Әлем мойындаған қазақ каскадері Қасым Жұмағожиннің қазасына бүкіл ел болып қайғырды

Қараша айының басында цирк актері және танымал каскадер Қасым Жұмағожиннің қайтыс болғаны туралы барлық интернет сайттарда жазылды. Бұл суық хабар оның жақындары үшін төбеден жай түскендей болды. Отыздан енді асқан жігіт бірнеше қазақстандық, ресейлік және голливуд фильмдеріне түсіп үлгерген. Күрделі, қауіпті трюктарды орындаған каскадер. Азия мен Еуропаның ең мықты цирктарында өнерін көрсеткен әртіс. Өлімінің себебі — инфаркт.

Қасымның түскен кинолары мен атақтары

Қасым Жұмағожин көптеген отандық және шетел киноларына түскен. Алғашқы киножобасы – «Көшпенділер» (2005 жылы). Одан кейін Тимур Бекмамбетовтың «Күндізгі сақшы» киносына түсті. Қасым түскен фильмдер: «Волкодав из рода серых псов» (2006) – режиссері Николай Лебедев (Ресей); «Махамбеттің қылышы» (2007) – режиссері Сламбек Тәуекел (Қазақстан); «Код апокалипсиса» (2007) – режиссері Вадим Шмелев (Ресей); «Рэкетир» (2007) – режиссері Ақан Сатаев (Қазақстан); «Мұстафа Шоқай» (2008) – режиссері Сатыбалды Нарымбетов (Қазақстан); «Қош бол, Гүлсары!» (2008) – режиссері Ардақ Әмірқұлов (Қазақстан); «Секер» (2009) – режиссері Сәбит Құрманбеков (Қазақстан); «Байқоңыр» (2011) – режиссері Файт Хелмер (Ресей, Германия, Қазақстан); «Конан – Варвар» (2011) – режиссері Маркус Ниспел (АҚШ); «Мамырдың жеті күні» (2011) – режиссері Ермек Тұрсынов (Қазақстан, Ресей); «Вендетта по-русски» сериалы(2011) – режиссері Олег Туранский (Ресей); «Жаужүрек мың бала» (2012) – режиссері Ақан Сатаев (Қазақстан); «The Expendables 2» (2012) – режиссері Саймон Уэст (АҚШ); «Джокер» (2013) – режиссері Талғат Жәнібеков (Қазақстан); «47 ронинов» (2013) – режиссері Карл Ринш (АҚШ); «Қазақша ұрлау» (2014) – режиссеріҚайыржан Орынбеков (Қазақстан); «Марко Поло» сериалы, 1-ші кезең (2014) – режиссерлары Дэвид Петрарка, Джон Мэйбери, Даниэль Минахан (АҚШ); «Бүкіл әлем біздің аяғымыздың астында» (2015) – режиссері Саламат Мұхаммед-Али (Қазақстан, АҚШ); «Анаға апарар жол» (2016) – режиссері Ақан Сатаев (Қазақстан); «Викинг» (2016) – режиссері Андрей Кравчук (Ресей); «Коловрат» (2017) – режиссері Иван Шурховецкий (Ресей); «Тобол» (2018) – режиссері Игорь Зайцев (Ресей); «Балуан Шолақ» (2018) – режиссері Нұргелді Садығұлов (Қазақстан) және басқалар…Қасым Жұмағожин көптеген спорт түрлерімен айналысқан. Ол таэквондо, трамплинг, рэтчет, жану, семсерлесу, ат акробатикасы, құзға шығу, биіктіктен құлау (10 метрден жоғары), садақпен ату, найза лақтыру, суда жүзу және риггерді шебер меңгерген каскадер болған. Халықаралық фестивальдердің жүлдегері: Ресейдің Ижевск қаласында өткен Халықаралық цирк өнері фестивалінің «Золотой медведь» иегері, 2012 жылы Қазақстанда өткен халықаралық фестивальдің бас жүлдесінің иегері. «Номад» ат-акробатикалық тобының жетекші әртісі болды. 2009 жылы Еуразия нарық университетін «менеджмент» мамандығы бойынша сырттай бітіріп шықты.
(Tengrinews.kz. жаңалықтарынан алынды)

 

Бес жасынан циркте өскен бала

Қасым жас кезінен өте ұялшақ, мейірімді жан болды. Менің есімде осындай қалпында жатталып қалды. Біздің қарбалас өміріміздегі зұлымдық, арсыздық пен өтірік үшін Қасым өзінің жанын арының садақасындай көргенін оның қысқа, бірақ қызыққа толы өмірі дәлелдеп кеткендей. Ол шыншыл, адал азамат еді. Өте мәдениетті, тәрбиелі болатын. Тұла бойы қарапайымдылыққа тұнып тұрған тұлға. Бұндай жанды қазір іздеп жүріп табу — қиынның қиыны. Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Шалабаев оны «Союзгосцирк» жалпыодақтық бірлестікте жұмыс істейтін әртістердің балаларының ішінде алабөтен ерекшеленгенін айтқаны бар. Қасымды ешқашан жаман сөз айтпайтын, үлкендерді сыйлай білетін деп есіне алды. Бұл жылдар бойы отбасымен гастрольде жүретін шығармашылық адамдары арасында сирек кездесетін жәйт екеніне де Уәкең назар аудара сөйлеген.


Қасым Жұмағожин жас та болса тәжірибелі әртістердің қатарында болды. Цирк жастары және өз құрдастары үшін ол ұстаз әрі тәлімгер бола білді. Бұған таңғалуға болмайды. Өйткені Қасым өз ісінің нағыз шебері болатын. Қасым — екінші ұрпақтағы әртіс. Қасымның әкесі — Арғынғазы Жұмағожин Қазақ ұлттық циркінде еңбек еткен алғашқы әртістердің қатарына жатады. Жуырда цирк өзінің жартығасырлық мерейтойын атап өтпек. Сондықтан Қасым жастайынан цирк өнерінің ішінде қайнап, кедергілерді жеңу, батырлық, ержүректілік, қаһармандық және үйлесімдік сияқты қасиеттерді өз бойына сіңіріп өсті. Репетицияларға бар маңдай терін сығып жүріп жан-тәнімен қатысатын. Цирк өнерінің негіздерін былай қойғанда, бала жасынан күрделі трюктардың сырларын толық меңгере білді. Ол манежде ер жетті, көрермен залы баспалдақтарының арасында жүгіріп жүріп өсті. Өзі сияқты цирк балаларымен бірге піл мен арыстан тұратын жерлерде жасырынбақ ойнап жүрген кезінен бастап цирк өнеріне деген махаббаты ояна бастады. Ол үшін гастрольдер кезіндегі абыр-сабыр тірлікті айтпағанның өзінде, балабақша, одан кейін мектеп ауыстыру да үйреншікті жағдайға айналып кеткен-ді. Өзінің цирктегі алғашқы қызметтік куәлігін 10 жасында алды.Дәл сол кезде ол «Акробатикалық жұп» нөмерін ыждағаттылықпен үйреніп жүр еді.
Әкесі Арғынғазы Алмағанбетұлы ұлының болашақ мамандығын анықтаған ең алғашқы адам болды. Арекең баласын цирк акробаты мен гимнасты бойынша тұрақты жаттығуларға бес жасынан бастап үйретті. Қасым 10 жасқа толған кезде әкесі еңбек еткен жылдары бойынша зейнеткерлік демалысқа шықты. 5 жыл бойы туған әкесінің тәрбиесінен өткен Қасым енді басқа бапкерлердің басшылығымен цирктегі жаттығуларын жалғастыратын болды. Қасым циркте жүріп арнаулы білімін жетілдіруді де ұмытпады. 1999 жылы Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін аяқтады. 16 жасында Тимур Якубов басшылық еткен «Аспалы белдіктегі гимнастар» нөмерінде жұмыс істеді. Осы жобамен Қасым ТМД елдерінде, шетелдерде гастрольде болды. Ресейдегі Халықаралық цирк байқауының «Золотой медведь» иегері атанды.


— Одан кейін орын алған оқиғалар қызық болды, — деп әңгімесін жалғастырды Қасымның әкесі. Мен өзім циркке сонау 1973 жылы «Жылқышы жігіттер» нөміріне оқушы болып келдім. Мен ауылда өстім, жылқыларды жақсы білетінмін, көп ұзамай сол бағыттағы әртіс болып кету мен үшін қиындық тудырмады. Бірақ мен әуе гимнастикасын ұнатып жүрдім. Ол кезде аспалы белдіктегі гимнастардың жұмысы еуропалық цирк алаңдарында сирек кездесетін жанр болды. Бұл — Қытайда туындаған жанр. Кеңес Одағында енді-енді дами бастаған кезі еді. Ақыр соңында, табанды еңбектің арқасында гимнастикаға ауыстым. Ақылды, сымбатты жылқылармен еш өкінбестен қош айтыстым. Ал ұлымның жағдайы керісінше болды. Ол қалада өскен бала, көптеген жануарларды тек суреттерден көрген. Оның акробатика және гимнастикамен шұғылданғаны қолайлы еді. Бірақ ол жылқыларды таңдады. «Аттан» деп ұрандатқан ата-бабамыздың ізін жалғастыруға құштар болды да тұрды.

 

Шабандоз жігіт каскадерлікті де сүйді

Иә, Қасым гимнастиканы тастап, шетелдік іс-сапарлардан бас тартып, шабандоз мамандығын игерді. Бұнда күнделікті физикалық жаттығулардан басқа өзінің тұлпарын баптау қажет. Оның тамақтануын, денсаулығын, спорттық дайындығын бақылайсың. Оны шомылдырып, тазалау қажет. Серуендеуге шығарасың. Жылқың ауырып қалса, күні-түні соның жанында болғаның дұрыс. Сапарлар кезінде тауар вагонында болсын, жүк автомобилінде болсын, жылқыны жалғыз қалдыра алмайсың. Шабандоз жігіттердің репетициялары да бірнеше сағатқа созылады. Өзіңді ғана емес, атыңды да шынықтыру керек. Жаттығу жұмыстары ерте басталып, кеш батқанға дейін жалғасады. Дегенмен, Қасым бұл қиындықтардан қорықпады. Барған сайын жылқы табиғатын барынша түсіне білді. Осылай ат құлағында ойнап үйренген Қасым 18 жасында Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов басқарған ат баптау нөмеріне ауысты.
Қасымға шабандоздық жылқымен үлкен жылдамдықта орындалатын шапшаң трюктермен қоса қызықты каскадерлік жұмыспен де айналысқан ұнағанына күмән жоқ. Ол кезде Қазақстанда тарихи тақырыптарға арналған бірнеше фильм түсіріліп жатты. Онда салт аттылармен орындалатын трюктердің көріністері көптеп кездесетіні сөзсіз. Сол уақытта Жайдарбек Күнғожинов цирк манежіндегі жұмыспен қатар Nomad Stunts каскадерлік тобын құрды. Ал Қасым сол топта іргетасы қаланған сәттен бастап еңбек етті.
Шауып келе жатқан ат үстінде отырып, түрлі жаттығулар жасаудың өзі қауіпті және атбегіден мықты техника мен қимылдардың дәлдігін талап етеді. Дегенмен, каскадер жұмысы көбіне тәуекелге байланысты. Мұнда бірнеше рет жасалып, қалыптасқан дағдылар үнемі жақсы шықпайды. Әр жобада түрлі жағдайларға, адамдарға бейімделіп, режиссер мен сценаристің, фильмнің тақырыбына сәйкес айлалы трюктарды және тәсілдерді ойлап табу керек. Каскадер дегеніміз — әрі өзі ойлап шығарушы, әрі технолог, әрі жұмысшы. Ол экранда режиссердің кез келген, ақылға сыймайтын идеясын мықты сомдап шығуға тиіс.


Шын мәнісінде кинодағы каскадердің әр жұмысы — бұл күтпеген, кенеттен болатын жағдайлар. Әр іс-әрекетіңді болжау мүмкін емес. Бұл жерде импривизацияға ерекше мән беру керек. Мұндай сәттерде оған ешкім де көмекке келе алмайды. Тығырықтан шығар жалғыз жолды өзі табуы қажет. Бірер секунд ішінде денсаулығы үшін, кейде өз өмірін сақтап қалу үшін ең дұрыс шешім қабылдайтыны тағы бар. Бұл ретте мұндай әдемі эпизодтарды каскадер өз көрерменін толқытып, ойландыратындай, сол арқылы ұмытылмас әсер қалдыратындай ойнауы тиіс. Оның үстіне, көрермен экранда болып жатқан оқиғалардың шындығына еш күмән келтірмеуі керек екені айтпаса да түсінікті. Александр Савельев өзінің «Улыбнитесь, каскадеры» кітабында былай жазады: «Каскадер қауіпсіздігіне ешкім жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Бәрін қатесіз ойлап құрастыру мүмкін емес. Болжауға келмейтін кездейсоқ оқиғалар қашанда кездеседі. Алайда, трюк жасау жұмысында «кәсіби шеберлік» деген ұғым бар. Бұл — адамның мінезі, дене дайындығының деңгейі, психикалық жағдайы, физиологиялық қасиеттері».
Кәсіби шеберлік ұғымының аясында трюк қойылымында ұсақ-түйек нәрселер болмайтыны туындайды. Кез келген қателік орындаушының өміріне қауіп төндіріп, сұмдық жағдайларға әкелуі мүмкін. Мысалы, оттың жануымен орындалатын пиротехникалық трюктарда от ең қауіпті стихия екенін түсіну керек. Оның адам психикасына әсері көп. Тіпті мықты, жігерлі мінезді адамның өзі сенімділігін жоғалтып, қатты қобалжуы мүмкін. Жанғыш зат сіңіп кеткен киімге тиген от бірер секунд ішінде каскадерді басынан аяғына дейін жалмап алады. Мұндай жағдайларда кейде адамдар үрейге беріліп, ыстық өтіп кеткенінен есінен танады. Ыстық түтінді жұтып алып, от пен түтін көзін басқан каскадер құтқарушыларға қарай емес, мүлдем басқа жаққа жүгіруі мүмкін. Биіктікте орындалатын акробатикалық трюктар туралы айту да артық. Бұл — қашанда стресс, жүйке күйзелісі, дәл сол сәтте қасірет, трагедия болатынына әркез дайын болуың керек. Сондықтан да акробатикалық тәсілдер сабырлық, салқынқандылық пен жігерлікті қажет етеді.

 

Шырқау биікке ту тіккен жаужүрек батыр

Цирк өнерінің майталманы, Қасымның ұстазы Николай Маркин бірнеше жыл бұрын Қасым жиналғандардың арасынан жалғыз өзі ғана ниет білдіріп, жартығасырлық, ескі, өте биік ғимараттың басына Қазақстанның туын тіккен кезде өз шәкіртінің батырлығына таңғалып, оған қоса ол үшін қатты уайымдап, толқығаннан айтады.
— Ешқандай сақтық шарасынсыз, осынша қауіпті іске бару нағыз батырлықты қажет етеді. Мұндай жағдайда тіпті мен де, басқалар да жеке қорқынышымызды жеңе алмас едік, — деп есіне алды Николай Андреевич. Қасым батыл жігіт қана емес, өте білімді, цирктің арнайы техникасын, каскадерлік жабдықтарды қолдануды бүге-шүгесіне дейін меңгерген шебер еді. Өзі де жаңа техникалық шешімдер мен тәсілдерді ойлап тауып, соларды іс жүзінде тігісін жатқыза пайдалана білетін. Қасым биязы және өнегелі оқушым болды.
Әртіс әрі каскадер мамандығы үшін әмбебап, білімді, жан-жақты болу өте маңызды. Ат үстіндегі трюктерге дайындалып, оларды орындау қаншалықты қиын екенін статистикаға қарап айтуға болады. Ең күрделі, қиын жарақаттардың көбісі осы ат баптау спортына тиесілі. Мотожарыс, автомобиль спорты, футбол, регби және басқа ерлердің спорт түрлеріне қарағанда, осы ат спортында жарақат алатындардың қарасы көп. Бұның бәрі спортқа қатысты. Ал кинодағы шабандоздардың каскадерлік жұмысы туралы статистика жоқ. Бұл жерде каскадердің өзіне ғана сенуі аздық етеді. Атыс, жарылыс, техниканың тарсылы, әлем-жәлем киініп алған адамдарға байланысты түрлі жағдайлардағы жылқының жүріс-тұрысын да алдын ала сезіп, болжай білуі керек.
Бір анық, каскадерлік өнер орындаушыдан жан-жақты дайындықты талап етеді. Өйткені, кинотрюктар орындау — қиын жұмыс, үнемі жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Мұнда акробатика, түрлі салқын қарулармен семсерлесу, қоян-қолтық ұрыс, түрлі биіктіктен құлау, отқа жану, ат бәйгесі мен жарыстар бар. Бұның бәрі — ешбір мамандық түрлерінде кездеспейтін шектен тыс қауіп пен тәуекел. Қасым Жұмағожин осындай қауіпті болашағының алдында еш тайсалмады. Бала кезінен акробатика, гимнастика, шығыс жекпе-жектерімен айналысқаны оның мамандық таңдауына негіз болды. Кезінде Қасымның әкесі күмбез астында бес адамнан тұратын колоннада ешбір сақтықсыз қолға тіреніп тұру секілді керемет әрі рекордтық трюк жасағаны үшін «Одақмемцирк» басшылығынан ең жоғары марапатын алған еді.
Қасымға цирктен де, кинодан да ұсыныс көп түсті. Nomad Stunts тобындағы достарымен бірге Голливуд және Ресей фильмдеріне шақыру алғандары Қазақстанның каскадерлік мектебінің жоғары мәртебесін көрсетеді. Себебі, Голливуд өз фильмдеріне жай қатардағы актер мен каскадерлерді шақыра бермейді. Қасым жолдастарымен Арнольд Шварценеггер, Киану Ривз, Сильвестр Сталлоне, Джейсон Стэйтем, Жан-Клод Ван Дамм, Чак Норрис және басқа әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бірге киноға түсті. Олар осы фильмдерде актерлардың орнына қауіпті трюктерді орындады.
Батыл жігіттердің жүректері жұмсақ, мейірімділікке толы болады ғой. Әріптестерінің айтуынша, «Көшпенділер» фильмінің түсірілімі кезінде өзінің тұлпарынан айырылып қалған Қасым еңіреп жылаған. Сол уақытта каскадерлік топ тауға көтеріліп, шатыр ішінде тұруға мәжбүр болды. Жылы қора, жылы су және қолайлы режимге үйренген цирк жылқылары таудағы сүйектен өтетін түнгі суыққа және мұздай суға шыдамай, ауыра бастады. Оларды барынша баптаса да, Қасымның жүйрігін құтқарып қалуға амал болмады. Ауырып қалған жылқыны Алматыға жеткізді. Сол кезде Қасым күні-түні ат қорадағы тұлпарының жанында болды. Жылқысы жан тапсырғанда өксіп жылады. Осы жағдайды көрген адамдардың бәрі толқығаны рас.

 

Көрінбейтін кейіпкер ешқашан қошемет дәметпейді

Міне, осындай жаужүрек жігіттер, каскадерлер Қасым қаза болған кезде де жылады. Олардың ешқайсысы көз жасын жасырмады. Алыс жақта гастрольде жүрген достары телефонмен қоңырау шалып, көңіл айтып жылап жатты. Қасымды ақтық сапарға шығарып салу үшін Қытайдағы достарының бірі келді. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне Қырғыз елінің цирк әртістері мен каскадерлерінің бір топ делегациясы ұшып келді. Бұның барлығы Қасымның өз ісінің нағыз шебері ғана емес, адал дос болғандығының дәлелі болса керек. Артында жұбайы Альбина мен алты жасар ұлы Алан қалды. Қасым өз отбасы, жақындары, достары, әріптестері үшін жанын беруге даяр еді.
Осыған орай цирк ұжымы Қасым өміріндегі болған бір оқиғаны еске алады. Ол Францияда өткен «Намыс дода» халықаралық теледидар спорттық ойын-сауық жобасына Қазақстанның құрама командасымен бірге қатысты. Құзға қолмен ғана жылдам шығуды талап ететін байқаудың соңғы кезеңінде Қазақстан мен Ресей командаларының ұпайлары тең түсті. Сол кезде жап-жас, небәрі жиырма жастағы Қасым соңғы болып шығып, қарсыласы Ресейдің спорт гимнастикасы бойынша еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада ойындарының чемпионынан басым түсті. Қасым өз командасына бірінші орынды әперді. Оның жеңісіне бойындағы патриоттық сезім негіз болғаны сөзсіз еді. Өйткені, ол туған елін, командасын ұятқа қалдырмауды ең алдымен ойлады. Оның осындай өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатыны даусыз.
Міне, отандық мәдениет өзінің сүйікті Қасымынан айырылып қалды… Бұл — цирк және каскадерлік өнер үшін, оның жақындары, достары мен әріптестері, оны жақсы танитын адамдар үшін орны толмас қаза, үлкен қайғы. Каскадерлердің тағдыры — ең қиын тағдыр. Олар кез келген қиын ролдің ең қауіпті қырларын сомдап, кадр сыртында қалады. Кейде көрермендер каскадерлердің осы қиын жұмысын елей бермейтіні де рас. Бірақ Қасым сияқты кадрда көрінбейтін кейіпкерлер ешқашан да көрерменнен қошемет дәметпейді. Олар үшін ең бастысы — кинотуындының шеберлікпен түсіріліп, көрерменге ұнауы. Каскадерлік өнер мен цирк әртістерінің аңызға айналған жарқын өкілдерінің бірі Қасым Арғынғазыұлы Жұмағожиннің де өмірдегі де, өнердегі де миссиясы осындай еді. Ол осы миссиясын көзі жұмылғанша әдемі орындап кеткен ғажап адам.
Р.S. Шәкен Айманов атындағы V Халықаралық кинофестивальде Қасым Жұмағожин 2018 жылдың ең үздік каскадері атанып, «Құлагер — 2018» киноматографиялық сыйлықтың иегері атанды.

Аяған САНДЫБАЙ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері