Әлеуметтік сала қызметкерлерін құттықтады

Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осы мерекеге орай Оралда қала әкімі Абат Шыныбековтің қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылды.

Сала қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаған қала басшысы Абат Шыныбеков: – Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.  Бұл бүгінгі таңдағы тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттырудағы өзіндік зор үлесі бар, өзінің жанқиярлық еңбегімен, қажымас қамқорлығымен қарттарға қызмет етіп, мүгедектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсетіп жүрген  мамандардың мерекесі. Әлеуметтік салада әр түрлі мамандық иелері жұмыс жасап жүргенімен, оларды біріктіретін ортақ нәрсе – жүрек жылуы. Расында, қоғамымыздың, өміріміздің тұрақтылығы мен әл-ауқаты көп жағдайда халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейіне, әлеуметтік кепілдіктерге байланысты болса, оның жүзеге асуы әлеуметтік қорғау жүйесінің мамандарымен тікелей байланысты. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сіздерге зор денсаулық, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау барысындағы қиындығы мол, бірақ сауапты істе табыс, бақыт пен амандық тілеймін, – дей келе, әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкерлерге алғыс хаттар табыстады. Олардың қатарында Самал Атабаева, Гүлмира Ғалиева, Әсел Жақсыбекова, Елизаветта Сергеева, Зульфия Гусманова, Айдана Жұмағазиева, Арайлым Шынтемірова және басқа да бір топ сала қызметкерлері бар.

 

 

Бұдан әрі құттықтау легін жалғаған Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, сондай-ақ банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының өкілдері де асқан жауапкершілік пен ерекше жігерді қажет ететін салада қызмет етіп жүрген мамандарды құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік шара көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы