Алаш ардақтысының аты өлмейді!

Ахмет Байтұрсынұлы – көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы. Байтұрсынұлына деген құрмет – қазақ руханиятына жасалған құрмет. Қалың елі қазағын ояту үшін соңғы демі таусылғанша еңбек еткен қоғам және мемлекет қайраткерінің өмір жолынан кейінгі буын жастар да хабардар болуы тиіс. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ұлт ұстазы және тіл білімі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысынан біз осыны аңғардық.

Конференцияны облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова ашып, ұлт ұстазының кемеңгер болмысына тоқталды.

Әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова тарихи дара тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы салған әдеби жол туралы, оның ілгерінді идеясы мен бастамашыл көзқарастары туралы толғанды.

Мұнан соң Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алмасбек Белботаев сөйлеп, ұлт ұстазының тіл мен әдебиетті зерттеудегі тынымсыз еңбегіне тоқталды. Ол: «Ахаң қазақ тілінде әліппе жазып, тіл білімінің негізін қалады. Араб жазуының қазақ тіліне икемделген нұсқасын әзірледі. Байтұрсынұлының жасаған реформасы – өміршең. Ол қазақ тілінің дыбыс үндестігіне сүйене отырып, ғылыми түрде жазылған. Ахаң жасап кеткен нұсқа, сөз таптары мен терминдер әлі күнге дейін құнын жоймай сақталып келеді. Ұлт ұстазының тереңдігі, өз халқына деген жанашырлығы осы тұста жарқырап көрінеді», дей келе, 1984 жылы қазақ әліпбиімен жарық көрген «Біздің Отан» газетінің бір данасын көпшілікке көрсетіп, сол нөмірде өзінің де мақаласы бар екенін айтты.

Мұнан соң сөз алған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ғалия Шәлібекова ұлы ғалымның қазақ тілінде баламасы жоқ сөздер тапқанын, қазақ терминологиясының негізін қалағанын айтты. Сондай-ақ, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының «Ана тілі» атты өлеңін оқып берді. Жиында Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы гимназиясының мұғалімі Рәткүл Сыздықова да тіл мәселесіне терең бойласа, Қордай аудандық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Алтынай Әшімхан әлемдегі ең үздік көркем тілдердің қатарына қазақ тілін қосуға болатынын, осы жолда Ахмет Байтұрсынұлы атқарған еңбектің орасан екенін айтты.

Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №2 орта мектептің мұғалімі Жангелді Ақылбекұлы да өз ойын білдірді. Жиынды Гүлхан Мұхтарқызы қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті