Әлеуметтік желінің сарсаңы Сымбатты құрдымға тастап жіберді

«Бүгінгі  қоғам не болып барады?…» деген ой бірдің емес мыңның жүрегінде жүр қазір.  Басқа басқа, бір ғана әлеуметтік желінің  әлегі мен сарсаңына ұрынып, жел қуған қаңбақтай домалаған тағдырлар қаншама!  Бір кездері әлеуметтік желінің ылаңынан құлағдар болып,  әлемдік статистикаға шошына қараған қазаққа, енді ол мысық табандап ауыз салды.  Еліміздегі суицид пен түрлі себеп-салдарға шыдамай,  қыршынынан қиылған талай жастың обалына әлеуметтік желілердің жетіп жатқанын ашық айтатын кез келді.  Өйткені психикалық  тұрғыда тығырыққа тірелген жастардың соңғы табан тірер тірегі сол жер болып тұр. Себебі ақылшы да, данагөй де, данышпан да сонда отыр. Біреудің қолымен от көсеп, арзан атақ-абырой жинауға да сол жер ыңғайлы.
Әлеуметтік желінің сондай бір толқыны – білімі мен білігі, ақылы мен парасаты мол Сымбат марқұмның тағдырына тура болмаса да жанамалай соққы болып тигенін айтпай кетуге болмайды. Elana. kz cайтына «Сымбат Құлжағарованың өліміне кім кінәлі?» атты мақаланы салғанда кейбір оқырмандар: «Бұл оқиғаға кінәлі ең бірінші Инстаграмда әңгімені ушықтырған блогерлер! Емші Талғат! Егерде бұл оқиғаны әлеуметтік желіде орысқол блогерлер ушықтырмағанда, мүмкін Сымбат тірі болар ма еді?» деп жазба қалдырыпты.

 

Аңқау елге арамза болған кімдер?

Бұл да бізді көп ойға жетеледі. Журналисттік зерттеуімізге нысана болған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Абай Тілегенұлы мен әйелі марқұм Сымбат Боранғалиқызы  2016 жылы бас қосып, бір ұл, бір қыз баланы дүниеге әкеледі.  Екеуі де екі жақтың ата-анасымен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынас орнатып, жарасымды жұп ретінде жора-жолдастарының ортасында сыйлы болыпты.
Абай Мәскеу қаласындағы Патрис Лумумба атындағы университетті бітіріп, туып өскен жері Ақтау қаласына қызметке орналасады.  Уақыт өте,  Нұр-Сұлтан қаласына қызметке ауысып келеді. Жолдасы Сымбат  КИМЭП-ті бітірген, Англияда жоғары білім алған. Екеуі де көзі ашық, көкірегі ояу білімді жандар еді. Қайтейік, көз тиді ме, сөз тиді  ме сүттей ұйыған шаңырақтың бір уығы сынып түсті. Екі баланың анасы Сымбат  суицидке барып, ғұмырын келте қайырды. «Бұған кім кінәлі?»  деген сауал әлі күнге өзекті. Мұның нақты анық-қанығын құзырлы органдар шешеріне сенім мол.  Ал біздікі журналистік зерттеу арқылы Сымбат өлімінің беймәлім тұстарына үңіліп, өзгелерге сабақ болуға тиіс нәрселерді анықтап беру ғана. Ал ағайын арасындағы дау-шарға баға беретін біз емес. «Ағайынның азары болса да безері болмас» деуші еді  қазақ,  «бұл не деген сұмдық» деуден әріге бара алмаймыз. Әрине бәріне  бірінші Алла төреші, екінші «Сымбат ісі»  тергеліп жатқандықтан  әділ шешім шығарына күмәніміз жоқ.
Алайда  Сымбаттың әкесі мен ағайындарының «Сымбат ауырған жоқ, күйеуі оны ұрды» деген ойларынан қайтқысы келмейтіні, Сымбаттың анасы Базаркүлді «күйеу баласының ақшасына сатылды» деп айыптаулары қазақ танымынан алыстап бара жатқанымызды аңғартатындай.  Әлеуметтік желінің «желпінтуі» туыстық «сезімдерін» оятқан бауырлардың екі жиен-немеренің тағдырына алаңдамай отырғаны да жүрегімізге батады. Олардың келешекте жақсы азамат болып өсулері үшін құдандалы екі жұрттың татулығы мен бірлігі алғашқы орынға шығуы керек еді…
Ал өзінің туған қызын боқ дүниеге айырбастайтын  ана жер бетінен кездеседі дегенге кім сенер?! Сонымен былтырғы жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында орын алған дүйім жұртты дүр сілкіндірген қайғылы оқиға бізді қатты толғандырды! Ол жайлы алдыңғы нөмірде жаздық.  Оқиғаның барысы жайлы кезінде әлеуметтік желіде танымал блогерлердің  жантүршігерлік сараптамасы шығып, халық арасында көптеген толғаныс тудырған  ақпарлар тарады… Оқиғаның мән-жайын білмек болып қасірет жүгін арқалап отырған отбасымен жақынырақ танысып, журналистік зерттеу жүргізуді  жөн көрдік. Қаншама куәгерлерді сөзге тарттық. Тыңдадық. Ақырында жаладан жүйкесі жұқарған Абай мен түрлі өсек-аяңға таңылған  Базаркүлді  көрдік.  Сол кезеңде бой көтерген «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық» туралы заң жобасының шикі тұстарына, оның қазақ ұлтына қарсы жақтарына көз жеткіздік. Әлі бір қайнауы ішінде жатқан заң жобасын алға тартқан батысшыл, ұлттық менталитеттен жұрдай адамдардың текетіресіне куә болдық. Сымбаттың таныстары, құрдастары, тіпті ағайындардың көпшілігі отбасылық заң жобасын оқымастан, оның не туралы екенін тіпті білместен, Сымбатты қолдаймыз деген мақсатта, сол заң жобасын қолдайтын петицияға өз дауыстарын беріпті.
Екі баланың тағдырын солар ойлады ма екен? Олар қолдаған заң жобаның қай жерінен, қай бабынан Сымбатты не оның балаларын қолдайтын жерлерін көрді екен?!
Ең қызығы, блогерлердің Сымбаттың сырқат кезеңін истаграм желісі арқылы біржақты жазғанын, «Не молчи» ұйымы да тек жала жабуды көксегенін көзіқарақты жұрттың байқамауы тіпті мүмкін емес. Қазақта «Бәле іздеген бәлеге жолығады» деген сөз бар. Сол расқа айналып отыр. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы»  заң жобасын қабылдатуға бар күшін салған белгілі топтың ішінде «Не молчи» қоғамдық ұйымының әрекеті  шектен шықты. Олардың «көсемі» тіпті Президент Тоқаевқа шығып, елдегі «нәзік жандылардың» құқын қорғауды, отбасында зорлық көрген бала мен анаға араша түсуге шақырды.  Тіпті парламенттегі заң жобасын қабылдату үшін, халыққа кеңінен насихаттау үшін жасамаған іс-әрекеттері жоқ. Тіпті «Іздегенге сұраған» дегендей Сымбаттың ауытқушылық сәттегі  қиналысын, қынжылысын күйеуінен зорлық көрген адам ретінде жарнамалап, Сымбаттың әр күнін инстаграм арқылы жаһанға жайды. Ол үшін арнайы ашылған чаттарында, әлеуметтік желілерде қызу пікірсайыстар ұйымдастырды. Халықтың назарын өздеріне аудара білді. Сөйтіп, «аңқау елге арамза молда болып» көп жұмыстар тындырды. Соның ішінде  «nemolchi.kz» сайтының орны бөлек.

 

«Не молчи»-дің желідегі жазбалары күдік бұлтын қоюлатады

Оған дәлел 21 қарашада Сымбатты анасы мен күйеуі ауруханадан шығарып алған күні 4 пост шығарыпты. Оның екеуі Сымбат туралы, қалған екеуі отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жазбалар.  Орыс тілді блогерлер Д.Сатжан, Б.Алагөзовалар ерекше «белсенділік» көрсетті. Сымбат қайтқаннан кейін де «Мы, не смогли помочь» деп назардан тыс қалдырмауының өзі күдік бұлтын қалыңдата түседі. Бұл сайт Сымбатқа қатысты оннан аса пост жазғаны скриншотта тұр. Журналист ретінде  заң органдарына осы сайттағы әр күнгі шығарылымды басты назарға алуды өтінеміз. Оқырманға сөзіміз жалаң болмас үшін тек бір күнгі жазбаларын ұсынып отырмыз.
«Погибла молодая девушка, из-за бесполезного закона о бытовом насилии» Сегодня на телефон горячей линии #НеМолчиKZ, позвонил некий друг Абая и стал требовать от нас написать опровержение в поддержку Абая (запись разговора имеется), стал давить на то, что Сымбат была якобы больна и из-за шума в СМИ, якобы ее забрали из психлечебницы! Когда спросили, откуда побои, он сказал, что не доказано, что это сделал Абай. История этой девушки ужасная, она вышла замуж здоровым, жизнерадостным человеком, об этом пишут массы людей в комментариях. Она закончила КИМЭП, была активной и никто не верит в историю с психиатрической клиникой.
Муж поместил ее туда после попытки суицида, который она совершила из-за систематических побоев. Муж угрожал, что заберет детей и забрал. Но после огласки в соцсетях, Служба ПЗЖН Нур-Султана 22 октября вернула Сымбат детей. Мы об этом писали — пост в ленте. Теперь посмотрите, что оставила Сымбат на своей странице в фейсбуке 27 ноября. Как может друг Абая, ее мужа утверждать, что неизвестно от кого побои? Сегодня ночью Сымбат покончила с собой, выбросилась из окна, оставила предсмертную записку по словам друга Абая. Что в ней написано, мы не знаем.
Надеюсь Абай задержан и ему предъявили обвинение в доведении до суицида. Эти слова Сымбат написала в адрес полиции, за две недели до суицида.
«Я считаю, что органы полиции должны действовать без резонанса и предупредить действия, а не расследовать их последствия. Защитное предписание – это предостережение и предупреждение каких-либо фактов психологического или физического насилия. На практике и по сведением СМИ женщины, которые обращались с заявлением о вынесении защитного предписания, многие подверглись физическому насилию, либо убиты бывшими мужьями. Вы тоже думаете, что недостаточно обосновании».

