ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ НҰРИЛА АСАНҚЫЗЫ ТҮРКІСТАНҒА ОРАЛДЫ
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған Түркістандық ару Нұрила Асанқызы жеңімпаз атанды. Жаһандық додада чемпион атанған батыр қыз туған жерге оралды.
Әйелдер арасында алғаш рет енгізілген жауынгерлік самбодан +80 келіде күш сынасқан түркістандық Нұрила Асанқызы топ жарды. Сондай-ақ 80 келіде бақ сынаған Ұлбосын Абилова қола жүлдені қанағат етті. Ғаламат нәтиже көрсеткен жерлестерімізді Түркістан теміржол вокзалынан спорт саласының мамандары және туған-туыстары үлкен құрметпен қарсы алды.
Айта кетейік, Нұрила финалда Түркіменстан спортшысы Сабина Агажановамен қиян-кескі шайқас өткізіп, 7:4 есебімен басым түсті. Нағыз намысты қолдан бермеген Нұрила мұрны сынып, ауыр жарақат алса да берілмей, аяғынан дейін тайталасып, жеңіске қол жеткізді. Жүлде салған спортшылар – Түркістан облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиадалық спорт мектебінің шәкірттері.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі