Әлемде күн сайын 4 мыңнан астам адамның өмірін жалмап отыратын дерт жайлы тереңірек білуге құлықсызбыз
Ол — құрт ауруы. Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зор мән беруі тегін емес. Себебі алдын алуға, тіпті, емдеп жазуға бола тұра, туберкулез ең қауіпті инфекциялар қатарында қалып отыр. Мұның себебі неде? Құрт ауруынан қалай сақтануға болады? Медициналық сақтандыру қоры мамандарымен бірлесіп осындай сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Елімізде ауруын асқындырғандар — 70 пайыз
Ел арасында құрт ауруы деп аталатын туберкулез бен оның қоздырғышы — Кох таяқшасы жайлы бәріміз білеміз. Алайда көпшілігіміз өмірде сақтық шараларын елей бермейміз. Әлемде күн сайын 4 мыңнан астам адамның өмірін жалмап отыратын дерт жайлы тереңірек білуге құлықсызбыз.
Туберкулездің қауіптілігі соншалық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ВИЧ-індетімен қатар қояды. ДДСҰ мәліметінше, 2016 жылы осы дерттен 1,7 млн. адам қайтыс болған. Оның 60 пайызы Орта-Азия аймағы елдерінің еншісінде. Ал Қазақстанда сол жылы дерт меңдеген 740 адам бақилық болыпты. Өлім-жітім көрсеткіші жағынан ол жүрек-қан тамыры аурулары мен қатерлі ісіктен кейін үшінші орында тұр. Ал былтыр еліміз бойынша туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. 9 417 адам туберкулезді жаңадан жұқтыған. Ресми статистика осындай. Құрт ауруына шалдыққандар саны жағынан Оңтүстік Қазақстан (1666), Алматы (1591) және Қарағанды (1258) облыстары көш бастап тұр.
Әсіресе, туберкулездің иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті екенін біле бермейміз. Ал иммунитеттің әлсіреуіне шаршап-шалдығу, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қорғаныс жүйесі жұмысының бұзылуына әкеп соқтыратын басқа да аурулар себеп. ВИЧ-індетін жұқтырғандар мен СПИД-ке шалдық-қандарға төнетін қауіп деңгейі де өте жоғары. ДДСҰ дерегінше, туберкулез ВИЧ жұқтырғандар арасындағы өлім-жітімнің бірден-бір себепкері. Мысалы, 2016 жылы ВИЧ-ке шалдыққан науқастардың 40 пайызының өлімі осы құрт ауруынан болғаны анықталған. Сонымен қатар туберкулез жұқтыру қаупі жоғары саналатын топқа балалар мен қарттар да жатады. Өйткені олардың иммундық жүйесі әлсіз.
— Өкінішке орай, Қазақстанда ауруханаға түсетіндердің басым бөлігі ауруын әбден асқындырып алғандар. Олардың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Отандастарымыздың көбі дәрігерге ауырып, мазасы кеткеннен кейін ғана қаралады. Сондықтан аурудың алдын алу мәселесіне көбірек ден қойғанымыз жөн. Түптеп келгенде, профилактика әр адамның таным-түсінігіне келіп тірелетін мәселе. Соны өзгерткенде ғана азаматтардың өз денсаулығына деген қарым-қатынасын жақсартуға болады. Ең алдымен, әр адам жыл сайын емханаға барып медициналық зерттеулер жиынтығынан өтіп тұруды әдетке айналдыруы тиіс. Мұның бәрі мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді. Бұл туберкулездің ғана емес, өзге де дерттердің алдын алуға көмектеседі, — дейді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов.
Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд. теңге бөлінді.
Оның үстіне, бүгінгі таңда кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жекеменшік клиникаларда да тегін емделуге болады. Қордың базасындағы клиникалар тізімімен (https://fms.kz/ru/content/perechen-postavshchikov-gobmp) танысыңыз, қалаған емханаңызға тіркеліңіз, содан соң дәрігерге уақтылы қаралуға дағдыланыңыз. Мұның бәрін үйден шықпай-ақ онлайн режимінде іске асыруға болады. Ол үшін цифрлы қолтаңба алып, мемлекеттік қызметтер порталының (http://egov.kz/cms/ru) көмегіне жүгіну қажет.
Туберкулез белгілері бірден байқала қоймайды. Әдетте, ол ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай тоқтаусыз жөтелу, кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, өз-өзін жайсыз сезіну, салмақ жоғалту, қалшылдау сынды белгілер пайда болады.
Ең бастысы — туберкулезді емдеп жазуға және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 млн. адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды. Соңғы 10 жылда елімізде аталған індетке шалдығу көрсеткіші 2,4 есеге қысқарған. Жұқпалы ауруды жаңадан жұқтыратындар саны да жоқ дегенде екі есе, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші алты есеге дерлік азайған. Туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың өз емханасында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Ауырып ем іздегенше…
Жаңа туған нәрестелерге перзентхана қабырғасынан шықпай жатып БЦЖ деп аталатын екпе егіледі. Міне, туберкулезге қарсы вакцина осы. БЦЖ құрамында (сиырдың) әлсіреген туберкулез таяқшалары болады. Вакцина құрамындағы бактериялар ағзаға түскеннен кейін көбейіп, органдар мен тіндерге орналасады, сол арқылы иммунитет қалыптасады. Перзентханада егілген БЦЖ вакцинасы адамды ұзақ уақыт бойы құрт ауруынан қорғайды. Бірақ 7 және 14 жаста вакцина тағы салынды. Мұны қайталап егу деп атайды. Қайта егер алдында туберкулезге қарсы сынама жасалады (Манту сынамасы). Манту — вакцина емес, ол адамның құрт аурын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау тәсілі ғана. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл балаларға қолданылатын әдіс. Ал ересектер жыл сайын кеуде қуысына флюорографиялық скрининг (флюорография) жасап тұруы тиіс. Оған қоса, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану сынды факторлардың да ұлт саулығын сақтауда маңызы зор.
Шынар Әлжан