Алдағы 5 жылда Маңғыстау облысында 13 туристік жоба жүзеге асады
Маңғыстау облысында туризмді дамыту – өңір экономикасының басым бағыттарының бірі болып табылады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау облысы Республиканың перспективалы туристік өңірлерінің үздік 10-дығына енді. Қазіргі уақытта өңірде теңіз курорты, Каспий теңізінің жағалауындағы жағажай туризмін дамытуға басымдық берілуде.
Елбасының 2018 жылғы тамыздағы Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасынан кейін өңірдің туризмі мен инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөлінді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен инфрақұрылымды одан әрі дамыту нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер жаңа туристік бастамаларды іске асыру шін зор мүмкіндікке ие болды.
Инженерлік-көлік инфрақұрылымын белсенді дамытудың арқасында 2020 жылғы шілдеде инвестициялар көлемі 60 млрд.теңгеден асатын «Rixos Water World Aktau» көпфункционалды туристік-қонақ үй кешені іске қосылды.
2020 жылдың күзінде курорттық аймақты дамытудың 2-ші кезеңі басталды, оның шеңберінде Тетис Интернэшнл хаб (тақырыптық парк, гольф-клуб, сауда қатарлары, қонақ үйлер), БиАй Груп (Aktau Riviera виллалар мен апартаменттер кешені) және «Bazis-A» корпорациясы (aqualina RESORT курорттық-қонақ үй кешені) ірі жобалары іске асырылуда.
2021 жылдың шілдесінде «тақырыптық ойын-сауық паркі» іске қосылды. Жыл соңына дейін гольф-клуб, виллалар мен «Town Center» сауда қатарлары, виллалар, таунхаустар пайдалануға беріледі.
2004 – 2020 жылдар аралығында өңірге келген туристер саны 2,5 млн асқан. Оның 2 млн-дайы ел азаматтары (ішкі туризм деңгейінің көрсеткіші), қалған 500 мыңнан астам адам шетелдік туристер.
2021 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірге саяхаттап келушілер саны (ресми статистикалық мәліметтер бойынша) 139 мың адамды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 есе өсті (2020 жылдың қаңтар-маусымы – 45 мың адам);
— Туристік әлеуетімізді арттырудың тағы бір маңызды бағыттары — экологиялық туризмді, киелі жерлерді, мәдени туризмді, сондай-ақ су ойын-сауықтарын дамыту болып табылады. Жалпы, өңірдегі туризм саласы бойынша 2021-2025 жылдар кезеңінде мыңнан астам жұмыс орындарын құра отырып, жалпы сомасы 300 млрд.теңгеден асатын 13 жобаны іске асыру жоспарланған. Жергілікті компаниялардың қатысуымен 2022-2024 жылдар кезеңінде 8 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қонақ үй бизнесі саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру пысықталуда. Облыс әкімдігі туризмді дамыту бойынша одан әрі шаралар қабылдауға қатысты жоғары тұрған басшылықтың тапсырмаларын орындауды тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өткім келеді, деді облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров.