Алаш мұрасының адал шырақшысы

Тарихшының міндеті объективті шындықты анықтау десек, асыра мақтау мен негізсіз даттау көбейген мына заманда тарихи шындықты мүмкін болғанша тамыршыдай тап басып аршитын ғалым да, тұлға да аз.

Сол аз ғалым, аз тұлғаның бірі – тарихшы ретінде қоғамда өз орнын мықтап иемденген Мәмбет Қойгелді десек, ешкім дауласпайтыны анық. Бәлкім, осы уақытқа дейін билік, ғалымдар тарапы шынайы бағасын бере алмай жүрген шығар, бірақ қоғам бұл кісіні биік тұлға ретінде әлдеқашан мойындаған. Өте белсенді. Түрлі қоғамдық мінберлерде, телестудияларда журналистер алдымен осы кісіні сөйлетеді. Пікірін батыл айтатын, өз тарихымызды қорытуды өзіміз қолға алсақ деп, тарихи шындықтың ашылуына барынша үлес қосып жүрген аз азаматтың бірі.

Ауыздан шыққан әр сөзі қо­ғамдық пікір қалыптастырады. Олай болса, ғалым еңбегін қалай бағаласақ та жарасады. Кезінде Мәмбет аға ҰҚК-нің мұрағат­тарымен жұмыс істеп, репрессияға байланысты іргелі зерттеу жұ­мыстарын жүргізгенде, әлі де шындық айтылмаған, қоғамға жетпеген тұстардың көп екенін анықтап, халыққа ойын ашық жеткізді. Оның бәрін жарыққа шығаруға әлі де дайын емес екенімізді қынжыла айтып, тас бөгесінді қақырата бұзуға ба­рынша қайрат көрсетіп жүргенін көзіқарақты жандар жақсы біледі. «Тарихи шындықты білген халық – ол алғыр, мықты халық. Ол өзіне-өзі сенімді халық. Ал тарихи шындықты білмеген халық жал­тақ әрі қорқақ болады. Біз хал­қымызды білімді, интеллек­туалды, ақылды, өз мүддесін қорғай алатын халық тұрғысынан көргіміз келсе, оған тарихи шындықты білуге және меңгеруге әрі өз қажетіне жаратуға қолдау көрсетуіміз қажет» деуден танбай келе жатқан табанды тұлға.

Мәмбет Құлжабайұлы – ұлт­тық идеологияны қалыптастыруда ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген абзал ғалым. Ұлттық идеология қалыптасты­рудың бірден-бір жолы ретінде өткен тарихымызды, шынайы тарихымызды, оның ішінде Алаш мұрасын танытуға, осылайша Қазақстанның шынайы тарихын жазуға үлкен күш жұмсап келеді. Мәмбет аға – мектеп оқушыла­рына арналған тарих оқулығы авторларының бірі. Оқулық жазу оп-оңай нәрсе емес. Біреу білер, біреу білмес, Кеңестер одағы кезінде қазақ тарихы 4 рет қайта жазылған екен. Ал бізге шынайы тарих не үшін керек? Бұл ұлтты біріктіріп, ұлттық мүдде-мақсат­тарды анықтап, соған ұлттың күш-жігерін жұмылдыру үшін керек! Ал оқулық жақсы жазылу, шығу үшін ұлт тарихындағы өзекті мәселенің бәрі егжей-тег­жейлі зерттелуі керек.

«Кейбіреулер «Тарихшыларға аштықты қорыту үшін тағы 20-30 жыл керек екен» деп айтыпты. Бұлай айта салу – оңай. Оны істеу керек. Мәселен, ашаршылық ту­ралы мемлекеттік тапсырыс болған жоқ. Бәріміз трагедия деп айқайлап жатырмыз. Саяси реп­рес­сияға да солай. Тек өз еркімен зерттеушілердің еңбектерін ғана пайдаланып келеміз. Олардың өзіне көп жағдайда архивтік құ­жаттар берілмейді. Сондықтан билік пен тарихшылардың ара­сында өзара түсіністік, үйлестік болу керек. Байланыс орнау қажет. Сонда ғана іргелі тарих ке­леді өмірге. Соны білмей жатып, «Тарихшылар неге жазбайды? Неге жұмыс істемейді?» деу бекер айқай. Тағы бір нәрсе – іргелі тарих жазу үшін тек қазақ тілінде майын тамызып сөйлеу аз. «Пат­риотпын», «ұлтымды сүйемін» деп айқайлау түкке тұрмайды. Бұл – жалаңтөс батырлық. Ал іргелі тарих жазу үшін үлкен теориялық, методологиялық дайындық ке­рек. Сондықтан жағдайымыз ала-құла. Оған түсіністікпен қарау қажет» дейді ол.

Зиялы топ деген кімдер, олар­дың қатарына кімдер жатқы­зылады дегенде, ауызға алдымен ілігетін күрескер жанның бірі – осы Мәмбет аға.

Халықтың жадын, санасын тарихи тұрғыдан ояту жолында үнсіз жүріп-ақ қыруар жұмыстар атқарды. Атақты қаржыгер Джон Ло деген кісіден: «Ұлы Француз революциясын қалай бағалай­сыз», – деп сұрағанда ол: «Оны бағалау үшін әлі арада уақыт өту керек…» деген екен. Сол айтқан­дай ғалымның қазіргі атқарып жатқан ісін дәл бағалау үшін оған белгілі бір уақыт өту керек шығар.

Мәмбет аға Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтын басқарып тұрған жылдары көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тари­хының жаңа бес томдық жинағын дайындау жұмыстарын бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру бойын­ша атқарылған жобалар арқылы жарық көрген ғылыми еңбектер Мәмбет Құлжабайұлының ұсы­ныс­тары мен тұжырымдары негізінде іске асты.

Алаш мұрасына адал ғалым оны халыққа танытуда барынша қайрат көрсетіп келеді. Алаш тәжірибесінен үйренуіміз керек дейді. Алаш тәжірибесі дегеніміз не? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол – ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құнды­лықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салы­сымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды.

Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әле­кең, Әлихан Бөкейханов айт­қандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез келген бо­лашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қа­зақ­стан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде ба­ға­лануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демо­кратиялық принциптерге сүйен­ген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенді­лігіне тәуелді екендігін ұмыт­пағанымыз жөн. Бүгінде нарық­тық экономикаға бойлап келген халыққа әлеуметшіл, қазақтың, қазақстандықтардың барлық әлеуметтік топтарының жағдайын бірдей ойлайтын билік керек.

Екіншіден, кез келген мемле­кеттің тірегі – белгілі бір ұлт, барлық мемлекет осы жолмен қалыптас­қан. Бізде де сондай. Бүгінде халықаралық деңгейде кең таныла бастаған Қазақстан аталатын мемлекетке де өз атын берген де, сондай-ақ оның хал­қының басым көпшілігін құрап отырған да –   қазақ, яғни Алаш халқы. Мұндай шындықты айту ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылданған заман да болды. Енді міне, жаңа заманда қазақтың жоғын айтуды ұлтшылдықтың, солшыл радика­лизмнің көрінісі ретінде түсін­дірудің қисыны жоқ.
Мемлекет халқының басым көпшілігі болғандықтан, қазақ­тың қордаланып қалған мәсе­лелері де аз емес. Ал оларды атап айту, олар­ға билік орындарының наза­рын аудару – бұл жергілікті жұртқа артықшылықтар талап ету емес. Ортақ мемлекеттік жүйеде қазақ халқының түрлі талап-тілектері өз уағына және заман талабына сай деңгейде шешілсе болғаны. Алаш зиялыларынан бізге жеткен аманат та осы болса керек. Халықтың өткен өмірі жал­пықоғамдық мәні бар тә­жірибе ретінде қорытылып, бел­гілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айна­лады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Егер біз Алаш қозға­лысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік.

Бізге бүгін жалпыұлттық дең­гейде қорытылып жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы – сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жа­лын тартып мінгенде, бойына күш-қуат және сенім берген – ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни террито­рия ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Ғалым осылай дейді.

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толса, сол тәуелсіздік жо­лында күрескен ХХ ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы мәселелері, оның ішінде Алаш қозғалысы, ұлттық интеллигенция мәселелерімен айналысатын ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірегейі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Ғылым акаде­миясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының Президенті, Халықаралық Сократ сыйлы­ғының иегері, Вена халықаралық қатынастар университетінің құр­метті профессоры Мәмбет Құл­жабайұлы Қойгелдиев ме­рейлі 70 жасқа толып отыр.

Тәуелсіз ел ретінде болашағы­мыз баянды болу үшін ұлттық мүдде барынша өркен жаюы тиіс десек, сол жолда атқарылар маңыз­ды шаруаларға сөзімен де, ісімен де ерен еңбек сіңіріп келе жатқан Мәмбет ағаның әлі де қайратын еселей түсуіне «Айқын» газеті оқырмандарының атынан тілектестік білдіреміз.

Ақтан ҚОҢЫР

Айқын-ақпарат