Әйел — ана. Әйел — аяулы нәзік жан. Қоғамның ажырамас бөлігіне айналған әйелдер барлық жылулық пен ізгіліктің бастауы. «Алып анадан туады» дегендей, нар тұлғалы батырларды өмірге әкелген аналарға құрмет жоғары тұрады.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз — халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Аяулы асыл жандар!» атты салтанатты шара өтті. Залда отырған барлық әйелдер қауымының жүздерінен шаттық нұры себелеп, жайнағанда айнала әдемілікке толып тұрды.
«Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Гүл көктем» композициясымен шымылдығы ашылған кеш көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Мейірім мен махаббат төгілген шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, құттықтау сөз сөйледі: — Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан аналарын аялап, аруларын ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған еңселі ел. Көктемнің ақ қанат қарлығашындай болып келетін 8-ші наурыз – асыл ананы, сүйікті жарды, сенімді әріптесті, қадірлі қарындасты, ибалы қызды айрықша мейірімге бөлейтін мереке! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы көктем мерекесі қарсаңындағы құттықтауында «Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды еңбекқор, білімпаз болуға тәрбиелейді. Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор» деп Аналардың қоғамдағы орнын ерекше атап өтті. Баршаңызға зор денсаулық, амандық тілеймін!
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін арнады.
Ауданымыздың экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала ардагерлері мен мамандар Жамбыл облысы әкімінің, Сарысу ауданы әкімінің, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, залдағы барлық аруларға бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.
Марапатпен мәртебе асқақтап, мерей тасыған шара концерттік бағдарламаға ұласты. ҚР Эстрада жұлдызы, әнші Роза Әлқожа ән шырқап, көрермендердің ықыласына бөленсе, аудандық мәдениет үйінің «Жігіттер» тобы барша аруларға әуезді әннен шашу шашты.
Даланың құлпырған қызғалдағындай құшағы гүлге, көңілдері шаттыққа толған нәзікжандылар керемет шарадан тамаша әсер алып, тарқасты.