Алаштың азаматы Әлібеков

Ғұбайдулла Әлібеков кім? Оның қандай еңбегі бар? Бүгінгі буын өкілдері ол туралы естіп-біліп жүр ме екен?

Әңгіменің әлқиссасын Ғұбайдулла атаның өмірдеректерінен бастасақ.   Ғұбайдулла Әлібеков 1870-1923 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұрынғы Орал облысы, қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Жымпиты уезінде (қазіргі Сырым ауданы) Қарасу болысында молдадан хат танып, Орал қаласындағы училищеде оқыған. Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын, семинарияда білім алған, ауылдық мұғалім болып қызмет атқарған. Бастапқы кезде Орал уездік полиция басқармасында тілмаш, кейін Ойыл және Соналы болыстарының басқарушы қызметін атқарған Алаш қозғалысының өкілі.

Алғаш рет 1929 жылы  жарық көрген, кейін 1992 жылы қайта басылған Н.Мартыненко құрастырған  аса құнды еңбек «Алаш Орда» атты құжаттар жинағында Ғ.Әлібеков туралы деректер сайрап тұр. Ғ.Әлібеков  Орал облысы бойынша Алаш Орда ұйымын құрушылардың бірі.  Белгілі қайраткер  Жаһанша Досмұхамедовпен  бірге Алаш қозғалысының  Орал облыстық  съезінің қарарларына  қол қойған. (Аталған кітап, 45 бет). Ғ.Әлібеков  Алаш қозғалысы мен Алашорда Үкіметін бүкіл Қазақстан  бойынша құруға да тікелей атсалысқан азамат. Ол 1917 жылы  Орынбор қаласында  өткен Алаш қайраткерлері  өткізген жалпықазақтық бірінші съезге (21-28 шілде) және екінші съезге де белсене қатысқан. Жалпықазақтық екінші съезде Алаш Орда Үкіметі құрылған. (46-47 б.б.) Алашорда үкіметі қабылдаған аса маңызды тарихи құжаттарда Ғ.Әлібековтың үлесі мол.

Алаш Үкіметі құлап, Алаш қозғалысы тарихи санадан өткен соң,  1919 жылғы сәуірде Кеңес Өкіметі  Алаш  қайраткерлеріне кешірім жасап, оларды жаңа билікке шақырды. А.Байтұрсынов бастаған көптеген Алаш қайраткерлері Компартияға өтіп, Кеңес өкіметіне  қызмет ету арқылы халқына қызмет етуге кірісті.

Ғ.Әлібеков те 1919 жылы Компартияға кірді. Атап өтелік нәрсе дәл осы кезде  компартияға кіріп,  Кееңес үкіметінің  басшы қызметкеріне  ену аса  қиындық тудыратын әрекет  болатын.  Осы жылы  Ғұбайдулла  Әлібековтың інісі  Әлиасқар  Әлібеков те  (1893 жылы туылған) Компартияға өтіп,  жоғары мемлекетттік қызметке араласып кетті.

Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасын құру және оның болашақ шекарасын, территориясын анықтау мақсатында 1919 жылы 10 шілдеде РКФСР Халық комиссары Кеңесінің төрағасы  В.И.Лениннің  декретімен  Қазақ революциялық комитеті (Казревком) деген  ұйым құрылды. Казревкомға  А.Байтұрсынов та мүше болды.  Ағайынды Әлібековтер де мүше болды. Алдымен Әлиасқар Әлібеков  1920 жылы ақпанда  ақпанда Казревкомға мүше болды. (Қараңыз: Протоколы Революционного комитета по управлению казахским краем (1919-1920 г.г. сборник документов Алматы, 1993 с 193). Ғұбайдулла Әлібеков 1919 5 мамырда В.И.Ленин қол қойған  куәлікпен мүше болды.  Осы куәліктің көшірмесі Ғ.Әлібековтың немересі Болат Әлібековтың қолында сақтаулы.

Казревкомның тікелей дайындалуымен екі жүз жылдық отаршылдық дәуірден соң 1920 жылы тамызда  Қазақ мемлекеті- Қазақ АКССР-і құрылды.

Орал комитеті бірінші Орал облыстық қазақ съезінің Жайық сырты бөлігіндегі бұрыңғы төрешіл-бюрократтық басқару жүйесін коллегальды халықтық басқару жүйесіне ауыстыру жөніндегі шешімінен туындаған барлық қаулы-қарарды жүзеге асырумен шұғылданды. Орал қаласындағы, уездегі қазақ қаржысына салынған жылжымайтын дүние-мүлікті есепке алып, қазақ пайдасына қызмет еткізу, елден ерікті жылу жинау, оқу орындарын ашу, жәрмеңкелер өткізу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, басқа қоғамдық ұйым-мекемелермен байланыс жасау ісімен айналысты. Әлібеков Ғұбайдолла съезді кіріспе сөзбен ашып, оның төрағасын, екі орынбасарын және үш хатшысын сайлау жөнінде ұсыныс жасаған. Съез төрағалығына Жаһанша Досмұхамедов сайланды. Әлібеков Ғұбайдолла Бүкіл Ресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып, осы съезде сайланады. Орынбор қаласында өткен 21-28 шілдедегі бірінші жалпы қазақ съезіне Әлібеков Ғұбайдолла Орал облысы мен Маңғыстау уезі атынан «Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидат» ретінде бекітіледі.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ съезіне де делегат болып қатысады. Осы съезде Жаһанша Досмұхамедовтың  Алашорда автономиясын жедел жариялау туралы ұсынысын жақтап дауыс береді. Осы съезде бүкіл Қазақтық құрылтай съезінде республика үкіметінің құрамына сайланады.

Әлібеков Ғұбайдолла Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, 1918-1920 жылдары Батыс Алашорда қызметіне айрықша еңбек сіңіреді.

1920 жылдың 24 қыркүйегінен бастап, ол Қазақ АКСР-і юстиция халық комиссары, кейін бас прокурор қызметіне тағайындалды. Әлібеков Ғұбайдолла сот тергеу ісін жетілдіру, қылмысқа қарсы күрес шараларының жаңа бағдарын қалыптастыру мәселелеріне жете көңіл бөлді. Сондай-ақ алғашқы құқықтық құжаттардың жобаларын әзірлеуге басшылық жасап, заң үлгілерін түзеу барысында жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, тарихи таным-түсінігі ескерілуін талап етеді. Осы кезеңде ағайынды Әлібековтер  Қазақстанның тұңғыш конституциялық сипаты бар  заңдық құжаттарын даярлауға басшылық жасады.  Олардың ішінде «Қазақ КСР еңбекшілері  құқығының  декларациясы» бар. Барымтаны жою, қалың малды жою, қазақтардың некелесу құқығы  туралы деректерді толықтай Ғ.Әлібеков дайындап, оларға Халкомкеңесінің төрағасымен бірге қол қойды.  Ғұбайдулланың  көп қырлы еңбектерінің  ішінде  қазақ жерлерінің тұтастығына  қосқан үлесінің, соның ішінде  Сібір ревкомы арқылы Ресейдің құрамында  қалып қою қаупі болған Ақмола және Семей облыстарының Қазақстанға түпкілікті қосылуына зор септігін тигізді. 1921 жылы наурыз айында денсаулығының нашарлауына байланысты бастапқы ісін аяқтай алмай, туған еліне оралады. 1922-1923 жылдары Орал облысы Жымпиты уезі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген шағында қайтыс болады.

Қаратөбе ауданының журналисі Қайыржан Хасановтың Ғұбайдулла Әлібеков туралы  «Алаш азаматы» кітабының қолжазбасы дайын тұр. Алаштың 100 жылдығына орай сол кітапты баспадан шығару жоспарда.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы