«Алашорда» фотоальбомының маңызы мен мәні

Алаш партиясы… Тар жол тайғақ кешу жылдары тарих сахнасына шығып, патшалық Ресей мен кеңестік жүйенің «ұйқысын» қашырған әлеуеті зор, армандары асқақ, жалаң ұраннан ада, ұлттық мүддені көздеген партия еді… Солардың алмастай жарқылдаған өр рухымен, өміршең  тағылымы бүгінгі «бас басына би болған» кейбір жалаң партияларға жұғысты болса шіркін! Іште қайнаған ыза мен кектің бастауы, басқыншыларға деген ымырасыз күрестің жалғасы, тәуелсіздікке деген құштарлықтың соңғы талпынысы да алаш париясының еншісіне жазылды. Бақ пен қайғы қатар аққан өмір өткелінен көрешектерін көріп кетті. Елім деп еңіреп өтті боздақтар…

Таяуда мәдениетіміздің қоржыны тағы бір құнды жәдігермен толықты. 3 қазан күні  Астанада «Алашорда» атты фотоальбомының тұсаукесері өтті. Фотоальбом «Нұр Отан» ХДП қолдауымен,  «Алтын Қыран» халықаралық қайрымдылық қорының қаржылай көмегімен жарық көріпті. Тұңғыш рет басылып отырған фотоальбомның авторы әрі құрастырушысы – алаштанушы Болат Мүрсәлім. Фотоальбомда Алаш қозғалысының қалыптасуы, саяси сахнаға шығуы, Алаш автономиясын құрылу кезеңі, Алаш арыстарының кеңестік қуғын-сүргінге ұшырауы рет ретімен қамтылған. Жинаққа 350-ден астам фото енгізіліп, олар 6 тақырыптық-хорнологиялық бөлімге топтастырылыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда елімізде Алаш арыстарына тұрғызылған ескерткіштердің көзден таса қалмағаны да қуантты.

Фотоальбомның үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) түсініктемелермен берілуі де, қалың мұқабалы кітапты жоталандырып тұр! Алғашқы бет алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың Санк-Петербургте 1906 жылы шілде айында түскен суретімен ашылады. Одан әрі алаш қайраткерлерінің жарқын бейнелері тізбектеліп кете береді. Алаштың туының астына жиылып, даңқын асырған дара тұлғалардың көптігінде сөз жоқ. Оқырманға беймәлім қайраткерлердің суреттері де жүр арасында.  Суреттерге қарап отырып, кейде қуанасың, кейде күрсінесің. Ұлтқа қызмет етудің қаншалықты ауырлығын сезінесің. Мұнтаздай киініп болашаққа күлімдеп қараған арыстардың, кей сәттерде түрменің азабынан қажып, жүздерін әжім торлап, жанарларындағы үміт оттарының өше бастағанын көргенде жаныңды қоярға жер таппай қиналасың. Аяныштан жан жүрегің езіледі. Дүниенің шолақтығына қамығасың! «Еркек тоқты құрбандық» болып кеткен аяулы азаматтарды қатегіздіктің істігіне шаншып шыжғырған қоғамға лағнет айтасың…

«Ұлттық мәселеге келгенде біздер бір ғана форматты ғана пайдаланбай, жан-жақты көрсетудің басқа да тәсілдерін қолданғанымыз жөн. Соның бір түрі осы – фотожинақ. Бұл дүние бәрінен бұрын жас ұрпақтың ұлттың болашағы жолында өлшеусіз іс тындырған арыстарды, тарихымызды танып білуіне өте үлкен үлес қосатыны даусыз. Сонымен қатар бұл жинақты көрген жан тұлғаларымыздың елге, мемлекетке қатысты шешімдерді қандай аласапырында қабылдауға мәжбүр болғанын, ұлт жолында өз өмірлерін де құрбан еткенін анық танып біле алады, – деді «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин тұсаукесер рәсімінде.

Тұсауы кесіліп отырған жинақтың ерекше құндылығы, бұрын – соңды еш жерде жарияланбаған суреттердің альбомға енгізілуі. «Альбомға енген суреттер Гүлнәр Міржақыпқызы, Дәулет Тынышбаев, Рүстем Бірімжанов, Сырым Бөкейханов сияқты Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен жеке қорынан, әдебиеттер мен мұрағаттардан алынды. Оншақты сурет алғаш рет жарияланып отыр. Оларды шетелдік мұрағаттардан алдық. Мәселен, альбомдағы Ресей думасына депутат болған Алаш арыстарының фотолары тұңғыш рет жарияланып отырған дүниелер» дейді альбомның авторы әрі құрастырушысы Болат Мүрсәлім. Суреттерді жинақтауға да бес жыл уақыт кеткенін сөз арасында айтып қалды алаштанушы. Осы жерде белгілі саясаттанушы, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мырзаның фотоальбомға қатысты мына бір пікіріне де назар аударсақ. «Жаһанша Дінмұхаметұлы, Әлихан Бөкейхановтардың мектеп қабырғасын үздік тәмәмдағанын білдіретін аттестаттары, қолдарына кісен салынған суреттері де бар бұл жинақта. Бұл кейінгі буынға қайраткерлердің саналы да өнегелі, қиын да қысталаң өмір жолдарын біле түсуге көп көмегін тигізетіні сөзсіз».  Осы жиын барысында Ерлан Қарин Алаштың әскери тарихын бөлек зерттеп, оны кітап етіп шығару, Алаш әскері тарихының картасын жасау мәселесін сөз етті. Бұл туралы бастаманы алғаш рет жақында Орал қаласында Жаһанша Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған конференцияда тарихшы ғалым Дина Аманжолова көтерген көрінеді.  Алаш қозғалысына, Алашорда үкіметі тарихына қатысты зерттеулер жасалып жатқанымен, Алаштың әскери тарихы мүлде зерттеусіз жатыр. Осыны қолға алу керек. Алаш әскерінің қимылын картаға түсіру керек. Сонда ғана жұртшылық олардың қандай қиын-қыстау кезеңде ел үшін басын бәйгеге тіккенін білетін болады, – деді ол. Әрине құптауға тұрарлық ұсыныс.

