Алдағы жарты жылда теңге бағамы қалай өзгереді?
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институтының жетекші сарапшысы Айжан Мұқышбаева:
«2018 жылдың бірінші жартысында теңге бағамы бір доллар үшін 330-350 теңге аралығында өзгеруі мүмкін. Өткен жыл соңындағы теңге бағамының 330 теңге көлемінде тұрақтануы ОПЕК-тің өндіріс көлемін қысқарту туралы шарт негізіндегі мұнай бағасының көтерілуімен байланысты.
2017 жылдың екінші тоқсанында сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне қол жеткізілсе де, мұнайдың жоғары бағасы АҚШ-та сланец секторында өндірудің жаңа өсуін тудыруы мүмкін. АҚШ-тың энергетика туралы ақпарат тарату агенттігінің (ЕІА) болжамына сәйкес, 2018 жылы АҚШ-та сланец өндірушілері мұнай өндіруді күніне 9,2 миллион баррельден 10 миллионға дейін арттырады, бұл өз кезегінде мұнайдың молдығына әкеп соғады. Әлемдік мұнай нарығындағы ойын ережелері мұнайға юаньмен төленетін фьючерстер сауда-саттығына байланысты да өзгеруі ғажап емес.
Қазіргі уақытта АҚШ валютасында тағайындалатын жаһандық энергетикалық нарықта — Brent және WTI қатарлы жаһандық шикі мұнай эталон келісімшарттары сатылады. Ағымдағы жылы теңгеге елеулі ықпал етуі мүмкін факторларының қатарында Федералдық резервтік жүйе бағамының біртіндеп өсуі де бар. Себебі, ФРЖ ставкалары инвесторларды долларлық активтерге шығаруды ынталандырғандықтан, доллар басқа валюталарға қарағанда күшеюі мүмкін. Өткен жылы ФРЖ үстемесі 0,75 пайыздан 1,5 пайызға дейін өсті, ал 2018 жылы экономистер бұл ставканы 2,25 пайызға дейін көтеріледі деп күтуде.
Нәтижесінде, мұнай нарығындағы ағымдағы қозғалыс сыртқы күйзелістерге үлкен әсер ету жағдайында теңгені елеулі түрде нығайта алмайды. Экспорт құрылымында түбегейлі сапалы өзгерістер болған жоқ. Бірінші жартыжылдықта теңгенің бағамы бір долларға 330-350 теңге аралығында ауытқуы мүмкін. Соңғы уақытта мұнай бағасының жоғары болуы экономиканы әртараптандыру бағдарламаларын жүзеге асыруда босаңсуға себеп болмауы керек. Мұнай бағасының өсуінен түсетін қосымша кірістердің басым бөлігін мұнай-химия және мұнай өңдеуге салу пайдалырақ»,— деген болжамын алға тартты.