«ӘЛЕМ БАРЫСЫНА» ӘЛЕМ КӨЗ ТІГІП ОТЫР

Алғашқы «Әлем Барысы» 2014 жылы өткені белгілі. Оған 35 елдің апайтөс балуандары қатысып, жүлделерді өзара бөліскені есте қалыпты. Енді, міне, араға екі жыл салып «Әлем барысы» қайта аренаға шықты. 8 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс Аренада» қазақ күресінен «Әлем Барысы» атағы үшін түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты жалауын көтермек. Оған әлемнің 40 елінен ең мықты деген бір-бір балуаннан қатысады. Қазақстан жарысты ұйымдастырушы ел ретінде төрт балуан қатыстыруға мүмкіндік алып отыр.

Абсолютті әлем чемпионатын тікелей эфирде «Qazaqstan», «Qazsport», түріктің «TRT Avaz», Ресейдің «Матч! Планета» және «Бокс ТВ» телеарналары көрсететін болады.

Тағы бір жағымды жаңалық бар. «Әлем Барысы» чемпионатын тамашалауға келген көрермендер арасында ұтыс ойыны жүргізіліп, жеңімпаз  Renault Logan көлігін ұтып алуы мүмкін. Бұл туралы «ЭКСПО» көрмесі аясында өтетін «Әлем Барысы» қазақ күресінен әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихатында «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев мәлім етті.

«Көрермендер арасында жүлдеге автомобиль ойнатпаған турниріміз жоқ. Бұл жолы да француздың тамаша Renault көлігі ойнатылатын болады. Әдетте, біреулер ұтысты өздерінің таныстарына береді деп жатады. Бізде ондай болған емес. Бізде барабанды беделді тұлғалар айналдырып, жүлдегерді анықтайды. Мәселен, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкепіров. Яғни, олар әділдіктен аттап баспайды», — деді ол. Сондай-ақ Арман Шораев «Әлем Барысы» жеңімпаздарына берілетін жүлдеге қатысты да мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, жалпы жүлде қоры 30 млн теңгені құрайды.

«Жалпы бізде жүлделі 10 орын бар. Бірінші орынға — 15 млн, екінші орынға — 5 млн, үшінші орынға — 3 млн,  төртінші орынға — 2 млн, бесінші орынға — 1,5 млн, алтыншы орынға 1 млн теңге болып жалғаса береді. Біз бұл жарысқа келетін әрбір төртінші спортшы жүлдесіз қайтпауын қарастырдық. Бұл дұрыс деп есептейміз», — деді қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Cонымен 6 қыркүйек күні сағат 18:00-де «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында «Alem Barysy» қатысушыларының салтанатты салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі болады.

Осы орайда айта кетейік, 8 қыркүйек күні Астанадағы «Барыс Аренада» өтетін қазақ күресінен «Әлем Барысы» түйе балуандарының әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын балуандардың есімдері белгілі болды. Бұл  дода да бақ сынау үшін балуандар 22 тамыздан бастап,  Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Жиын нәтижесі бойынша бас жаттықтырушы Ерлан Естек бастаған бас бапкерлік кеңес «Әлем Барысында» ел намысын қорғайтын төрт балуанды таңдап алыпты. Олар: төрт дүркін әлем чемпионы және Қазақстан Барысы жеңімпазы Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы және Қазақстан Барысы турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов, жас та болса, болашағынан зор үміт күттіретін Айбат Сейтен және Дәурен Нұралинов. Сонымен қатар, биылғы «Қазақстан Барысы-2017» турнирінің жеңімпазы Еламан Ерғалиев пен танымал түйе балуан Ержан Шынкеев жоғарыда аты аталған балуандар жаттығу барысында жарақат алып қалып жатса, орынына боз кілемге шықпақ.

Нағашыбай Қабылбек