Алаштың рухани шамшырақтары
Өз алдымызға ел болып, еуропалық үлгіде дамимыз, жаңғырамыз деген асқақ мұраты болған Алаш қайраткерлерін тайғақ кешу, тар жолда рухани тұрғыдан қолдап, оларға тілектес болып, Алаш қозғалысына белсене араласқан ниеттес адамдар болған. Олар — XX ғасыр басындағы имани ілімнің нәрін жиған рухани шамшырақ болған дін қызметкерлері. Қазақтың заманауи үлгідегі тұңғыш үкіметін жасақтаған, ұлттық автономиялық мемлекетін құрған Алаш көсемдері мен қайраткерлерінің барлығы дерлік ең алғаш рет молдадан қара танып, діни ілім алған. Олардың оң қанаты — діни ілім, сол қанаты — дүниеуи ілім болған. Діни ілім арқылы Хақ Тағаланың құдіретін сезініп, оған шын иланған. Бүгінгі күні Алаш қайраткерлерінің әрбір мақаласынан Хақ Тағалаға деген көзқарасты байқауға болады. Сөздерінің әлқиссасын «Бісміллә» деп бастаған Алаш оқығандары өздерінің Құдай берген таланттарын туған халқына сүйіспеншілігімен, зор махаббатымен тиімді жұмсай білген.
Алаш қайраткерлері бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басы-қасында ғұлама Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, діндар ақын Ғұмар Қараш, Қосшығұлұлы Шаймерден, Науан Хазірет, Ахмет ишан Оразайұлы, Оразаев Мұстафа, Файзолла ишан Сатыбалдыұлы, мұхтасиб Әлмұхамед Оспанұлы, Ғылмани Сәдуақас, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы сынды дін қызметкерлері болған. 1890 жылы Ерейментаудың Малтабар ауылында дүниеге келген діни қайраткер, ақын, арабтанушы үлкен маман Ғылмани Сәдуақас 1907 жылы Ахмед Ғұсманұлының медресесінде алты жарым жыл оқып, діни білім алған. 1916 жылдың маусым жарлығына дейін Сілеті елді мекенінде бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп, халық арасынан жылу жинап, медресе ашып, мешітте имамдық қызмет жасаған. 1929-1934 жылдар арасында саяси науқандардың қуғын-сүргініне ұшырап, Омбының Любин ауданында бас сауғалап, зұлматтың нақақ оғынан аман қалған. 1952-1972 жылдары Қазақстан қазиятының қазиы қызметін атқарып, Орта Азия діни басқармасының мүшесі болған. Алаш идеясымен рухтас болған Ғылманидың үлкен еңбегі — Қазақстан Ғылым академиясының тапсырысымен әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуы. 1970 жылы «Құран туралы жала мен өтіріктер» атты көлемді кітап жазған және 110 мыңдай сөзді қамтыған арабша-қазақша сөздіктің авторы. Өмірінің соңында билер мен шешендердің сөздерін жинап, Құран Кәрім аяттары мен сүрелерін тәпсірлеп, діни сауалдарға түсінік беріп, жауап қайырып, мәуліт өлеңдері мен діни уағыздарды жазған. 1972 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен.
Алаш арыстарымен рухани байланыста болған, пікірлестердің бірегейі — діндар ақын, көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қарашұлы. Оның қазақтың саяси көзін ашып, рухани байытатын «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Тумыш», «Өрнек», «Бәдел қажы», «Шайыр», «Көксілдер» сияқты діни-саяси көзқарастағы танымдық әдеби еңбектері бар. Алаштың көрнекті қайраткері, үлкен оқымысты, ғасыр басындағы жоғары білімді қазақ заңгерлерінің бірі Жаһанша (Жанша) Досмұхамедұлы тапсырған Құран Кәрім жөнінде айталық. Бұл асыл кітап — Құран Кәрімдегі аяттар мен сүрелердің жинақталған бастапқы толық нұсқасы. Бірінші халиф Әбу Бәкірдің тапсыруымен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хатшысы болған Зәйд ибн Сәбит пайғамбардың айтуынан сүйекке, тасқа, теріге, пальма жапырағына жазылып қалған аят, сүре нұсқаларын жиыстырып жасаған түпнұсқа негіз етіп алынды. Үшінші халиф Осман ибн әл-Аффан (644 жылы) Алланың кітабын әр жерде әртүрлі оқудан туындаған толқуды басу үшін және мұсылмандар қауымын біріктіру үшін кітаптың толық нұсқасын жасауды Зәйд ибн Сәбит, Абдолла ибн Зубейрағ Саид ибн әл-Аска, Абдурахман ибн Әл-Харис сықылды шебер хатшыларға тапсырған. Құран Кәрім бір жағы жылтыр да тегіс сары түсті, екінші жағы кіржіктеу келген ақ түсті 353 қалың, мықты пергаментке түсірілген. Әр параққа 12 жолдан орналастырылған, әр парақтың жалпы аумағы 68х53 см, ал мәтіннің өзі 50х44 см құраған. Осман жиғызған Құран төрт дана етіп көшіріліп, халифалықтың басты төрт шаһары — Меккеге, Шамға, Куфаға және Басраға жіберілді де, бастапқы нұсқа Мәдинада сақталды. Құран Кәрімнің асыл (канондық) негізі саналатын бұл нұсқа яһудилер мен арабтарды жікке бөлуші дінсіздер тарапынан мойындалмады. Кейін исламда шиға (шиизм) бағытын жасаған бұл топ Осман халифті Мұхаммед пайғамбармен (с.ғ.с.) қатар оның туысы және күйеу баласы Әли ибн Әбу Талиб дәріптелетін «Ан-Нурайн» («Екі нұр») сүресін Құран Кәрімге енгізбей, алып қалды деп кінәлады. Соңыра шиғалар бірнеше мәрте көбейтіп таратқан айтылмыш сүре Құранның әр тұсында келтірілетін орамдардың басын қосқан кейінгі қоспа екендігі дәлелденді. Осман халиф 656 ж. айтылған топтың қоздыруынан шыққан бүліктің құрбаны болды: халифаның үйіне басып кірген бүлікшілер өзі жиғызған Құран нұсқасын оқып отырған Осман халифаға қанжар сұғып өлтірді. Халифаның қаны Алла тағаланың «Алла сені олардан құтқарады» деген сөзінің үстіне төгілді. Халифа қаны төгілген осы нұсқа ұзақ уақыт құрайыштар ұрпағы — нақшбандийа сопылық тариқатының пірлері тарапынан Самарқандтағы Хожа Ахрар мешітінде сақталып келді. 1869 жылы Түркістан өлкесі күшпен аннексияланғанына бір жыл өткенде, өлкенің генерал-губернаторы фон Кауфман ғылымда «Осман жиғызған Құран» не «Самарқандтық куфа Құран» аталатын айтылмыш нұсқаны Санкт-Петербургтің Көпшілік кітапханасына өткізді. Нұсқаны алғаш орыс зерттеушілері арасынан В.Р.Розеннің шәкірті А.Ф.Шебунин жан-жақты түрде қарап, соның ішінде палеографиялық тұрғыда зерттеген. 1905 жылы Санкт-Петербургте С.И.Писарев факсимилесін көлемі дәл түпнұсқадағыдай алып кітап етіп шығарды. А.Ф.Шебунин мен С.И.Писаревтің еңбегі нәтижесінде әлем зерттеушілері Құран мәтінінің түсірілу тарихын және араб палеографиясын тереңірек зерттеуге мүмкіндік алды. 1942 жылы А.Джеффери мен И.Мендельсон Писарев басылымы негізінде нұсқа ерекшеліктерін жаңа ғылыми деңгейде бажайлап шықты. 1917 жылы қарашада Петроградта өткен ІІ Бүкілресей мұсылмандар съезі өкімет орындарынан Осман жиғызған Құран Кәрімді қайтаруды сұрау жөнінде қаулы қабылдады. Ұзамай Ресей мұсылмандарының атқару органы — Шура-и-ис-ламның шешімімен оның Петроград Ұлттық жиынының өкілдері Халық Комиссарлары Кеңесінің қаперіне съездің айтылмыш қаулысын жеткізді. Смольныйға бұл топты Шу-ра-и-ислам Атқару комитеті төрағасы А.Салиховтың орынбасары, Халком Кеңесі төрағасы В.И.Ленинмен жақсы таныс Жанша Досмұхамедов бастап барды. Халық Комиссарлары Кеңесі өтінішті дереу қанағаттандырып, тиісті қаулы қабылдады. 1917 жылы 9 желтоқсанда В.И.Ленин Ағарту халық комиссары А.В.Луначарскийге қаулыны орындау жөнінде өкім етуін сұрап хат жазды. Осы хаттың негізінде Құран Кәрім Мемлекеттік көпшілік кітапханадан алынып, Шура-и-ислам өкілдеріне табыс етілді. Шура-и-ис-лам тарапынан әуелі Орынбор Дін басқармасы тұрған Уфаға, сонан соң Ташкентке жеткізілген Құран Кәрім Кеңес өкіметі тұсында Өзбек КСР-інің Тарихи музейінде сақталды да, 1990 жылы мұсылман қауымына біржола қайтарылып, Өзбекстан республикасының Дін басқармасына табыс етілген екен. Алаш тойының 100 жылдығы қарсаңында бұл қасиетті Құран кітабын елімізге қайтарып алар ма екенбіз?!
Елдос Тоқтарбай