«Алатау» мина-тартқыш кемесінде Қазақстан Республикасы ӘК әскери-теңіз жалауы көтерілді
Ақтау теңіз портында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың және ҚР Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы әскери күштерінің әскери-теңіз жалауын «Алатау» мина-тартқыш кемесіне табыстау салтанаты өтті.
Кеме командирі, капитан-лейтенант М.Баймұхановқа жалауды ҚР Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, вице-адмирал Жандарбек Жанзақов табыстады.
«Алатау» мина-тартқыш кемесі 2017 жылдың 30 наурызында қабылданып, Каспий теңізі акваториясын, жағалау бөлігін минаға қарсы қорғау үшін арналды. Кеме жыл бойы навигациялық кезеңде тәулік бойы пайдаланыла алады. Кеменің теңізде жүзу қабілеті 5 баллды құрайды. «Алатау» тартқышы вакумдық инфузия әдісі қалыптамасында негізделген тұтас шыны пластикалық корпусқа ие. Кеме мина іздеуге арналған айрықша батыстық құралдармен жабдықталған толыққанды мина тартқыш-іздеуші болып табылады.
— Бұл айтулы оқиға – «Алатау» мина тартқышы Маңғыстау облысына келіп тоқтады. Кемеде көтерілген әскери-теңіз жалауы Еліміздің мемлекеттік шекарасын, қоғамдық келісімін және тұрақты дамуын нығайтуға бағытталады. Маңғыстау – Каспий теңізі жағалауында орналасқан және мемлекетіміздің барлық әскери-теңіз күштері шоғырланған жалғыз облыс, — деді шарада сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Айман Оңғарбайқызы