Алаш рухын асқақтатқан батыр
Алаштың арда ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы ақиқат пен аңыз көп. Көз көргендердің өзі аумалы-төкпелі күзгі бұлттай Баукеңнің мінезі туралы әртүрлі жазды. Бірақ ешқайсысының даттауға тілі бармады. Себебі батыр атамыз ақылды «тентек» еді. Оның көзсіз батыр екенін кеңес үкіметіде жақсы білді. Кей кездері батырмен санастыда. Алайда Баукең еліп ете қалмайтын мінезімен даралана берді. «Тура биде туған жоқ» принципін өле өлгенше ұстанып өткенін замандастары жыр қылып жазды. Ол пендешіліктен ада мінездің адамы болды. Бас бұзар тентек емес, ақ пен қараны ажыратып айта білгенімен ерекшеленді. Бұйығы қоғамды бұйдалап ұстаған кеңес билігіне қазақ баласының тарпаңдығы ұнамағаны рас. Ноқтаға басын имегені, аядауына жүрмегені болатын. Ондай мінез кімге ұнасын. Әйтпесе батырдың бір емеуіріні ақ кеңес билігін жалт қаратуға жететін еді. Қазақтың бағына туған ұлдың тағдыры күреске толы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Тоталитарлық жүйеде тіршілік кешседе көңіліндегі көрікті ойын бүкпесіз айтқанына кәрі тарих куә. Қан майданда толарсағынан қан кешіп жүргеніне қарамай қазақ тілінің келешегіне алаңдап, Қазақстандағы басшыларға хат жазуының өзі ерлік емес пе? Баукеңнің сол хаты әлі күнге маңыздылығын жоймай келеді. Сонда көтерілген өзекті мәселелер әлі күнге нақты шешімін тапқан жоқ. Кей азаматтарымыз әлі күнге «ев», «ин», «овты» «шешіп» тастауға мойны жар бермей жүргенде, қылышынан қан тамған кеңестік заманда «ұлы»болып жазылып, қазақтығын қасқайып танытқанда Момышұлы болатын. Ал Алаш арыстары туралы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана үніміз жарқын шыға бастағаны жасырын емес. Ал Бауыржан атамыз алаш қайраткерлері жайлы 50 жылдардың өзінде-ақ сөз ете бастапты деп еститінбіз. Жақында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында шыққан, көп томдық шығармалар жинағының 9-10 томын оқып шығып бұған әбден көзім жеткендей болды. Бұл екі кітапқа «Айтылмаған ақиқат» деген атау беріліпті . Кітаптың өн бойынан сол заманның «исі аңқиды» демесең, Баукеңнің кесек ойлары, ішкі тебіреністері, қазақ зиялылары туралы пайымдары, алаш арыстарына деген көзқарасы тайға таңба басқандай шынайы жазылған. Әрине ол заманда бұлардың баспа бетін көрмейтінін білгендіктен, батыр атамыз түптің түбінде білсін деп жүрек жарды ойларын ұрпағына аманат етіп қалдырғандай әсерге бөлейді. Жалпы Баукеңнің шығармаларын оқып отырып азамат болып қалыптасуына алаш ұлдарының дүние танымдары қатты әсер еткенін аңғарасыз. Оған келтірер дәлелдер мен дәйектерде жетерлік. 9 томның 98 бетінде Баукең былай деп жазады. «Бүгін маған16.00-де Ільяс Омаров пен профессор Темир Даркамбаев келді. Разговор общий. Профессор сообщил, ято Каныш Сатпаев снова станет президентом Академии наук, что Аскар Закарин на днях приедет на соовещание, что Ахмету Жубанову вернули партбилет. Мен оларға бұрын кеткендердің істерін қайта қарап, ағын ақ, қарасын қара ететін мезгіл жеткенін айта келе аңғартқаным- Алашорданыда ақтара тексеру керек. Олардың кейбіреулері ғылыми еңбектерде істеген. Соларды аршып алу керек. Бейімбет, Сәкен, Ільяс т.б халық жауы болғанына күмәндімін, солардың істерін қайта қарап, егер ақталса, олардың бірнеше шығармалары әдебиет байлығына қайтадан қосылған болар еді дегенді айттым. Қазақ тарихындағы бір үлкен асқар бел-Алашорданың құрылғанынан бастап, оның құрығанына дейін. Ең үлкен саяси айтыс пен тартыс сол дәуірде болған еді. Сол дәуірдің адамдарына (қасы бар, дұспаны бар) әділ, ғылыми билік айта жазылған еңбектер әлі жоқ. Сол тақырып- өте үлкен тақырып екенін айттым. Мұхтар мен Сәбит екеуіде ол дәуірді әділ жаза алмайды. Оған біреуінің ерлігі, бірінің адалдығы жетпейді. Екеуіде жалтақтайды…» деп көп нүкте қойып ойын жинақтайды. Көріп отырғандарыңыздай Баукең алаш ұлдарына бүйрегінің бұрып тұратынын бұдан басқа тағы бірнеше жерде айтып өтеді. Кітаптың 92 бетіндегі Сәбит Мұқановпен болған әңгімесінен үзінді келтірейік. «–Ал, енді қазақтағы бірінші классик кім екенін білесіз бе?
-Енді Бұқар, Абай.. – деп санай бастады ол. (Сәбит Мұқанов)
-Жоқ. Бірінші классик Ахмет Байтұрсынов. Тіпті, Мағжанның өзі осыған қол берген,-дедім. Екінші ақын кім , соны айтыңыз?
-Мағжан,-деді.
-Үшінші ақын кім?,-дедім.-
-Бейімбет,-деді ол.
-Дұрыс емес,-деп тастадым.
-Қазақтың поэзиясында Мағжаннан соңғы ақын Жүсіпбек Аймауытов. Ол кісінің «Тән жүйесі, жан жүйесі» деген кітабын оқығандардың бірімін. Жүсіпбек-философ, психолог, ұлы педогог, ақын кісі болған. Оған документальный дәлелім бар. Ол кісі қазақтың бірінші гимнінің авторы.
-Арғы атам ер түрік,
Біз-қазақ еліміз,
Сары арқа сайран көл, жеріміз, – дегеннің авторы Жүсіпбек деп тастадым.
-Әй, әй, Бауыржан, – деп ол ашулана бастады». Осы диологтың аяғында Міржақып Дулатов туралы жақсы пікірінде айтып өтеді Баукең. Бұдан бөлек Баукеңнің мені қатты таңдандырғаны ойын ақ қағазға бүкпей түсіруі. «Майданда жүргенде Мұхтар Әуезов маған сегіз хат жазды. Бірақта ол хаттарын кейіннен «ұлтшыл Бауыржанның» кесапатынан қорқып, менің академиядағы архивымнан өзі ұрлап алып жойды. Оны мен ол кісіге еш уақытта кешірмеймін» деп бізге белгісіз бір сырдың ішетін шығарады. Онымен қоймай «қазақтың ұлы перзенті» (Мұхтар Әуезов жайлы) тарауында былай дейді. «Я очень не доволен. М. Әуезовтың «Абайы»- ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білемін. Құнанбай- ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Мен бұл ойымды Мұхаңа айтқанмын. Мұхаң әкесімен баласын бір-біріне қарсы қойды- деп қынжылады Момышұлы. Егер Мұхтар Әуезов Баукең ойлағандай жазған күнде «Абай жолы» жарыққа шығарма еді, шықпаспа еді. Цензураның қасы қабағын баққан Мұхаң аңғал батырға қарағанда алысты барлауда ақылдырақ көрінеді. Ал Баукең Құнанбайға біздің заманның көзімен қарап, қиянатқа жаны шыдамай ара түседі. Ұлы қаламгерде Құнанбайдың заманынан озып туған жан екенін білмеді деп айтуға аузың бармайды. Теперіштің сан түрін көрген Мұхаң Баукеңнің алдында «ақталып» сақтығынан жаңылмайды. Әйтпесе Баукең айтылған сынға ғұламаның не дегенін жазып қалдырар еді. Қазақтың екі заңғар ұлының ұлтына деген адалдығына осы шағын мысалдың өзі жеткілікті сияқты. Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарап отырып Баукең Мұхтар мен Сабитке ылғида қарсы келіп отырған деп ойлау ағаттық. Қаншалықты тентек болсада батыр Баукең ағаларының алдын кесіп өтпегенін, оларға деген інілік ізет ұстанғанын сөз арасында жиі-жиі айтып отырады. Біле білгенге батырдың әр қылығының тәрбиелік мәні зор. Сөйте тұра жақсы көрген адамына құлай берілу Баукеңе жат. Көңіліне ұнамаған нәрсені күлбілтелемей бетке айту ,-ол кім болсада Баукеңе ғана тән екенін естеліктерін оқи бастағанда сезінесің. Әділетсіздікке жаны қас Баукең осы кітаптың 195 бетінде Рақымжан Қошқарбаев туралы ойын былай білдіреді. «Қошқарбаев пен Болатов Рейхстагқа ту тіккен. Бірінші Пятницкий болған (баспалдағын басқан), содан соң Қошқарбаев, Болатов барған. Осы жерде әскердің үш жүзден астамы қырылып, үшеуі ғана қалған. Жалпы құрамында 6 адаммен жеңіс туын тігуге барғанның бірі грузин Кантария. Ту тігілді. Алтауына совет одағының батыры берілді. Болатов, Қошқарбаевқа берілмеді – олар ресми жеберілмегендер… Осының өзі әділетсіздік еді». Ойлары шашыраңқы болсада сезіп түйгендерін қағаз бетіне түсіріп қалуға тырысқаны байқалады батырдың. Кейін айналып соғып кең көлемді дүние жазуда ойында болған шығар бәлкім. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, Баукеңнің сөзінің шындығын уақыт көрсетті. Ресейдің өзі Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын тіккен Қошқарбаев пен Болатов екенін ресми мойындағалыда көп бола қойған жоқ. Бұлда болса Баукеңнің қатып қалған кеңестік қасаң пікірді бұзуға талпынған шабуылының бірі. Өзініңде батырлық атақтан шеттетілгенін біле тұра, қандасының жоғын жоқтауы үлкен жүректіліктің белгісі емес деп көр. Алаш баласының бойынан жиі көргіміз келетініде осындай ізгі қасиеттер екенін жасырғымыз келмейді. Бұлардан бөлек көп томдықтың 9-10 томындағы «Айтылмаған ақиқаттың» 1-2 кітабынан Баукеңнің жеке басына қатысты құнды деректер өте көп кездеседі. Бойына алаш рухы еккен дәнді Батыр атамыз мәпелеп ардақтап өткеніне естеліктерін оқып шыққанда көзіңіз жетері анық. Оқып шығыңыз ағайын. Алаштың ардақты батырының ғибратты ғұмыры барша қазаққа сіңісті болғай. Әмин.
Нағашыбай Қабылбек