Алдағы бес жылда Сарысуға тартылатын инвестиция көлемі 1 трлн. теңгеге жетеді

Сарысу ауданы қос бағытта қарқынды дамып келе жатқан киелі өңір. Бірі – ауыл шаруашылығы болса, екінші бағыты – өнеркәсіп салалалары. Татулықты ту еткен аудан халқы бірлік пен ынтымақтың, еселі еңбектің арқасында аймақтың әлеуетін арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасты.
Бұл туралы аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев ӨКҚ баспасөз алаңында айтты. Оның сөзінше, инвестиция мен өнеркәсіп көлемінің артуы – аймақ экономикасының дамуымен тікелей байланысты.
«Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 52,1 млрд. теңгені құрап, 102,0%-ға, ауданға тартылған инвестициялардың көлемі 22,1 млрд. теңгеге жетіп, 52,3%-ға орындалды. Аталған көрсеткіштердің негізгі бөлігін ірі қала құраушы кәсіпорындар «Еврохим» ЖШС-і мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені құрайды. Шикізатты өңдеп, ірі өндірісті дамыту бағытында алдағы 5 жылға инвестициялық жобалардың перспестивалық жоспары жасақталған. Жалпы, құны 892,1 млрд. теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаның пулы әзірленді. Мақсатымыз — қосымша жобаларды тарта отырып, инвестицияның көлемін 1 триллионға жеткізу. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табатын болады», — деді спикер.
©️©️©️
✅ Марат Қырғызәліұлы ауданның жалпы бюджеті бүгінде 16,6 млрд. теңгені құрайтынын атап өтті. 9 айдың қорытындысымен аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің кірістер жоспары 10,9 млрд. теңге болса, нақты түсім 11,2 млрд. теңгені құрап, 3,2%-ға артты.
❗️ «Ауыл шаруашылығы саласында 9 айда өндірілген өнімнің көлемі 9,3 млрд. Теңге болды. Егістік жер көлемі 24 473 гектарды құрап, оның 24 020 гектар жері немесе 99%-ы жоспарлы түрде игерілді. Пайдаланылмай жатқан 64,3 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Елді мекен жайылымы 45 мың гектарға ұлғайды», — деді М.Сұлтанғалиев.

Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі