Алдаберген Қайырбекұлы Мырзабеков-90 жаста
Қазақ музыкасының «мұзжарғышы»
Зымыраған уақыт, сірә, тоқтауды білмес. Өмір бар да, өлім бар. Осы екі аралықтағы жол, тек, уақыт қана. Сол жолды байыппен жүріп өту әркімге әрқалай бұйырады екен.
Осыдан екі жыл бұрын Алдаберген Қайырбекұлы Мырзабековті қимастықпен мәңгілік мекеніне шығарып салған еді қалың жұрт. Өмір жолы өнегеге толы азаматын халқы сағынышпен еске алады.
Қазақ мәдениеті мен өнері 2018 жылғы 6 ақпанда ауыр қазаға ұшырады. Атақты дирижер, ұлағатты ұстаз, публицист, Қазақстан Республикасының халық әртісі, отандық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі Алдаберген Қайырбекұлы Мырзабеков 88 жасына қараған шағында дүниеден озды.
А.Мырзабеков 1930 жылғы 14 қарашада туылып, Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы мектепте білім алған.
Оның есімі тек республикамызға ғана емес, көршілес және алыс шетелдер жұртшылығына жақсы таныс.
Ол Алматы мемлекеттік консерваториясын дирижер, жеке орындаушы, ұстаз мамандығы бойынша бітіріп, 1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне дирижер болып тағайындалды. Қазақтың аспаптық музыкасы – күй жанрының кәсіби дәрежеде дамуына зор үлес қосты. А.Моцарт, Л.Бетховен, И.Брамс, М.Глинка, П.Чайковский секілді классикалық музыка композиторларының шығармаларын Құрманғазы атындағы оркестрдің репертуарына қосып, оның көркемдік, орындаушылық дәрежесін биікке көтерді. 1962 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы музыкалы драма театрына көркемдік жетекші және бас дирижер қызметіне жіберілді. Мұнда ол тұңғыш рет қазақтың халық аспаптары оркестрін құрып, оның орындаушылық деңгейін кәсіби дәрежеге жеткізді. Аталған еңбегі үшін Моңғол Халық Республикасының «Алтын жұлдыз» орденімен және Ұлы Халық Хуралының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Дирижерлік мамандығын одан әрі тереңдету мақсатымен 1966 жылы Мәдениет министрлігінің ұйғаруымен Мәскеудегі Н.Осипов атындағы ұлттық академиялық халық аспаптары оркестріне дирижерлік тағылымдамадан өту үшін оқуға жіберіледі.
1968 жылы Мәдениет министрлігінің шешімі бойынша Құрманғазы оркестріне көркемдік жетекші және бас дирижер қызметіне тағайындалды. А.Мырзабековтің халық оркестріне өңдеп түсірген Тәттімбеттің, Сүгірдің, Әшімтайдың классикалық шертпе күйлері, Ықыластың қылқобыз күйлері қазақ орындаушылық өнерінде айтарлықтай жаңалық болды.
Оның халық аспаптарына лайықтап жасаған партитураларының жинағы музыка мектептерінде негізгі оқулықтардың біріне айналды. А.Мырзабековтің есімі қазіргі таңда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бай тарихына еніп, атақты дирижерлер – Ахмет Жұбанов, Леонид Шаргородский, Шамғон Қажығалиевтің қатарында құрметпен аталады.
Өмірде де, өнерде де еңбегін бұлдамай, үнсіз еңбек етіп, атақсыз да атақты болып, өлшеу¬сіз іс атқарып кеткен адамдар болады. Осындай жанның бірі Қазақстанның халық артисі, профессор Алдаберген Мырзабеков егер тірі болғанда қарашаның қоңыр салқын күнінде 90-жасқа толып, жерлестері торқалы тойын атап өтер еді.
Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы: «Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген екен.
Осы орайда елінің мүддесі, бірлігі мен болашағы жолында қанын да, жанын да аямаған ұлы тұлғаларымызды ұлықтау бағытында облыста ауқымды шаралар жалғасын тауып келеді.
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтатады», — деген еді.
Жамбыл жерінің, Тараз топырағының, Әулиеата өңірінің даңқты тарихы бар екенін тарихшы-ғалымдар көне құжаттар мен археологиялық жәдігерлер негізінде әлдеқашан дәлелдеген. Біздің қасиетті өлкеден шыққан ұлы тұлғалар аз емес.
Жамбыл жері – талай өнер тарландары түлеп ұшқан өңір. Бүгінде қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген де таланттарымыз жетерлік.
Міне, сол өнерпаздардың өнегелі өмір жолдарын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында облыс орталығында «Әуендер әлемі» алаңы ашылған болатын.
Мұнда өнер иелерінің құрметіне арналған стелла қойылып, айналасына отыз тұғыр тас орнатылған. Бетіндегі алпыс жұлдыз белгісінде өнер жұлдыздары мен тұлғалардың есімдері бар.
Стелланың тұғырына Ж.Жабаев, Балуан Шолақ, Ы.Дүкенұлы, К.Әзірбаевтың өнер туралы қанатты сөздері қашалған. Алаңның аумағы – 700 шаршы метрден асса, стеланың биіктігі – 6,5 метр.
Осы тізімдердің қатарында Алдаберген Мырзабеков те бар.
Өзін танитындар кісілік пен кішіліктің көзі, өзі еді. Көзі еді демекші, кешегі Жаппастардың, Шамғондардың, күні кеше өмірден өткен Жексенбек Еркінбековтердің соңында қалған бір биік, бір бекзат еді,-деп қимай еске алады.
Расында да ол музыкаға еуропалық талғамды, ұлт музыкасына биік мәдениетті алып келіп, дала мәдениеті мен өркениетін тоғыстырып, өзін өзгеден ерекшелеген тұлға еді.
Ол тұңғыш рет соншалықты тылсым, күрделі қобыз күйлерін оркестрге түсірді. Оның жүздеген шәкірттері одан осы қасиетті алып қалды.
Қазақ музыкасының «мұзжарғышы» Құрманғазы оркестрін де басқарып, оны бір белеске көтергені де жұрт жадында.
Оның бойындағы қарапайымдылық, адами ізгі қасиеттер, педагогтік, ағартушылық ілім-білім, элиталық, ақсүйектік болмыс-бітімі ұлт музыка мәдениетінің тарихында, Сарысулық жерлестерінің есінде мәңгіге қалды