ӘЛДИ, ӘЛДИ, АДАМЗАТ…

Ұйықта, адамзат, шаршадың ғой болдырып,
Миллиондаған ғасыр бойы жол жүріп?
Жұлдызша ақты мына жаңа ғасыр да,
Сені ғарыш кемесіне қондырып.
Ұйықта, адамзат…
Шаршадың ғой, болдырып?
Тарих сахнасында –
Актер болып ойнаудан да шаршадың.
Ойсыздықтан…
Ойлаудан да шаршадың.
Талай мәрте Сайтанды да талқандап,
Жеңісіңді тойлаудан да шаршадың.
Күрк-күрк етіп шемен толы қос өкпең,
Әзер тұрып жүргендейсің төсектен.
Сен шаршадың – аштық, ауру, соғыстан
Сен шаршадың – түрме, жала, өсектен.
Қағынып,—
Тажал күштер тарпа бас сап жабылып;
Сен шаршадың – неше түрлі заманда,
Неше түрлі құдайларға бағынып!
Сорыңа –
Жантық біткен жатып алды жолыңа.
Талай рет Иудаға сендің де,
Шырматылдың сатқындықтың торына.
Сен шаршадың – сөйлеуден де көпіріп,
Сен шаршадың – өксуден де өкіріп.
Күюден де – көкірегіңді от ұрып,
Сен шаршадың – сүюден де өтірік!
Сен қажыдың, тұрпатыңнан байқағам,
Әлди, әлди!
Бесік жырын айт, Адам!
Анаң айтқан ұлы өлеңді ұмытсаң,
Есіңе бір түсірейін қайтадан!
Әлди, әлди, адамзат…
.