«АЛАШТЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ» апталығының қорытынды концерті өтті
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында 20-қарашада басталған апталықтың қорытындысы “АЛАШТЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ” тақырыбымен “Қарақат” мектеп-студиясы тәрбиеленушілерінің концертімен тәмамдалды.
Концерттік бағдарламаның бетпердесі ұлттық аспап домбырамен, яғни аталмыш аспаты үйреніп жүрген балалардың өнерімен басталды. 50-ге жуық оқушы 7 күй орындап, өнерлерін ортаға салды. Олар «Салкүрең», «Әке толғауы» сынды халық күйлері мен жерлесіміз, абыз күйші
Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындады.
Күмбірлеген күйдің үні жетігенші қыздардың әсем әуенімен жалғасты.
Дәстүрлі өнерді мәдениет қайраткері Айгүл Мақашеваның шәкірттері дәстүрлі әншілер тобының өнерімен жалғады. Сондай-ақ концерт барысында облыс көлеміндегі байқауларда жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрген биші бүлдіршіндер мыңбұрала билеп, халық ықыласына бөленсе, актерлік шеберлік сабақтарының тәрбиеленушілері бірі Ахмет, бірі Міржақып, енді бірі Мағжан болып ел жүрегін елжіретті.
Эстрадалық вокал және вокал топтарының жас әншілері жаңа замандағы рухты әндерді орындап, өз болашақтарынан зор үміт күттіретін тағы да бір көрсетті.
Барлығы бүгінгі іс-шарада 150-ге жуық 4 жас пен 16 жас аралығындағы өнерпаздар өз өнерлерін көпшілікке паш етті.
Іс-шара соңында барша өнер ұжымдары мен олардың жетекшілеріне мекеме директоры Сауран Қалиевтің атынан дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.
Іс-шараға Астанадан арнайы келген “Қарақат” мектеп-студиясының директоры Алтынай Өсімжанқызы орталық басшылығы мен мәдениет басқармасына өз алғысын жеткізе сөз сөйлеп, алғыс хаттарын да тапсырды.