Әлеуметтік салықты төмендету ел еңсесін көтере ме?

Ресейде білім аламын деп, ана тілінен «көз жазып» қалған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 27 наурыз күні Мәжіліске Үкімет сағатына келді. Аяғын алшаң-алшаң басуына қарағанда, көңілі көтеріңкі секілді. Жүзі де жарқын. Қазақтың тілін мандытып сөйлемесе де, оның қысылғаны білінбейді. Баяндамасын Ресейдің мемлекеттік тілінде жасап, депутаттардың сауалына берген жауабында да сол тілде ойқастады. Халық қалаулыларының «Қазақстанда әлеуметтік салық көлемін төмендетуге не кедергі?» деген сарындағы сауалына мынадай жауап алынды. «2010 жылдан бері елімізде салық жүктемесі біртіндеп төмендетіліп келді және қазіргі уақытта барынша төмен болып отыр». Бұған қарапайым жұрттың не айтатынын келешек көрсетер. Бірақ министр тап осылай деді. Жастық па, жоқ әлде желік пе, арғымақарманды қамшылап жіберген министрдің сөзі былайша жалғасын тапты:

«5 пайыздық зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтікмедициналық сақтандыру төлемдері бойынша қабылданған шешімдерге байланысты жалақы қорына жүктеменің арта түсетіндігімен түбегейлі келісемін. Бұл бізді алаңдатып қана қоймай, сонымен бірге, қорды қалай қысқарту керектігін ойландырып та отыр. Әзірленіп жатқан Салық кодексі аясында біз салық жүктемесінің қандай элементтерін төмендетуге болатындығын ойластыратын боламыз. Әзірше зейнетақы жүйесін, медициналық қамсыздандыруды қоғамдық қайта теңгерімдеусіз төмендетуге болатын жалғыз элемент әлеуметтік салық болып тұр. Оны төмендетуді ойластыратын шығармыз», — деді ол.

5ab4405f4d52ff3a6feee23ae42e7cee_xl

АЛ ШАҒЫН НЕСИЕЛЕРДІ КЕПІЛДЕНДІРУ НЕ БЕРЕДІ?

Министрдің сөз саптасынан қалаларда шағын несиелерді кепілдендіруге 1,2 млрд. теңге қарастырылғанын, ауылдық жерлерге 2,8 млрд. теңге бөлінгенін естідік. Сондай-ақ, бизнеске кепілдік тегін берілмек. Бұл да болса үлкен жеңілдік емес пе? Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл жаңалықты үлкен серпінмен жеткізді: «Алғаш рет кәсіпкерлік қызметті шағын несиелеу мемлекет тарапынан кепілдендірілді, ол жұмыссыз халықты кепілдендіру мен халықты тиімсіз жұмыспен қамту мәселесін шешу болып табылады», — деп бір қайырды. Оның айтуынша, кепілдендіру шағын несиелеу құнынан 50 пайыз, ал жас кәсіпкерлерге 85 пайызға беріледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шағын несиелерді кепілдендіруге қалаларда 1,2 млрд. теңге, ауылда 2,8 млрд. теңге қарастырылған. Бұл әдістер 14500 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік бермек көрінеді. Айта кетейік, елдің экономикалық белсенді бөлігін 8,9 млн. адам құрайтыны белгілі болды. Оның ішінде 6,3 млн. жалданған жұмыскерлер, 2,1 млн. өзін-өзі қамтығандар, 441 мыңы жұмыссыз халық екен. Халықтың ортақ санынан бөліп шығарсақ: шағын және орта бизнесте 3 млн. адам жұмыс жасап жүр.

ҚАЗАҚСТАН ТАУАРЫ ДОЛЛАРҒА ТӘУЕЛДІ ЕМЕС ДЕГЕНГЕ КІМ СЕНЕР?

Журналистер де қарап қалмады. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке доллар бағамымен бірге азық-түлік бағаларының неге төмендемейтінін түсіндіріп беруін сұрады. «Экономист ретіндегі жеке icon150пікірім — олар доллар бағамымен бірге төмендемеуі керек. Бізде өзіміздің экономикамыз бар. Біз тауарларды өзіміз шығарамыз. Біздің тауарлардың бағасы теңгеден жасалады. Сондықтан долларға байлап ұстаудың қажеті шамалы. Дедолларизацияға заңда ғана емес, біздің «басымызда» да оған тыйым салу керек. Бағаларды, жалақыны, көлік пен пәтер құнын долларда санауды доғару қажет. Біз АҚШ-та емес, Қазақстанда тұрып жатырмыз», — деді қату қабақпен. Оның пайымдауынша, инфляция мен валюта бағамы бір-бірімен тығыз байланыста болғанымен, тауар бағасы тікелей долларға бағынышты емес.

«Бізде импортқа тәуелділік барын түсінемін. Дегенмен доллар бағамы тікелей бағаға әсер етуі соншалықты көлемді емес. Бұл тәуелділік азая береді деп үміттенемін. Себебі біз өзіміздің өндірістері ұлғайтамыз, валюталардың ауытқуы өзімізде шығатын азық-түлік бағасына әсер етпейтін болады», — деді министр.