Алас, алас…
Күллі әлемді уысында ұстаған,
Мынау індет әзәзілге ұқсаған…
Жан қалды ма, оның демін құшпаған,
Үміт кеміп, ес-үрейі ұшпаған?!
Дүниені дүрліктірді бұ кесел,
Қауқар бар ма, бұ дертпенен күресер?!
Мұндай жағдай бұрын-соңды болған ба,
Қалай, қайтіп, жұбатушы ед, жүдесе Ел?
Ей, көк аспан, Көк Тәңірі, Дала кең,
Қалай, қайтіп, Ел дертіне табам, ем?!
Ұшықтасам қайтер екен,
Я, Әруақ!
Тәуекел деп тылсыми бір санамен???
Уа, Тәңірім, жаратылыс Иесі,
Сүрінгенді, құлағанды сүйеші.
Жалынамын, жалбарынам, Тәу етіп,
Жебей көрші, Тәу, Тәу, Қазақ Киесі…
Алас індет, Қазағымнан аласта,
Алас ібіліс, Әруақпен таласпа,
Алас, алас, Жер бетінен құрып кет,
Енді қайтып, Адамзатқа жанаспа!!!
Сұлухан Мыңбай