АЛАШТЫҢ ӘЛІМХАНЫ (ПОЭМА) САБЫР АДАЙ
АЛАШТЫҢ ӘЛІМХАНЫ
(ПОЭМА)
Әлімхан Әбеуұлы Ермектегінің рухына бағыштаймын!
Автор
Ә.Ермеков – 1919-1920 жылдар аралығында Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-ревком комитетінің мүшесі, әрі коллегия төрағасы, Семей губревкомының мүшесі болып, Кеңес үкіметінің саяси басқару жүйесінде қызмет істеп, қазақ жерінің тұтастығын сақтау, шекарасын анықтау сияқты маңызды жұмыстар атқарып, қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда айрықша еңбек сіңірген.
Ә.Ермеков Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17-тамыз) Қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ. Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалаулары мен Семей, Ақмола облысы жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосады.
Ұлттық энциклопедия
ДІЛАШАР
Қорқыттан қалған қобыздай, үп етсе самал ақталған,
Ой тамған көзден сұрасаң, ойылып түспей шақ қалған.
Қара қылды қақ жарып, қайыртпай кеткен шындық бұл,
Сірідей созып сіресіп, тулақтай тозып тапталған.
БІРІНШІ БӨЛІМ
САРЫАРҚА
Маңдайын әжім басқан тастан білдім,
Бүр жарған тал шыбықтай жастан білдім.
Сарыарқа, сенің сырың маған таныс,
Самайын қырау шалған бастан білдім.
Батар күн қызыл далап, жалқын қабақ,
Бұлт көшті: «Бұлар кім?..» – деп, салқын қарап.
Мінеки, мынау енді Қарқаралы,
Жез түйме, айналы көл, алтын тарақ.
Әлімхан туған дейді осы жерде,
Сүйреген туған елдің қосын өрге.
Келмейді дәуір шалғай, өмір өзге,
Шадияр, сахабаның досы дерге.
Ұлытау – ен Алаштың мерейі ме,
Бай—манап, мақтан болған кедейіме.
Бозтұмсық ,Қаракеңгір, Сарыкеңгір,
Сәлем айт, Қыпшақ, Найман, Керейіңе!
Көк түрік, көлбей жатқан Дешті Қыпшақ,
Үркер кеп қыстай жатып кетті нұсқап.
Жыл басы – уыз тойым – «Амал» келіп,
Ақша қар аз тұрақтап жетті шықтап.
Бақ кешіп көл дария тұрсам дедім,
Майысты көл жағалай бір тал керім.
Ұлытау – Оғыз – орда, он сан қала,
Ұлытау – Рабия Сұлтан – бегім.
Шыңғыс хан, Мүде бөлек, Тұмар ханым,
Ойласам көз алдымда тұрар сағым.
Қайдасың Асан қайғы, Ер Едіге,
Ол менің – тұмарша мұң, мұнар шағым.
Аялдап ай жатыпты Ақсақ Темір,
Хат жазған қара тасқа тастап небір.
Мойынқұм, Жетіқоңыр, Арал айдын,
Құм шағыл, жасыл жайлау, тастақ кебір.
Сонау қыр ұран салған өр секілді,
Орыны Хан шатырдың – мөр секілді.
Кіл тарих үнсіз үдек, тілсіз жүрек,
Ұлытау – ұлы қаған төр секілді.
Дұшпанды ғазиз бастан жат қылған жер,
Арасын көк пен жердің тақ қылған жер.
Тоғысып тоқсан тарау, мың сан Алаш,
Салтанат сарай салып, бақ қылған жер.
Кімдер жоқ ел болған соң еркесі бар,
Жошы хан, Бату менен Беркесі бар.
Мысалы: қалың Арғын – Еділ делік,
Құзар шың, құлжа мойын серкесі бар.
Әлімхан – құстай ұшқан құлан екен,
Ақбөкен, ай мүйізді бұлан екен.
Киесі ел мен жердің, көк пен көлдің,
Ерекше елден бөлек ұлан екен.
Тербеткен кербез жігіт, киелі қыр,
Иесін тапқан сынды жүйелі жыр.
Бұл өлке небір асыл өткен дала,
Жан сауға жасық емес, сүйегі кір.
Ержетті туған жерді тұрақ қылып,
Қадірін құрақ біліп, бұлақ күліп.
Әлімхан көріп өсті ел мен ерді,
Абыз бен аңыздарға құлақ түріп.
Қарнау тас – секілденген мың бір арлан,
(Ұли түс, қу дүние... шыңғыр жалған!..)
Түбінде бетегенің төзім жатыр,
Басында әр жусанның – бір—бір арман.
Пәк дінім, дәстүр—салтым, Құран қайда?!
Иассауи, Пірім Бекет, Тұран қайда?!
Атасы Әлімханның Ермек қажы,
Меккеде жолдас болған Құнанбайға.
Ат мініп, тұлпар сайлап тағалады,
Қайсар ұл, теректі сай, бағаналы.
Әулие, парыз, сүннет, имам, қазы,
Жағалай қорым—қойтас, сағаналы.
«...Жабыдан тұлпар шықпас баптағанмен,
Жарбайдан нар шықпайды сақтағанмен.
Баласы қазанаттың шаппай қоймас...» –
Керіліп кер шолақтар қаптағанмен.
Жез таңдай, күміс көмей тақылдайды,
Арқаның аязындай сақылдайды.
Бөріден бір бөлтірік қалды десе,
Торығып тоқал теке бақылдайды.
Күштіге бұл дүние сайран бақ-ты,
Әлсіз бе?!. Әр төбеде жайрап жатты.
Алаштың апанында бір бөлтірік,
Азуын білімменен қайрап жатты.
Әбеудің Әлімханы – бір қарағай,
Күн өтті, жұлдыз ақты, сырғанап Ай.
Сай—сала мың төбені құндақтап жүр,
Болғанда тау – Толағай, қыр – баладай.
Баба – тау, бала – қырат, айналы көл,
Көп қарар айна көлге байланып ел.
Көк торғын көркем дала осы жерде,
Бағзыдан өсіп—өнген жайланып ел.
Көк орман, көкорай бел таң қылып тұр,
Жұмақтан жұбын іздеп алдырып тұр.
Кешегі би Қазыбек бір сөз айтса,
Жан бітіп сала бермек жаңғырып қыр.
Ауыл ғой қонақ келсе елпеңдеген,
Арманын ақша бұлтпен желкендеген.
Құлынның айдарындай бала құрақ –
Лақтың құлағындай селтеңдеген.
Тербеген тегін сыйлап аз халықты,
Арқада әсем күй мен саз қалыпты.
Ғайыпқа күні кеше көшкен елден,
Бұл күнде аққу менен қаз қалыпты.
Тізіліп бара жатыр, тізбектеліп,
Сағынып Сарыарқаны іздеп келіп.
Қазаққа қанат бұлғап қоштасып жүр,
Аққу—қаз анау жолы біз деп келіп.
Сыр айтып сырбаз самал бір өзіне,
Құс біткен қимай қарап жүр еліне.
Тастады қауырсынын қалам қылып,
Аққу— қаз Әлімханның жүрегіне.
Сен неткен әрі жақын, жат дәуірсің,
Көкжал тіс, найзалы тас, ақ бауыр шың.
Адасып өң мен түстен Әлімхан тұр,
Қолында бір тал үміт ақ қауырсын.
Әлдилеп ауыл аймақ алқалады,
Әйтеуір, жүк көтермек нар талабы.
Жел тарап қауырсынның ақ мамығын,
Жайылды ақ парақ боп Қарқаралы.
Бір Алла, одан басқа жарылқар кім?..
Хақ берсе ердің жолын тарылтар кім?!.
Сонымен бір тал үміт – ақ қауырсын,
Сүрінсе сүйеніші Әлімханның.
Түгел ме төрт құбыла керегеңіз?!
«Ел» десе ерте қозған делебеміз.
Қаптаған қанды жорық қалың тарих,
Бұл өзі бөрі сүрлеу не деген із?!
Ал менің жадым қайда, санам қайда?!
Уыз – ұлт, дәстүр – салт пен анам қайда?!
Есіл ер, Алаш Орда, өңкей боздақ,
Біз үшін жанын берген панам қайда ?!
Тарих па?..Әлде, аққан сағым ба ана?..
( ...Болмайды сорың – ескі, бағың – жаңа!)
Ал, айтшы, қазақтығың қай жеріңде,
Жат құрсау жадыңда ма, жаныңда ма?!
Ал, көрсет?!.. Жадың қандай, жаның қандай?..
Бабасын бала іздеп сағынғандай.
Санаңа қайдан кірді қарау ниет,
Дүние, дүрмек қуып қағынғандай?..
Қан аққан құйрық—жал мен айдарынан,
Қырылды қырда – қылаң, сайда – құлан.
Құлагер құздан ұшып дәурен кетті,
Жабының жапа шектік жайдағынан.
Ақ Патша жалаңаштап тонымыздан,
Ел мен жер қатар кетті қолымыздан.
Шыңғыртып тас бастырып етегіме,
Бәлшебек таспа тілді жонымыздан.
Ер халық сөз асырмас бір басынан,
Кетпеген ез халықтың сын басынан.
Ақсұңқар «Мен бармын!..» деп ойқастайды,
Қарайды Қыран бүркіт шың басынан.
Күлмедім, күреңіттім, үргектедім…
Жау күлді: «бұл кайсактар жүр» деп тегін!..».
Жастанып жатып алған – Империя,
Жанымның жаз жайлауын, гүл көктемін.
Ел мен ер – кәусар бұлақ қанып алсаң,
Дарқан ұл, дала заңын танып алсаң.
Ол сені езу тартып мүсіркейді,
Көкжалдың көзін ойып, жанын алсаң.
Қуат ал ел ішінен, ер ісінен,
Алаштың әрісі мен берісінен.
Өлімнен биік тұрған сол көкжалдың,
Іргелеп ит қашады терісінен.
Ездер жүр: «Тірімін!..» деп өлгендіктен,
Ер жатыр екі әлемді көргендіктен.
Әу бастан әділ Құдай мейірімді,
Махшарда ер біткенді төрден күткен.
Ұл мен қыз ұлтын сүйіп, ұлықтасын,
Іздерсің жан ләззатын құныққасын.
Жылаймыз жеке—жеке бүркеніп ап,
Ұлт үшін қуануды ұмытқасын.
Тоңдырып қалыбыңды қара сызға,
Ұлт үшін ұран салмай барасыз ба?!.
Туған ел! Көз – қуаныш, жан – жұбаныш
Атқан таң, батқан күннің арасында.
ИМПЕРИЯНЫҢ ҚҰБЫЛУЫ
Жұмылған жұдырығын жер деп білді,
Қылышын оңды—солды сермеп кірді.
Тілгілеп тірсегіне қыл өткізіп,
Аз ұлтты Ақ патшаңыз ермек қылды.
Тістетіп ит пен құсқа балағыңнан,
Ал өзі дәме қылды ғаламыңнан.
Қайырып қанатыңды құс секілді,
Айырды ата жұрт пен алабыңнан.
Әу баста күрек тісін жайлап салды,
Содан соң теспей сорып, жайратқан-ды.
Жіберіп ел ішіне қызыл түлкі,
Қазақты бір—біріне айдап салды.
Көрінсең көзден әрі қуып жүрді,
Індетіп көртышқан мен суыр қылды.
Мұжықтар тер сасыған шұлғауымен,
Қазақты қыл сағақтан буындырды.
Көрдің бе боз ботаның боздағанын,
Сол бір үн… қып—қызыл шоқ қоздаған үн.
Айдаһар жон арқасын күнге беріп,
Ойнайды Аю жалап өз табанын.
Патшалы орыс жатты халқын құрсап!..
(Жел соғып жер түбінен салқын бір сәт.)
Сарыарқа – сөздің парқы, елдің салты,
Би-шешен, батыр туған алтын құрсақ.
Із кесіп ізде дұшпан сарылып жүр:
«..Бұл кайсак қайтеді», – деп жарылып жүр.
Оқыған қазақ көрсе кірпідей боп,
Думаның өзінде де тарылып жүр.
Кімдер жоқ сайын дала, ұлы құмда,
Алашым Ақ патшаның құрығында.
Оянып кетпесін деп текті халық,
Улап жүр ұлығын да, тұнығын да.
Көз жаздық көп шындықтың дерегінен,
Өткізіп озбыр патша елегінен.
Езіп жүр төске салып балғасымен,
Шауып жүр қарағайын терегімен
Орыстың Ақ патшасы ойыншыл—ды,
Үзіліп қанша жұлын, мойын сынды.
Түркіні түгел қорлап, таспа тілген,
Қорғасын қосып өрген дойыр сынды.
Ораған әбжыландай тұншықтырып,
Қазақ сол өрт ішінде бір түп шыбық…
Дәстүр—салт, ұлт тарихын ұмыттырып,
Алмақшы айналдырып ұршық қылып.
Тулақ боп талай ұлттан тұлып қалған,
Қақпанда біз бөріміз ұлып қалған.
Имперлік мыстандардың айласы мың,
Санаңның кілтін алып, құлып салған.
Жеткізді жүрек бойлап ұрығыңа,
(Іздеп көр мәңгүрттіктен мұны мына.)
Қазақтың әлсіз тұсын танып біліп,
Сол жерден құрт боп түсті жұлынына.
Мың бәле найза сынды шаншылады,
Жанарын жазықсыздың қан шылады.
Орыстың Ақ патшасы тәлтіректеп,
Көзіне көрінгенді қамшылады.
Патшаның көнбей көрді таптауына,
Сенбейді ақтауы мен мақтауына.
Жетісу, Торғай, Зайсан дүр сілкінді,
Тұтасып түгел Түркі, Қап тауына.
Көп тарих бірі ғайып, бірі жеткен,
Монархия – қу сүйек, шірік етпен.
Бұл өзі ұлт—азаттық көтеріліс,
Империя, жаның сол сірі неткен?!..
Қазақпыз!..Біз – қайсармыз, «Ел» дегенбіз!
Оған куә жер мен көк, жел менен құз.
Он алтыда патшаға қарсы шығып,
«Желтоқсан» боп Кеңесті жерлегенбіз.
Жә, жақсы, оза шаппай оралалық,
Ай туды, қыс қытымыр, қораланып.
Көшкен бұлт жөргек сынды ел арманын,
Қайда кетіп барады орап алып.
Айнасын көңілінің сүртіп еді,
Көп қиял – жетім қозы түртінеді.
Әлімхан бек хабардар, ойлы неткен,
Кең пішіп, кемел толғап күрсінеді.
Патша сол: қан—қан болып өлгелі тұр,
Кіл қорқау бірін—бірі көмгелі тұр.
Қалың ел, қаймана жұрт бодан болған,
Басына не салса да көргелі тұр.
Қашаннан Империя арты қайғы,
Алмақ боп Күнмен қоса, тартып Айды.
…Қап тауы, Түркі тұтас, Итжеккенің,
Бір шетте Орта Азия қалтырайды.
Патшасы бұл орыстың – қатқан тулақ,
Көн – құрсау күн астында жатқан тулақ.
Аямай өзін қырып, өзгені де,
Көз жасын көп халықтың татқан тулақ.
Ел едік ен жайлаған керегелі,
Аранға кім түсірді?!. Неге мені?!.
«..Көн – құрсау..» ұлт санасын мәңгүрт қылды,
Шеңберлеп бас сүйегін шегеледі.
Содан соң шаптырды да, аттырды да,
Желкеме мініп алды ат қылды да.
Шыңғырып тұра қашты ес пен жадым,
Кеудемді «Көн – құрсауға..» лақтырды да.
Бос кеуде, қара сүйек бас дегенің,
Мәңгүрт сол: ерімейтін тас дегенің!..
Қара мұз – өлген үміт, сөнген шырақ,
Санасыз, ұлтсыз болса жас дегенің.
Жау солай «күліп» кірген Тұраныңа:-
«Дәстүр—салт, ие бол» — деп – Құраныңа!»
Қуанып құлаған сәт озбыр патша,
Көп сендік бәлшебектің ұранына.
Көрінді сұлу болып, сылаң болып,
Қиырдан құлай шапқан «Қылаң» болып.
Ақ патша қорқау еді көп талаған,
Бәлшебек құшақтады жылан болып.
Бұл енді алдағы жыр, алдағы жыл,
Жадымда жаудың салған салмағы кіл.
Қызыл тіл қайда кеттің, оралайық,
Жау келіп, жан алмаған қалмады қыр.
Ол енді келер күннің зауалы дүр,
Әңгіме, болар істің ауаны бұл.
Мылтығы шошаңдаған өңкей мұжық,
Шындық сол!.. Жауабы зіл, сауалы бір.
МОНОЛОГ
Әлімхан білім алды, біліп алды,
Шындықты шыңыраудан іліп алды.
Хақ сүйген ғұламаға иман күзет,
Білімде періштенің тілі бар—ды!
Иман – салт, ілім – ғылым, егіз бірақ.
(Наданнан тау қашады, теңіз жылап.)
Жүрегі білімдінің білген жанға,
Пәк көңіл, пейіштен – төр, сегіз жұмақ.
ШЕГІНІС
(Талант пен талап)
Әркім жүр күнге бойын сатылап кеп:
«Ұят» пен « Обал» десең, – ақымақ!..» деп.
Қан—қан боп ақиқаттың көшесінде
Талап пен талант жатыр жапырақ боп.
Мінеки, сізде бүгін аттадыңыз,
Сол болды ойлап, ақыл тапқаныңыз.
Шындықтан шыр айналып өте шықтың,
Өйткені басыңызды сақтадыңыз.
Ал, жақсы, мынау да сол, анау да сол,
Шындыққа қайбыртады қарауға сол.
Өзімшіл өркениет ол да соқыр,
Талап пен талантыңыз талауда сол.
Қара бұлт – қарау ниет торлай қалған,
Бақыт жоқ өздігінен орнай қалған.
Надандық сатқындықпен некелессе,
Жемқор мен жендет туар ондайлардан.
Надандық – бітеу жара, іріңменен,
Озалдан өлі дене тірілмеген.
Сананың салтанаты неткен сұлу,
Ар-намыс, әдеп—ғұрып, білімменен.
«Ел!..» деген ерлер болса қол емес пе,
Самсаған сардар деген сол емес пе?!
Талап пен таланттыға білім қонса,
Мінез сол тектіге тән жол емес пе?!
Бөріден бөрі туар бөктердегі,
Ит бақсаң, ит туады жеткен жері.
Наданның сөзі зәрлі, ісі шалыс,
Есектей көк ала қан тепкен жері.
Алашым, Алашорда тектілерім,
Асылым, Ай мен Күнім кетті менің.
Түрткілеп сырттан дұшпан, іштен надан,
Түбіме тексіз тергеп жетті менің.
Бойына иман, әдеп адал біткен,
Қайтпайтын қағидалы қадам біткен.
Шын сүйді Әлімханды – Алашорда,
Жек көрді надан біткен, жаман біткен.
Қараңыз ақ парағын санаңыздың,
Жоқ па екен сатқын—сайқал, қара құзғын?..
Надандық – адамзатқа бір жұққан дерт,
Аты сол жазылмайтын жарамыздың.
Жаманның жаны қатты тастан дескен,
Жақсының жаны игі жастан дескен.
Наданның желкесінде мың шайтан жүр,
Сондықтан бұл дүние астан—кестен.
САПАР АЛДЫ, ЖОЛ БАСЫ
(АҚ БАТА)
Балғын тал, балауса күн Қарқаралы,
Қайтпасын неде болса нар талабы.
Үміті ауыл—үйдің, қарт пен жастың,
Әбеудің Әлімханы Арқадағы.
Қайдасың қарқаралы қарашығым,
Ой – зергер, сөздің тапқан жарасымын.
Алладан ақ жол тілеп аттанбақшы,
Тағдырдың көріп алмақ дара сынын.
«Болсын», – деп, – талабың оң, жолың жайлы»,
Ақ сақал, баталы қарт қолын жайды.
Инемен құдық қазып, ғылым таппақ,
Текті ұл, тек жүрмейді орындайды.
Дегендей: « Мені қайттің, қалып барам…
Арманым болдың ба сен алыстаған?..»
Ақ боз үй, жез самаурын, алғыс—тілек,
Сағыныш, қимас көңіл, шалықтаған.
Уыздай ұлттың мынау адалдығы.
(...Жүрексіз қайдан көрсін жаман мұны.)
Бір шетте бозбала тұр атқа мініп,
Төс айыл, өмілдірік—таралғылы.
Демеңіз сырмақ сөзбен ұсақтады,
Не таптық, айтқызбады тұсап бәрі.
Ойнаған ат үстінде тең—құрбысын,
Әлімхан өзі келіп құшақтады.
Садақа!.. Боз қасқаны жетелетті,
Балқаймақ таңдайыңды шекер етті.
Ақ боз үй – ақ жұмыртқа, қарашаңырақ,
Қалы бау, белдеу арқан, текемет—ті.
Пісіріп жеті нанын, бауырсағын,
Әу бастан үзілмеген дәуір – сарын.
Қарамай кер заманның қабағына,
Аста—төк, шат—шадыман ауыл шағын.
Намысы – жанартаудың жалынындай,
Бар ісі – өркениет қалыбындай.
Өліні қадірледі тіріден де,
Тіріні қадірледі хан ұлындай.
Сақина, өңіржиек, кемер белдік…
Көріп ең қайран қазақ неден кемдік?..
Сыйластық, сән—салтанат, ым мен шара,
Ұлықтап ұлттығымды кемелдендік.
Салғанша ажал келіп құрығын жай,
Салт—дәстүр, иман, әдеп ғұмырыңдай!
Қазақтың бұл көңілі ешкімде жоқ,
Жүрегі – періштенің тұғырындай.
Қазақтың жүрегінде мың бұлақ бар,
Тап басып тамшысынан жыр құрап қал.
Шер төккен шежіресі, күй мен әні,
Жан сарай, әр сөзінде тұр бір ақпар.
Өмір сол: әкең– емен, анаң – қайың,
Саясын сағынады санаң дәйім.
Текті әулет Әлімханға білім берді,
Білсін деп ұстаз көріп, заман жайын.
Қыран құс сол кеткеннен қалықтады,
Ер өссе елге – байлық, халық – бағы.
Семейден Томбы жаққа толғай тартты,
Білім мен ғылым іздеп жалықпады.
Әлімхан – жасыл желек, тал шыбық—ты,
Арқалап жолға шықты қанша үмітті.
Етеді білім аздық сезген ұлға,
Көп жұмбақ көз ұшында шаншылыпты.
(...Оқытпақ қалың Қазақ, бар Түрікті).
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков – (1891 ж. 25 мамыр, Қарқаралы уезі Семей облысы, 1970 ж. 22 маусым, Қарағанды) — Мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, математика саласынан шыққан тұңғыш қазақ профессоры.
Арғын тайпасындағы Қаракесек руының Сары Танас бұтағынан шыққан.[1]
Әкесі Әбеу халыққа қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардыңбірі болған. 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалықучилищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасындазейінді, алғыр болған Әлімхан мектепті үздікбітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлергимназиясына түседі. Осы оқу орнын 1912 жылыалтын медальмен бітіріп, Томск технология институтының тау-кен факультетінеқабылданады.
ТАМЫРЛЫ ТЕРЕК
Өмір сол – Ертіс, Тобыл Есіл, Жайық!
(Бәрі де болды кетті десін ғайып.)
Ай өтсе, жыл келеді жылжып тағы,
Құшағын түс ауған соң бесін жайып.
Барады сағым қашып сайдан өтіп,
Құйын жүр қу даланы майдан етіп.
Күбініп Күн батады – қызыл алма,
Түңіліп түн қашады айдан өтіп.
Шоқ жұлдыз қырман сынды шашылып тұр,
Сандығы қара түннің ашылып тұр.
Күзеткен ауыл сыртын қорым, қойтас,
Ақ жүзін талай ердің жасырып тұр.
Жә, жақсы, айта берсек сырымыз көп,
Жүректен мың бір торғай шырыл іздеп.
Томбыда, Томскіде Әлімхан жүр,
Ел үшін білім іздеп, ғылым іздеп.
Ақтарған том—том кітап тәңір таңнан,
Кеудеге көп білімнің дәнін салған.
Ұлт үшін білім алған ұлды көрсең,
Көз жазба көп ішінде Әлімханнан.
Әлімхан заман жайын танып қап жүр,
Бір—бірін кәрі құрлық қамыттап жүр.
Ірімек империя іштен өліп,
Әртүрлі «…измдермен» табыттап жүр.
Әлімхан қайғы жұтып, қалжырап жүр,
«Ел!..» деген көз қарашық, жалғыз—ақ жыр.
Көп тыңдап Алашымның арыстарын,
«Елім!..» деп жұқа жүрек қан жылап жүр.
Оқыған азаматың – ат төбелі,
Оны да жау сығалап, жат көреді.
«Алғанда жау жағадан, ит етектен»,
Жеті жұт кезек келіп тап береді.
Сенбесең сұра сонау салқам қырдан,
Ел ішін жау мен сатқын талқан қылған.
Қу надан құйын сынды көтерілген,
Алаштың тұла бойын қан—қан қылған.
Түрініп түннен қашты Ай балағын,
Жарасын жалайсыңыз қай жаланың?..
Ақ патша сарбаз алды, салық жинап,
Терісін бітеу іреп қаймананың.
Кімдердің ақниетін аздырмады?..
Кімдерге өзіне көр қаздырмады?..
Халықтың көмейіне қолын салды,
Желкелеп бір күн белін жаздырмады.
Екіге – тап пен тартыс, жау жарылды.
Өзегін өрт қаптаған тау жарылды.
Төңкеріп сары мұжық сарайыңды,
Ақыры Ақ патшаңыз аударылды.
ҚОС ҮКІМЕТ ЖӘНЕ ҚОЙШЫ МЕН ҚОЙТӨБЕТ
Аңдысып Ақ пен Қызыл таққа келді,
Өңештеп өрт пен жалын баққа келді.
Ал, енді, ел қорғайтын қайсыңыз бар,
Пыш—пыш сөз… пышақ үсті шаққа келді.
Тамырлы терек еді – Әлімханым,
Келгендей кері толғап қарымта күн.
Заман тұр алғыншы боп ала дауыл,
Дегендей тәубеңізден жаңылтамын.
Жел—қаншық жер түбінен қыңсылады,
Жұлдыздар екі бетін шымшылады.
Маңдайын зар мен қайғы кезек сүйіп,
Таңдайын Алашымның жыр шылады.
«Ақ табан шұбырынды» – өлең деген,
Бұл өлең шындығында не көрмеген.
Екі өмір көр менен төр босағалы,
Өлең бұл төр мен көрге көгендеген.
Құпия жүрек еді, сырын жайды,
Білгесін бір сұмдықты жылынбайды.
Қазақтың қайғысы мен қуанышын,
Бірінші өлең сезіп шырылдайды.
…Әркімде бір-бір қиял, Айды құшпақ.
(Ойлы жан қан түкіріп, қайғы құспақ).
«Алсақ... – деп, – Мен жағадан, Сен балақтан», –
Қойшы тұр қойтөбетке байды нұсқап…
…Бай отыр жантайысып жайлы келіп,
Қазірше « өзі патша» сайлы делік.
Төбет тұр: бар уайымы – итаяғы,
Содан соң көп жілік пен майлы кемік.
Ажал тұр: «кересін жеп, тойынсын!..» деп,
«Алаштың сосын көзі ойылсын!..» деп.
Шоқ төсеп, от жамылып арыстар жүр,
Дұшпан жүр:« түгел Түркі жойылсын..» деп.
Әуелі өсек—аяң сөз келеді,
Содан соң тіміскі тіл, көз келеді.
Қалтаман, қарақшы мен шабарман жүр,
Оның да өз ойы бар, өз дегені.
Үгіткен тау мен тасты жел секілді,
Топан су, қаптай соққан сел секілді.
Әр пенде – бір—бір айғыр «кісінеген»,-
Әр адам – бір—бір жеке «Ел» секілді.
Аттың ғой!.. Бір—біріңді аттыңдар ма?!.
Шаптың ғой!.. Ауыл—үйді шаптыңдар ма?!.
Бәлшебек соның бәрін жіпке тізіп,
Сенді Ол: надандар мен сатқындарға.
«Капитал» — Карл Маркс: « Мен!..» деп тегің!.»
Жұқпады « Көсемдерге» жер көкте мін.
Қойшы тұр қойтөбетпен… жалшы жалтақ,
Архивте, ал: «сауатты жендеттерің!..»
Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдайды айқындап, алда не істеу керектігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты.
СЕМЕЙДЕГІ ЖИЫН
1917 жылы 8-17 қазанда 1-Сібір облыстық съезіне, делегаттар жиналысы атынан қатысады да, оның президиумына Семей облысынан кіреді. Съезде Сібір автономиясының негізгі заңын жазатын комитет құрылып, оған қазақ делегаттары Ә.Ермековті кіргізеді.
Шілде айындағы жалпықазақтық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
«...Ақ Семей – аппақ сағым, ақ тілегім,
Түрінді саған қанша жат білегін.
Айналып небір заман, сүрлеу соқпақ,
Досқа – бал, ал дұшпанға қатты кегің.
Екінің осы осы жерде бірі жатыр,
Хат тастап, қалың рух тірі жатыр.
Тереңнен толғай тартқан тамырыңда,
Ұлтымның шын – шыңырау ділі жатыр.
Дұшпан жоқ саған мылтық оқтамаған,
Жоқтасаң, арыстарды жоқта, ғалам!..
Көп сынған қабыртқаңның дәл астында,
«Қазақ!..» деп жүрегімсің тоқтамаған». –
Әлімхан дәл осылай шабыттанды,
Алашқа ақ тілегін алып барды.
Жас қой, Ол: жаны – жалын, жүрегі – гүл,
Жастығын жанып—күйіп танытқан—ды.
Бір надан: «Саясат па, құрсын», – деді.
Бір сатқын: «Қызыл Кеңес тұрсын», – деді.
Бір арыс екеуіне кезек қарап:
«Төбеңнен Құдай сенің ұрсын», – деді.
Рас па, елді қазақ сүйетінің?!
Надан көп , білімді аз, күйетінің...
Құлағы жүрегінің теріс біткен,
Тілегі түннен қара ниетінің.
Біреу жүр Ақ патшаны аңсаған боп,
Дұшпан жүр сары жебе, самсаған оқ.
Өңеші күлбірейді есіл ердің,
Шоқ шайнап, таңдайымен тамсаған от.
Бай көрсе көзге біткен шел дедіңіз,
Жарлыны жарымаған ел дедіңіз.
Жұлқынған бай мен жарлы кіл белсенді,
Көшіп жүр көбік ой мен жел сөзіңіз.
Будақтап мұржа—танау, сары мұжық,
Олар да « ақыл» айтпақ бәрі мыжып.
Көрінген көк аттыдан үміт етіп,
Қарайды қара халық әлі құрып.
Жарғақ тон, жамау бешпент бүкшеңдеген,
Хабаршы алашапқын сүксеңдеген.
Санаңның көзін ашпай бақ көрінбес,
Қолыңды көкке жайып күткенменен.
Ұлт болсаң білім алып бекігейсің,
Болмаса бордай тозып, сетінейсің.
Адам ғып жаратқаны аз ба сені,
Құдайдан одан артық не тілейсің?!..
Жә, жақсы.. Әлімханға оралалық,
Біреуі білімдінің сол еді анық.
Жиналып игі жақсы Семей жақта,
Жеткізген талайларды жол еді алып.
Ер өлмек «Елім-айлап» үмітпенен,
Дүние дүбірлейді бүлікпенен.
Болмайды ойлы азамат, қайғылы қарт,
Заманның зарпын байқап үрікпеген.
Күдік сол: қара бұлты түйдектелген.
Үміт сол: Үрдің қызы сүйреп келген!
Әлімхан «Алашым!..» деп күрсінеді,
Қайысып қабырғасы күйреп келген.
Семейдің келіп жетті шаһарына,
Қосылып Алашорда қатарына.
Мәслихат кеңес құрып, мәшһураттап,
Сенгендей жарық таңның атарына.
Бәс тіккен бәсірелеп құлын—тайға,
Аңғал ел жем болмасын «тұрымтайға».
Съезде сенім артып өкіл қылды,
Кеңестік жиындар мен құрылтайға.
Сібірге қалқан болмақ шалғайымен,
Көп білім, күміс көмей таңдайымен.
Жүрегін жөргек қылып туған елге,
Жөнелді жарқыраған маңдайымен.
Меңгерген тау—кен менен жер бедерін,
Сен менің семсерім ең, зердем едің.
Тәрбие—тәлім көрген, халқын сүйген,
Айтады азаматты: «Ер!..» деп, елім!
Алаштың асылдары жанталасты,
Түн жүрді, түнек кешті, таң талас-ты.
Мінберден мінсіз сөйлеп оза шапты,
Сөзімен қара түгіл, хан санасты.
Алаштың көзге түсті Арыстары,
Көшкен ел «Көсемдерге» таныс бәрі.
Бір—бір тау – Бөкейханов, Байтұрсынов,
Түркінің...
Түгел жұрттың Арыстаны!
Көріп жүр саясатқа төселгенін,
Алашпын. Аңғалдығым: «Өсем!..» дедім.
Қайраулы алмас қылыш – Алашорда,
Шошытты бәлшебектің «Көсемдерін».
Кеңестің «Көсемдері» бармақ бүгіп,
Орнатып үкіметін алмақ күліп.
Алаштың асылдарын ал содан соң,
Түгелдей жұта салмақ жалмап тұрып.
Турамақ, тулақ қылып қолын байлап,
Ұлтымның «Қызыл Кеңес» жолын байлап.
Айталық ретімен асықпалық,
Ақыры солай болды сорым қайнап.
Ұлттарды Қызыл Кеңес ермек етті,
Талай ұлт еріп жүріп жерге кетті.
Жә, жақсы, Әлімханым өкіл болды,
Ұлт үшін жанып—күйіп, еңбек етті.
Сібірдің өкіл болып заңын жазды,
Халықтың хатқа тізіп зарын жазды.
Жасырмай ойдағысын, қырдағысын,
Ақ сөйлеп, қолдағы сол барын жазды.
Атпады ел күткендей ырыс таңы,
Кеңесің кер жыландай жылыстады.
Жан кешіп Алашорда қорған болды,
Көрінді алда сойқан бір іс бары.
Арқалап бара жатыр нардың жүгін,
Аманат, әдеп—иман, ардың жүгін.
Ұлтсың сен ұлың барда жүк көтерер!..
…Біліп жүр қолыңдағы бардың құнын.
АЛАШОРДА
Алашорда – ұлттық сана,
Асқақ тұр,
Ұлттың жады ұлт тұлғасын сақтап тұр.
«Ұлтым!..» дейтін жүрегі бар қазақты,
«Алашорда» әлікүнге бастап түр.
Ұлтсыз сана – ұлағатсыз алданған,
Мағынасыз түңіледі жалғаннан.
Тек «...кәсіпшіл» білім берген қоғамда,
Адам – темір, темір – адам жалманған.
Ә.Ермеков алғаш рет саяси іске, Алаш қозғалысына 1917 жылы 27 сәуір және 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адамдармен бірге съезд президиумының хатшылығына, одан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайланады.
Әмбе ол, қазақтар жағынан Халел Ғаббасов екеуі Семей облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болады.
ШЕГАРАНЫ ҚОРҒАУ
Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы.
Аманат – атажұртым, мұралымыз,
Көк Түрік – ту көтерген Тұранымыз!
Шегара – ұлт өмірі, келешегің,
Шегара – ұл намысы, ұраныңыз!
Шегара – бұл жалғанда барлығыңыз,
Ел мен жұрт, хан мен қара, жарлығыңыз.
Шегара – бабаң менен балаларың,
Қуаныш, қайғы—шермен, зарлығыңыз.
Шегара – тарих пенен тамырыңыз,
Көрер күн, сүйер сәуле жарығыңыз.
Шегара – салт пен сана, келбетіңіз,
Қалыбың, қарға тамыр бар ізіңіз.
Шегара – елдігіңіз, ерлігіңіз,
Бес қару ер—тұрман мен терлігіңіз.
Шегара – тұтас дәурен тұғырыңыз,
Өткен шақ, бүгінің мен ендігіңіз.
Шегара – кесілген бас, төгілген қан,
Кеудеден ақ шейіт боп сөгілген жан.
Болмаса атажұртың, өз шегараң,
Таппассың көңілден сән, өмірден мән.
Шегара – ақ сүт берген аналарың,
Уыз тіл – ұлтқа қорған, қара нарың.
Шегара – сүйген жарың, әлди бесік,
Кең қолтық кербез қырат – дара бағың.
Шегара – Күнге көркем, Айға назың,
Отансыз кімге керек қай қазағың?!.
Шегара – ар—иманың, айдын көлің,
Тау—тасы, тарғыл төбе – жайнамазың!
Шегара – мұрагерің, ту ұстарың!
Ел қорғап, белді бекем буысқаның.
Шегара – еркіндігің, тыныштығың,
Қандасың, бауыр етің – туыстарың.
Шегара – қайнар бұлақ сарқыраған,
Көк теңіз, көл мен өзен арқыраған.
Шегара – ұл мен қызың, бүлдіршінің,
Алаңсыз Ай мен Күндей жарқыраған.
Шегара – сағана там,сайғақ қырат,
Өткеннен қорым—қойтас айғақ бірақ.
Ақ таңдай абыз дана, ділмар шешен,
Жағып көр, дұға қылып жайлап, шырақ.
Сан ұлттың көзінде мұң, жарасы жүр,
Таусылып әл—дәрменсіз қарасы жүр.
Кезінде бір Әлімхан қорғай білген,
Шегара – бар мен жоқтың арасы бұл,
Шегара – дерек пенен дәлеліңіз,
Ақ отау, некелі ұл, кәделі қыз.
Шегара – жүйе менен тепе—теңдік,
Шет пен шек, рух пен тән, әлеміңіз.
Үйлесім кең дүние жанарыңда,
Көк аспан, су менен жер табаныңда.
Шегі бар әр нәрсенің табиғатта,
Орны бар ой мен қиял, сананың да.
Шегара – сансыз арман, төзім ғой ол,
Шегара – мәңгі сенсің, көзің ғой ол.
Шегара – ұлт пен ұрпақ, жадың мен жан,
Өмірде жоқ кездегі өзің ғой ол.
Жан беріп, ұрпақ үшін жер аласыз,
Ұрпағым ұлт болсыншы деп аласыз.
Қалғаны қағида мен заңдылықтар,
Тек қана Алла шексіз, шегарасыз.
Әлімхан білімімен мыңды жықты,
Менменшіл кей шовинист шыңғырыпты.
Тұсаулап қызыл өңеш Кеңесіңді,
Дөп түсіп, дәлелменен сындырыпты.
Әлімхан сөз сөйледі, өтті жіктеп,
Қарсылар қарғып шықты көпті бүктеп.
Ақ сөзге Ленин көнді, ол бірақ та
Ішінен күбірледі: «Көк Түрік!..» деп.
Біліммен шаң қаптырды жарысқанын,
Келгендей Хақтан қуат, ғарыштан үн.
Қазақтың қорғап жерін, шегарасын,
Дес бермеді Әлімхан – данышпаным!
Сөз сөйлеп мәдениетпен, сабырменен,
Мінезбен, парасатпен, дарынменен.
Пәк сезім, періштелі перзент болса,
Халық пен Хаққа жақын ғалым деген.
Ар үшін алған білім адалдан—ды,
Сұр жебе нысанаға қадалған—ды.
Бұл жолы білек емес, білім қорғап,
Қазақтың шегарасы аман қалды.
Күн жеген жон арқасын,
шағылданбыз,
Көп жұлдыз түннен моншақ тағынғанбыз.
Қорғаны аз халықтың – көп білім—ді,
Әр қазақ – арыстарға қарыздармыз!
Халық бол қағидалы алабыңа,
Жас көрсең тілеулес бол талабына.
Жатып ап жол үстіне қақпан құрып,
Ерлердің үйір болма балағына.
Тарылып төбе құйқаң, төрің демде,
Жүргенде өте шығар өмір демде.
Кеудеңе күшіктеген қызғаныштың,
Үргізбе көк қаншығын көрінгенге.
Ойлама тектілерсіз күн кешем деп,
Ептімен ебін тауып үндесем деп.
Бір жақсы Әлімхандай мыңға тұрмақ,
Күн сөнсе Ай мен жұлдыз бірге сөнбек.
Сыр айтсаң сыңғырлайды сырғалы күн,
Тойғанға қалғи берме бір қарының.
Сатқын мен сасықтарға ерік беріп,
Қазағым аз болған жоқ қырған ұлың.
Жә, жақсы...
Әлімханым қайдасыңыз ?!
Әләй жұрт, кең оқырман жайласыңыз.
Билікті алып тынған Бәлшебегің –
Ерімес қабағы сыз, айласы мұз.
Жасырды қызыл Кеңес зұлымдығын!..
(Қайтейін, боздау бота, құлын – мұңым.)
Аранға айдап келіп қырды сосын,
Талайын бұрымды мен тұлымдының.
1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
КЕСІРЛІ КЕҢЕС
(АЛАШ. ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗА.АШАРШЫЛЫҚ. ҚАНДЫҚОЛ ЕЛЕС)
Сонау ұшқан сорлы құс,
Соның да бәрін біледі.
Мынау қылған қорлық іс,
Жүректің басын тіледі.
Ұлытаудан сұрап көр,
Бабамыз біздің кім еді?!.
Бұл күндері болғанда,
Біздің жағдай нешік—ті.
Кемерлеп дұшпан толған ба,
Сұрамай ашты есікті.
Қатын мен бала қан ішіп,
Отын да қылды бесікті.
Орман да болып өртенді,
Сексеуіл болып селдіреп.
Ұмытты қазақ ертеңді,
«Ақырдың күні келді» деп.
Құм жасырды кебіндеп:
«Қонақжай сенгіш ел—ді» деп.
Босаға мынау бос қалды,
Төрінен кетті иелік.
Иесіз, міне, қос қалды,
(…Қайғыдан қамыт киелік.)
Үміттің қалған шашылып
Сүйегін қайда тиелік?..
Тобылғы сайдың бойында,
Тобымен қазақ қырылды.
Қара жер алды қойынға,
Оған да шүкір, ырым—ды.
Топ бастаған көк Серке,
Толықсып барып жығылды.
Көтерер жүкті нар қалмай,
Көзінен тізіп алғандай.
Сауғалар жанды жар қалмай,
Қаңырап бәрі қалғандай.
Қорғасын құйған қазанға
Қолымен дұшпан салғандай.
Қуалай соғып аштықпен,
Алаштың белін майырды.
Қаралы көшті қастықпен
Қан жоса қылып қайырды.
Кісен де салып тіліне,
Дәстүрлі салт пен дініне.
(...Жақ етін үнсіз айырды.)
Қызыл да Кеңес аш қылды,
Аша бір тұяқ қалдырмай.
Айтқан да жанға қас қылды,
Араға тәулік салдырмай.
Ұлтымды естен тандырды,
Бір жұтым демді алдырмай.
Қырып та салып жоқ қылмақ,
Патшадан жаман бұл Кеңес.
Ордаңды бұзып от қылмақ,
Ұры мен қары – құл Кеңес.
Өлердей қорқып Тұраннан,
Құранды жоққа шығарған, –
Ұлт пенен діннен тұл Кеңес!
Алаш пен арыс сорлады,
Аяусыз атып таптады.
Қара бұлт солай торлады,
Сүйегін сүрлеп аттады.
Тозақтан келген зауал бұл,
Кеңестің қызыл қақпаны.
Ұстаздық етті жастарға,
Әлімхан үнсіз жатпады.
Ұл менен қызға тастарға –
Оқулық жазып хаттады.
Қыл үстінде амалдап,
Мектеп ашты тақталы.
Алматы менен Ташкентте,
Шәкірт боп балдар еріп жүр.
Айналып заман қас дертке,
Кеудесін қайғы керіп жүр.
«Ғылымнан басқа жол жоқ» деп,
Алтыннан масақ теріп жүр.
Кезегін күткен келді күн,
Абақты ашты аранын.
Әлімхан емей енді кім?...
Солай да солай, қарағым.
Шипасын маған кім айтар,
Осынша ауыр жараның?..
Бір емес, екі сотталды,
Санаулы уақыт, есіл күн.
Ой ішінде шоқ қалды,
Есіл бір ғалым, кешіргін?!.
Әлімхан – төзім, шыдам бұл,
Кенжелеп солай кесілдім.
Қазақ автономиясын құруда Ә.Ермековтің өлшеусіз еңбегін зерделей отырып, оның онан кейінгі жасампаздық жолдары – Қазақ елінің шаруашылық жайын қалыптастырып, нығайтуға,халықты ағарту сияқты нақты істерге бағытталғандығына көз жеткіземіз. Қарқаралыда мектепашады, Ташкент пен Алматыдағы жоғары оқуорындарында математикадан дәріс оқиды. «Ұлыматематика курсы» 1-бөлім (1935), «Қазақ тілініңматематика терминдері» (1936) атты оқулықкітаптарды жарыққа шығарады. Қазақ арасынантұңғыш математика ғылымының профессоры атағын алады. Сонымен бірге нағыз білім мен біліктілікті қажет ететін сала – Халықшаруашылығын жоспарлау комитетінде жәнебасқа да жауапты қызметтерде болады.
АБАҚТЫДАҒЫ ЖЫЛДАР
Ә.Ермековтің басына тағы да бұлт үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмедеотырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейінжаламен қайта ұсталып, содан 1958 жылыбосайды.
Абақты-түрме...
Атылды...
Шапты... таныс сыр,
ГУЛАГ —тың қолы жер—жерде түгел қан ішкір.
Ол дәуір өзі өрт пенен өлім сұраусыз,
Жағалай жанған, қураған құрақ, қамыс бір.
Әлімхан отыр бір емес, екі сотталған,
Өзегін қара өртенген арман, от тамған.
Арыстар өлді, Алашорда жойылды…
Бәрі де елес, табарсың қалай жоқтан мән.
Қандықол Кеңес Алашты түгел жалмадың,
Етін жеп, сосын, сүйегін сорып талмадың.
Басталды соғыс. Неміс пен Кеңес шайқасты,
Көтерді халық оның да қанды салмағын.
Сатқындар шықты, арызын жазды, хаттады,
Шын тарих өлді, өтірік өршіп қаптады.
Босқындар жайлап, атомдар сынап, Семейде,
Қандықол Кеңес ұл менен ұлтты таптады.
Әлімхан шыдап, шығармай бақты бір үнін,
Бар арманы халыққа бермек білімін.
Ұлт аман болса – ұрпағың өсер жайқалып,
Елінен басқа арманы бар ма тірінің.
Әлімхан көрді азаптың түрін,
Қинады…
Соққыдан құлап, сонда да бойын жинады.
Ұлтына деген перзенттік ұлы махаббат –
Өмірге құштар өлшеусіз қуат сыйлады.
Тисе де оның маңдайы тасқа бес елі,
Желкенін керіп, ескегін алға еседі.
Шын ғалым деген ұлтының аппақ жүрегі,
Өлмейді олар, мәңгілік майдан кешеді.
Ә.Ермеков 1957 жылы 26 қарашада толық ақталып, Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқиды.
1970 жылы қайтыс болады.
ӘЛІМХАННЫҢ ЖАРЫ РАҚИЯ ЖӘНЕ ҰЛЫ МАҒАУИЯ
(Тектінің тұяғы... Жансебіл болған жар жүрегінің жарасы… Қазақтың қайсар әйелі…)
«...Анамның ақ сүт тілегін, жарымның аппақ жүрегін
Жаныммен сүйген ұл едім.
Уыздан татып нәр алдым,
Жүрегіңнің тұсында перзентің болып жаралдым.
Перизат күннен сыр алдым,
Қазақтың қайсар әйелін білмей де жүрген шығармын.
Жар сүйген жанның көзінде
Бесігін тербеп ана тұр,
Сен үшін жанын құрбан ғып, сарғайған шексіз сана тұр.
Періште деген осы ма?
Құс болып қонған қосыңа.
Анасын жоқтап бала тұр,
Қан жылап қанша дана тұр.
Жаһанның жүзі жас па екен,
Қап—қара түнек қара түн, жан – шуақ сәулем жана тұр.
Жана тұр менің жарығым, сөнбеген үміт тірегім,
Жапырақ тағдыр – жан телім, жаныммен сүйдім, бір едім.
Рақия – адал жар,
Мағауия – перзентім,
Шыдаңдар... шындық бар шығар, жетті ме менің тілегім?!
Әділдік түбі – бір Алла,
Күн болып сүйсін көңілім, Ай болып құшсын білегім.
Сарыарқа бойы – сан бұлақ,
Ұлытау бойы – ұлылық,
Жел болып жердің түбінен,
Бір көкжал келіп тұр ұлып.
Қағанат құрған халық ек,
Тамыры терең алып ек,
Қарар да бізге бір шындық, шам—шырақ жағып, бұрылып.
Сыйладым жанның арманын,
Ұлт бақытын күтем мен, жан жарым соны жүр ұғып…» –
Әлімхан солай тербеліп, түрменің ішін кезіп жүр,
Отқа бір түскен Отбасын,
Ойменен күйреп сезіп жүр.
Арысты сүйіп жар болған
Аруға заман тар болған.
«Алжир» мен «Карлаг», ГУЛАГ -тан дүние түгел безіп жүр.
Қорқау мен құзғын табысып,
Адамзаттың баласын, қан кешіп, әне, езіп жүр.
КҮННІҢ НҰРЛЫ ШУАҒЫ
(Тәуелсіздік)
Сексеуіл болдым, селдіреп кеттім, селдіреп,
Бозторғай тұрды: «Тәуелсіздік келді!..» деп!
Төгілген қан мен шашылған сүйек ар үшін:
«..Бастаңдар!..» – деді, – ақ уыз берген елді», –деп.
«Жылатпаң!..» – деді, – көз жасы оның сарқылған,
Самсаған сардар, асау да болған тарпынған...».
Дүние деген біздікі еді бір кезде,
Жерім жоқ менің шегініп кейін тартынған.
Ұлдарың бар ма Тәуелсіз елді бастарлық,
Айтатын ұрпақ бізден де кейін дастан ғып.
Қарап көр, Қазақ:
Болмасын дұшпан, байқаңыз,
Надан мен сатқын, жемқор мен жендет – қастандық!
Сөнбесін Қазақ күніңнің нұрлы шуағы,
Жар астында жауларың қарап тұр әлі.
Бабалар қолын Аллаға жайып, Ұрпаққа
Тәрбие—тәлім, ғылым мен білім сұрады.
Әлімхандарым – арлы да ғалым, аппақ нұр,
Періште жырдың пернесін басып жаттап тұр.
Бабадан қалған баһадүр ерлік аманат,
Па, шіркін, жалған, сенімін өлсек ақтап бір!..
ІШКІ ДАУЫС
Ел қадірін білерге,
Ер берсеңіз қайтеді.
Ақ сөйлеген кіл ерге
Бақ берсеңіз қайтеді.
Ұл қадірін ұлт біліп,
«Ерім!..» десе қайтеді.
Ер менен ел, жұрт тұрып,
«Жерім!..» десе қайтеді.
Дәстүрлі дін, салтыңды
«Сақта!..» десе қайтеді.
Ай мен Күндей халқыңды
«Бапта!..» десе қайтеді.
Тәуелсіздік – соңғы сын,
«Білім!..» десе қайтеді.
Мінез, сана, болмысың,
«Тілің!..» десе қайтеді.
Амалыңа бір Алла
Сенбек десе қайтеді.
Ақтан амал қыларға –
«Еңбек!..» — десе қайтеді?!..
Заман тыныш, заң әділ,
«Төрің!..» десе қайтеді.
Міне, ғажап, жаңа жыр,
«Өмір!..» десе қайтеді.
Ұлт бесігі – арманшыл,
Әлімханға дем берген.
Ұлтсыз сана – алдамшы ұл,
Уыз сүтін кем берген.
Көш баяулап кідірді,
Дәрмені жоқ сал деп жүр.
Тәрбиесіз білімді –
У қосылған бал деп жүр.
САРЫАРҚА, ҚОШ,ЕНДЕШЕ...
Жан өлкем, жағалай қыр жатсың ба әлі,
Атан нар, ақтылы қой ақ қырдағы.
Маңғыстау – қалы баулы, қазақы жыр,
Күміс қас, ақ білезік қапсырмалы.
Ту іліп дұшпанға көз қаратпаған,
Қиялы күн сәулесін тарақтаған.
Ұл туса жолбарысқа жерік болып,
Жүйрік ат, бес қарумен жарақтаған.
Уығын жез бен ойып қаламдаған,
Жетімі мен жесірі таланбаған.
Неше бір сұңғыла мен абыз өтті,
Ұрпақ пен ұлтын ойлап алаңдаған.
Жанымды жыр дауылым кернеп тұрды,
Бұлт келіп найзағайын сермеп тұрды.
Отпан тау, Адай Ата, Пірім Бекет,-
Есімін Әлімханның тербеп тұрды.
Сарыарқа, қош, ендеше, көңілдегім!
Көп сәлем тар жол кешкен өңірге мың.
Қазақтың ері егіз, ары бірге,
Көк ту мен жарқырасын көгіңде Күн!
(Сарыарқа – алтын алқап, елім менің!..)
Ескерту: Поэмадағы кейбір деректі мәліметтер уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынды.
Автор
МӘЛІМЕТТЕР:
Ермеков Әлімхан Әбеуұлы (1891-1970) — көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі.
Семей облысы Қарқаралы уезі Темірші болысында, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген.
1905 жылы Қарқаралы қаласындағы үш кластық училищені, 1912 жылы Семей ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі. Институтта оқып жүріп Г.Потанинмен танысады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов сияқты зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен етене жақын араласып, ұлт азаттығы жолындағы күреске қатысқан. 1917 жылы Алаш автономиясы құрылғанда, 26 жасында жаңа үкіметтің жаңа премьер-министрінің орынбасары, әрі ел шаруашылығын жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалған. Сол жылы II Бүкілқазақтық съезіне Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді.
1917-1918 жылдары Алаш автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, Комуч, Башқұрт үкіметі, Сібір облыстық думасы, Уфа директориясы атынан Колчактың Омбы үкіметімен келіссөздер жүргізеді.
1919-1920 жылдар аралығында Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-ревком комитетінің мүшесі, әрі коллегия төрағасы, Семей губревкомының мүшесі болып, Кеңес үкіметінің саяси басқару жүйесінде қызмет істеп, қазақ жерінің тұтастығын сақтау, шегарасын анықтау сияқты маңызды жұмыстар атқарып, қазақ жерлерін Қазақ АКСР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда айрықша еңбек сіңірген.
Ә.Ермеков Ленин басқарған Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде (Мәскеу, 1920 ж. 17-тамыз) қазақ елінің шегарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған қазақ. Батыс Қазақстан өңірінің, Каспийдің солтүстік жағалаулары мен Семей, Ақмола облысының жерлерінің, кейіннен Коростелев даласының Қазақстанға қайтарылуына зор үлес қосады. Еліміздің саяси, әлеуметік, экономикалық және мәдени өміріндегі маңызды өзгерістерге басшылық жасап, Қарқаралыда халық ағарту ісімен айналысқан.
1921-1924 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық жоспарлау басқармасының, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Қазақ АКСР-інің 6-7 шақырылған Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен жанында кітапханасы бар педагогикалық техникум ашуға зор үлес қосады. 1937 жылы педагогикалық техникум педагогикалық училище болып қайта құрылады (1945 жылы бұл педагогикалық техникум Абай есімін иеленіп, 1953 жылы Саран қаласына көшіріледі. Бұл қазір Саран педагогикалық колледжі деп аталады). Оқуын жалғастырып, 1923 жылы Томск технологиялық институтын бітіріп, геолог-барлаушы инженері мамандығын алып шығады. 1926 жылы ғылыми-педагогикалық қызметке ауысып, 1926-1928 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары тұңғыш педагогикалық институтының жоғарғы математика кафедрасының мұғалімі, әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы міндеттерін атқарады. 1929 жылы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Қазақ Ұлттықуниверситеті) доцент, 1932-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық мал дәрігерлік институтында доцент, профессор міндетін атқарып, кафедра басшысы болады. 1935 жылы мал дәрігерлік институтта кафедра басқарып жүріп, институт ғылыми кеңесінің ұйғарымымен (ВАК шешімі бойынша) тұңғыш рет математика саласынан профессор атағын алады. Кеңес өкіметіне, коммунистік-репрессиялық жүйеге қарсы қызметімен және Алаш партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болады. 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің үкімімен алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылып, бақылаушы органдардың бақылауына алынады.
1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» кітабын, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарған. 1935-1937 жылдары Алматы Кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, техникалық факультеттің деканы қызметтерін атқарады.
1932-1936 жылдары ҚазАССР оқу ағарту халық комиссариатының арнаулы тапсырмасымен қазақ тілінде математика терминологиясын жасап шығарады. 1937 жылы сталиндік озбырлық бұғауына түсіп, Ресейге барып бой тасалап, 1938 жылы шамалы уақыт Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.
Қуғын-сүргін жылдары «ұлтшыл», «халық жауы» аталып, қудалауға ұшыраған. Өзінің халық жауы емес екендігін дәлелдеп, арызданып, 1947 жылы мерзімімен бұрын босатылып, елге оралады. 1947 жылдың 15 тамызынан Шымкент технология институтындаматематика кафедрасын басқарып, ұстаздық етеді. Өкінішке қарай, ол жалған жаламен тағы да тұтқындалып, Ішкі Істер министрлігінің түрмесіне қайта жабылады. 1954 жылы ісі қайта қаралып, 1955 жылдың 7 наурызындаКСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеденмерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы қарашада толықақталды. Өмірінің соңына дейін Қарағанды тау-кенинститутында (қазіргі ҚарМТУ) аға оқытушы қызметінатқарып, ықтималдық теориясы, математикалықстатистика, теориялық механика, математикалықтерминология мәселелері төңірегінде ғылыми-зерттеужұмыстарымен айналысқан.
1998 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындаАлаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтіңқұрметіне еңселі ескерткіш орнатылды. Бүгінде Қарағанды, Қарқаралы қалаларының екі орталық көшесіне, Ағадыр кентінің № 131 орта мектебі мен Ақтоғай ауданы Қаратал ауылындағы орта мектепке Ә.Ермеков есімі берілген. Қарағанды қаласындағы Ә.Ермеков көшесінде «Әлімхан Ермеков» атты үлкен кітап дүкені ашылған. 2000 жылдан бастап Президенттік мәдени орталығындағы мұражайда Ә.Ермековке байланысты құжаттар мен суреттер жинақталып, Алаш алыбына құрмет көрсетіліп келеді.
Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том
( Поэманың соңы)
САБЫР АДАЙ
«Алаш» және «Махамбет» атындағы
халықаралық сыйлықтардың лауреаты.
2024 ж.