың тұяғын жерге тигізбей өлтіреді» деген. Тұлпар туса адымын аштырмай жон арқасын бұзау тіс қамышы тілгілейтінін біледі олар. Ал сен қанша жерден қасқырға сенгеніңмен бөрі қашанда бөрілігін жасайды. Дәу де болса осы боз биенің құлыны сол буынсыз тұлпардың өзі болар тексеріп көрейік, -десін. Мені таң қалдырудан жалықпаған қонағым тегін адам болмады. Күн шуақта шаранасы шала кеуіп тәлтірекетеп тұрған құлынның қасына барды да бел омырқасын бармағымен басып, басып көріп басын шайқады. Не айтар екен деп есім кетіп, аузына қарап мен тұрмын. Қонақ құлынның белін тағы сипады, бас бармағын батыра тағы басты, тағы басын шайқады. Сөйтті де, -Нағыз тұлпар екен, бел омыртқасында буын жоқ, былқылдап тұр -десін.
— Ойбай, буыны қатпаған құлының белі былқылдамай қайтеді енді?, -деймін мен.
— Өзің ұстап көр, -деді қонақ. -Сенбесең басқа құлындармен салыстыр. Белін басып көрсең шоқтықтан құйымшаққа дейін ұзын омыртқаның қабырғамен қабысқан тұсы тұтас шеміршек, былқылдап тұр. Ал, сипағанда қыр арқасы бір тегіс, буыны жоқ, -деді.
Мұны естіген менде ес қалмады.
Мұндайды бұрын кім көріп, кім білген дейсің. Сонымен қойшы әйтеуір, қонағымды тағы бір күн қондырып, өзіне ризашылығымды білдіріп, астына ат, үстіне шапанын жауып күнгейіне шығарып салдым. Жетім құлынды жаңа туған биеге теліп, ел көзінен тасалап асырай бердім. Бірақ бар ғұмыры бір қар басып үлгеруге ғана жетті. Өзіне арнайылап киіз үй тігіп, қараулдап жүріп бақсамда ақыры қасқырға алдырып алдым. Аңдыған қасқыр киіз үйдің іргесін қазып кірген екен. Сертіне берік бөрілер екен ақыры дегеніне жетіп тынды. «Қап!» деп сан соғып мен қалдым. Жануар боз биеден тусада шымқай торы, тұрқы бөлек құлын еді бағы жанбай кетті, қайтейін. Тірі болғанда сөзсіз қазақ даласын дүбірлеткен тұлпар болар еді. Менің бар қолымнан келгені торы құлынның сүйегін адамша жерлеу ғана болды. Осы өздерің көрген ескі қорымның етегіне таман апарып көмдім. Көмерде пендешілікпен қызығушылығым артып қыр арқасын бәкімен тіліп, терісін реп, реп жібергенде «о, тоба», деп жағамды ұстадым. Күнгейлік қонақтың айтқаны дәл екен. Буын жоқ! Тұтас ақ шеміршек секілді бірдеме. Одан ары тілгілей беруге де дәтім бармады. Топырақпен жауып басына біраз тас үйіп кері қайттым. Тақымыма тиіп үлгермеген тұлпарға ішім удай ашығанмен амал нешік, қалған малдың қайырын берсін деп іштей ойлап қасқыларға кек сақтамадым. Қайта ырзық, несібемді осылардан таптым ғой деп бір қойды өңгеріп қасқырдың апанына бардым. Бірақ олардың әлде қашан ізін суытқаны бірден байқалды. Апанның аузын өрмекші торлап тастапты. Жер ауып кеткен болар деп топшыладым. Арамыз алты айға жуық аңдысумен өткесін адамзаттан енді жақсылық болмас деген болар. Қайтсін енді. Талай жылғы ескі қоңсымен осылай кетісіп тындым. Қасқырлар кеткесін көп өтпей бұл өңірден де береке кетті. Сәбет үкіметі орнап, бай біткенді қудалап, оның ақыры атақты «Ақырбайдың баласы аштан өлген заман» болды. Мені алғашқыда орта шаруаға жатқызып малыңа тимейміз деген. Бірақ өз туыстарым қайта, қайта арыз жазып ақыры малымды алып, өзімді жер аударып тынды. Сол баяғы бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын ағайынның ісі да. Ағайыннан көңілім қалып кеткен соң ба қайдам, жат жерде жүрген жылдарымда туысты емес ескі қоңсым екі қасқырды көбірек ойлайтынмын. Тағы болса да соларға деген сағынышым кеудемді кернеп тұратын. Неге кетті екен?, деймін кейде.Тас тұяғы от шашқан тұлпардан құтылғанмен, туған жерден ауа көшудің азабын татпады деймісің, жазғандар..
Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ.