Алаяқтар халықты қашанғы алдап-арбайды?
— Құрметті Бекболат Қанайұлы, ҚР Бас прокуроры Жақып Асановқа жолдаған депутаттық сауалыңыз қаржы пирамидаларына қатысты болды. Бұл өзі көп айтылған нәрсе. Бірақ нәтиже аз. Сіздің бұл жолы қайта көтеруіңізге не себеп болды?
— Айтуың дұрыс. Қаржы пирамидалары туралы көп айтылды. Қылмыстық іс қозғалып, қашқандары да көп. Өкінішке орай, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға береді. Оның себебі біздің қоғамда тез байығысы келетіндер бар. Олар қанша білімді болса да, тез алданады. Біз әлем xалықтарының сауаттылық рейтингісінде 11-орында тұрған ел екенбіз. Шүкір, біздің 99,6 пайыз xалқымыз әріп таниды. Ал білімді деп айта аламыз ба?! Мысалы, қаржылық білім тұрғысынан. Жоқ, айта алмаймыз. Себебі жыл сайын шығатын қаржылық пирамидаларға бар тапқанын салып, одан опық жеп, ақшасы күйіп, инсульт алып, несиесін жаба алмай, ағайынмен кейісіп жатқандар өте көп-ақ. Бұл жолы қайта көтеруіме сайлаушыларымыздың талабы себеп болып отыр. Олар маған осыны прокуратураға жеткізуді аманаттап, тапсырды, сондықтан айтпасыма болмады. Биыл «Questra World» дейтін қаржылық компанияның дақпырты жүріп тұр. Аңқау қоғам олардың сен инвесторсың дегеніне сеніп, жиған бар ақшасын соған салып жатыр. Көлік алуға, үй алуға, бизнес ашуға деп жинаған қордағы барлық ақшасын осы компанияның шотына салады да, одан аз уақытқа пайда көрем деп алданып отыр және алданғалы жатыр.
— Депутаттық сауал жолдамас бұрын қаржы пирамидасын зерттеген боларсыз? Олардың аңқау халықты арбап, алдап табатын қаржыларын мөлшерлеп айта аласыз ба?
— Нақты айту қиын. Маған жеткен мәлімет бойынша айтарым: Questra тақылеттес Қазақстандағы компанияның орта деңгейлі менеджерінің астына келіп қосылғандардың өзі 12 миллион доллар жинап беріпті. Тағы айтамын, толық ақшаның көлемін біле алмаймыз, қисап жоқ онда.
— Сіз көтеріп отырған қаржы пирамидасының тірегі саналатын Questra World сияқты қаржылық компаниялардың түп атасы қайда жатыр екен? Мекен-тұрақтары бар ма?
— Сұрастырдық. Бізге жеткен ақпар түлкі бұлаңға салады. Questra сияқты компаниялар өздерін Испанияда орналасқанын айтқанмен, негізгі мекенжайы Виргин аралдары секілді оффшорларда орналасқан. Депутаттық сауалымда айтқым келгені: xалықтың ақшасы шетел асып, ізім-ғайым жоғалып жатыр. Оған кім жауап береді? Онсыз да дағдарыс болып жатқанда азаматтар өз қолымен ақшасын беріп жатыр. Бұл компаниялардың бәрі заңсыз. Қазақстанда бір тиын салық төлемейді. Шетелдіктер бізге ақшаны бермейді, тек ақшаны бізден алып кетіп жатыр.
— Енді не істемек керек? Бұл жағдай асқына берсе, арты жақсылыққа апармасы белгілі ғой…
— Меніңше, ең тиімді бір ғана жолы бар. Оны депутаттық сауалымда айттым. Күмәнді шетелдік қаржылық компаниялардың қызметін тезірек бақылауға алып, оны тоқтату керек.
— Бас прокурорға бұл жайлы қатаң ескерту жасаған боларсыз. Қанша дегенмен депутаттық мандаттың күші бар дегендей…
— Шамам жеткенше айтуға тырыстым. Миллиардтаған теңгені xалықтан жинап алады және кейін үн-түнсіз жабылып қалатынын да жасырмадым. Солардың соңынан тергеу жүргізген біреу бар ма деп сұрақ та қойдым.? Бар болса, неге оны әшкерелемей жатқандарын білгім келетінін де жеткіздім. Қайталап айтамын: Дәл осы сәтте біздің елімізде Questra-ға ақша салу үшін кредит алып, ломбардқа алтынын өткізіп, көлігін сатып жатқан адамдар көп. Әне-міне дегенше Questrа-мыз да жабылып қалады, түсінікті, үрленген шар секілді ол жарылады. Ақырында инсульт алған, инфаркт алған ағайын қалады. Сосын кім жаман?! Үкімет жаман болады. Себебі бұндай қаржылық компанияларды тексеру керек еді, тоқтату керек еді, xалықты қаржылық сауаттандыру керек еді. Осы жағы кемшін болып тұр.
— Уақытыңызды бөліп, сауалымызға жауап бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗДАР!
Құрметті азаматтар! Ғаламтор мен электронды төлем құралдары қарқынды дамуда. Нарықта осы құралдарға ақшаны тиімді инвестициялаймыз деген сияқты көптеген ұсыныстар бар. Алайда оны қалай дұрыс жасау керектігін барлығы бірдей біле бермейді. Оны алаяқтар өз мақсаттарына пайдалануда. Қаржы пирамидаларының адал ұйымдардан айырмашылығы неде?
Біріншіден, олар орасан зор пайдаға кенелтемін деген уәдемен адамдарды жаппай өздеріне тартады. Ал ондай пайданы ешбір банк те, ешбір басқа ұйым да қамтамасыз ете алмайды. Бұл күмән туғызуы керек. Екіншіден, олар шет елде тіркелген, құрылтайшылары белгісіз, ақша шетелге шығарылады. Олардың өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндіріп бере алмайды. Оның орнына сіз маңызды серіктес пен жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі буклеттерді көресіз. Үшіншіден, олар сіз жаңа клиенттер әкелсеңіз, қосымша табыс төлейтіндерін уәде етіп, үнемі ынталандырып отырады. Осы белгілердің барлығы Қазақстанда жарнамасы мен қызметіне тыйым салынған қаржы пирамидасына нақ кез болғаныңызды көрсетеді (ӘҚБ Кодексі 150-бап және ҚР ҚК 217-бап). Егер сіз алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, полицияға немесе экономикалық тергеу қызметіне жүгінуіңіз керек.
Жақында БАҚ-та «Questra Holdings Inc.» компаниясы туралы мақала жарияланды. Ол туралы Парламент депутаттары да айтты. Бұл туралы келесі жұмыстар атқарылды.
Бірінші. Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен ішкі істер органы осы жылдың 15 наурызынан «Questra Holdings Inc.» қатысты қылмыстық іс бастады. Екінші. ІІМ-не бүкіл ел бойынша тергеу ұйымдастыру үшін тергеу тобын құруға нұсқау берілді.
Үшінші. Ұлттық Банкпен, ІІМ-мен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірігіп жағдайды бақылауға алып, қаржы пирамидаларының қызметтерін бұлтартпау үшін шаралар қабылдаймыз. Азаматтарды сақ болуға және өз қаражаттарын алаяқтарға сеніп тапсырмауға шақырамыз. Күмән туған жағдайда, ақшаны салмас бұрын құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы