Әлеуметтік көмек — халықтың әл-ауқатын күшейтеді

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінен аймағымыз кейінгі орында емес. Облыс басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылған деректер, қай саланың да ілгері көшке іліккенін көрсетеді. Облыста жыл басынан бері 15,3 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 3,5 мыңы тұрақты жұмыс орындары.

Басқосуда облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйле стіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ағымдағы жылдың сегіз айында атқарған жұмыстары талқыланды. Басқарма басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында жоспарлы жұмыстар жүруде. Жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 40 337 адам болса, жыл басынан бергі уақытта 31 249 адам жұмысқа орналастырылыпты.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 101,6 пайызға орындалса, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы 51,7 пайызға, «Күміс жас» жобасы 75,1 пайызға орындалған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарамай отырған аудандар да бар.

– Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Биыл Ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адам тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан жоспар 96,9 пайызға орындалып, 47 983 адам белсенді шараларға тартылды. Алайда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспары Мойынқұмда бар болғаны 71,8 пайызға, Таласта 79,8 пайызға, Сарысуда 82,2 пайызға ғана орындалды, – деді Еркін Келесов.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 шілдесінен басталған. Онлайн оқыту курстарына 14 460 адам жіберіліп, 10 881 адам оқуларын аяқтаған. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 630 адамға 400 АЕК мөлшерінде 3 345,4 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру қарастырылған. Есепті кезеңге облыс бойынша 396 адамға 485,2 миллион теңге қайтарымсыз гранттар берілді. Ал облыстағы 8 367 отбасындағы 43 807 адамға 2,5 миллиард теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сол секілді, қаңтар-тамыз айларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 195 бала қамтылған.

– Халықтың әл-ауқатын күшейту, өмір сапасын жақсарту мемлекет үшін аса маңызды міндет. Қазіргі кезеңде азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, табыстарда алшақтықты жою, лайықты еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын құру біздің басты міндетіміз болуы керек. Біз бәріміз халықтың игілігі үшін еңбек етуіміз тиіс. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектер нақ қажет ететін адамдарға жетуі тиіс. Бұл тұрғыда бақылау, үйлестіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асқаны маңызды. Әр отбасының әлеуметтік ахуалы назарда болуы керек. Отбасылық цифрлық карта бойынша жұмыстарға немқұрайды қарамаңыздар, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі ардагерлерге сауықтыру- демалыс орындарына жолдама беру, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін тұрақты түрде ұйымдастыру, әлеуметтік осал топқа кіретін отбасыларға газ бағасын 20 пайызға төмендету бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысын сұрады. Көрсеткіші төмен аудандардың жауаптарын тыңдады. Жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Гүлжан РАХМАН