Тағы бір айтқымыз келгені, қазақ байлары кеңес өкіметі даттағандай, шықбермес Шығайбай еместігін уақыттың өзі көрсетті. Алаш партиясына қаржылай көмек көрсетіп, ылғи да демеп отырған қалталы байлар көп болған. Олардың бірін білсек, бірін білмейтініміз рас. Фотоальбомның ішінде сондай азаматтардың бірнешеуінің суреті жүр. Оның біреуі қазақ романына тұңғыш бәйге жариялаушы Есенқұл Маманов болса, екіншісі, «Мамания» мектебін ашуға көмектескен Тұрысбек Маманов. Осының өзі ақ, жаны жомарт жандардың аты арып, тоны тозбайтынын көрсетіп тұр емес пе? Бұл жерде айтқымыз келгені сол дәуірден жеткен жомарттықтың әлі де жалғасын тауып келе жатқаны. Соңғы жылдары қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз қаржылай көмек көрсетіп жүрген бір азамат бар. Ол «Алтын Қыран» халықаралық қорының президенті Исламбек Салжанов. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме дана қазақ. Фотаальбомның жарыққа шығуына тікелей көмек қолын созған ұлтжанды азаматқа Ерлан Қарин мырза алғысын былайша жеткізді. «Алтын Қыран» халықаралық қорының президенті Исламбек Салжановқа айтар алғысымыз көп. Ұлттық мәселеге келгенде демеуші табу оңай емес. Шағын ғана ұлттық дүниелерге қараспайтын ірі компанияларымыз халықаралық жобаларға қаржысын аямайды. «Алтын Қыран» секілді демеушілер қадау-қадау ғана». Ащы да болса шындық осы. Сөзге сараң істің адамы Исламбек Салжановта, алдағы уақытта патриотизмге, ұлттық мүддеге, ана тілге қатысты жобаларға демеуші болуды жалғастыратынын жеткізді.

Тәуелсіздіктің ауасын еркін жұтып, келешекке сенімді түрде қадам басқан ұрпаққа, тарихтың қатпарында бұлқынып жатқан тағылымды дүниелерге мойын бұрғызу аға буынның ардақты ісі. Ұлттық рухтың оянуына да мұндай игі шаралардың септігі тиері һақ. Сондықтан да өнегелі істері мен жалындаған ғұмырларын ұлтының жарқын болашағына арнаған ұлыларды ұлықтау басты мұратымыз. Осы тұрғыдан қарасақ бұл фота альбомның берер тағылымы зор. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздіктің бағасын қаншалықты біліп жүр? Аңсап жеткен азаттық ұлтымызға не берді? Жастардың патриоттық тәрбиесі қаншалықты деңгейде? Тағы да басқа өзекті өртер сан сауалдар жағадан алғанда, алаш арыстарының арпалыспен өткен өміріне көз жібересің. Бүгінгі қоғамның кем-кетігін, олардың әбден ширатылып есілген ой-тұжырымымен салыстырасың. Қаншама бұғауда болса да, саңылау тауып, ұлтқа қызмет етуге талпынғандарын аңғарасың? Қызығасың, сүйсінесің!!! «Бір кем дүние» дейсің ақыр аяғында. Кешегі мен бүгін арасында жер мен көктей айырмашылық болғанымен, алаш ұлдарының асқақ армандарының туы әлі жығылмай тұр.

Ендеше, арыстардың дүние танымын зертеп-зерделеудің қаншалықты құнды екені дау туғызбаса керек. 1000 таралыммен шыққан фотоальбомның кең байтақ даламыздың кей пұшпағына жетпейтіні, әттеген-ай дегізеді. Алдағы уақытта алаштың аманатына берік азаматтардың бұл олқылықтың орнын толтырарына сенейік.  Керегесі мен уығы ағаш, ұраны алаш баласының шаңырағының төріне шығуға лайық фотоальбомға құрмет көрсетейік ағайын.

 

Нағашыбай Қабылбек