 

        Перизат Қайрат

Сотта бұл жазбаның ешқайсысы да анықталмапты. Бәрі тек айтыптау мен жала жабу болып шыққан. Қазақстан Жастар Конгресінің қайырымдылық бағытының директоры, праймеризге өз кандидатурасын ұсынған Перизат Қайрат деген блогер қыз бар екенін оның Сымбатпен таныс екендігін, сол Перизат Сымбатты «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың» «құрбаны» етіп көрсетіп инстаграмға жариялағанын, инстаграмда отырғандар «жантүршігерлік оқиғаны» көрмей, білмей жатып, ешнәрсенің басы-қасында болмағандар бірінен-бірі естіп   парақшаларында өршелендіріп жариялап жатқанын, түрлі ойдан құрастырылған әңгімелер жазылып кеткенін, «мамасы убийца, ақшаға сатылып кетті, тіпті  жынды деп молдаға оқытты ақша төлеп, имам ештемеңіз жоқ  дұрыс депті» деген жала жапқан әңгімелерді, тумаларының солардың сөздеріне сеніп өзіне қарсы әрекеттерге барып отырғанын бәрін сабырлықпен көтеріп, «Алладан оларға түсінік бер, қателіктеріне көздерін жеткіз» деп тілеумен отырғаны, Базаркүлдің бойындағы адамгершілік, әділеттен аттап кете алмайтын турашыл жан екендігін білдіреді. Блогерлердің ішінде ерекше аты аталған Перизат Қайратпен телефонмен бір рет сөйлестік. Ауруханада жатыр екен, сөйлесуге құлқы болмағасын, көп мазаламайық деп сенбі күні ватсабына жаздық. Бірақ Перизат сұрағымызға жауап бермеді. Осыдан-ақ бәрі белгілі сияқты. Өйткені қолында соткасы бар, айтар уәжі болса байланысқа неге  шықпасқа?! Бұрынғы белсенділігін неге көрсетпеске?
Осы ретте шындық іздеп шырқыраған Сымбаттың шешесі Базаркүлдің мына жазбасы көңіл аудартады.  «Мен оның әлеуметтік желілердегі жазбаларын күн сайын қарап жүретінмін, оның фейсбуктағы соңғы посты 2020 жылдың 08-09 желтоқсанына қараған түні сағат 04.40-та жарияланды. Қызымның түнде ұйықтамай жүргенін білдім. Келесі күні түнде ол қайтыс болды.
Блогер Перизат Қайраттың инстаграмдағы постынан Сымбаттың адвокаты Софья Аркадьевна 9 желтоқсанда декреттік демалысқа шығуына байланысты Сымбатты қорғаудан бас тартқанын білдім. Тергеуші Сымбатқа сот-психиатриялық сараптама тағайындағаннан кейін, сарапшылардың қорытындысын алғаннан соң ешқандай қылмыстық іс болмайтынын білген адвокаттар Софья Сүлейменова мен Ләззат Теміржанова, әртүрлі себептерді сылтауратып Сымбаттан бас тартты. Осы уақытқа дейін барлық қорғаныс сценарийін құрастырып беріп, аяғына дейін бірге барамыз деп Сымбатты сендірген адвокаттары енді орта жолда оны тастап кеткенде, Сымбат өзін сатып кеткенін түсінді.
2020 жылдың 4 желтоқсанында шыққан Сымбат және оның адвокаты қайта-қайта талап етіп жүрген «защитное предписаниесін» 2020 жылдың 7 желтоқсанында Есіл ПБ-ына алып кетуге келгенде мен қызымды көзбе-көз көрдім. Қызыма «Бұның барлығы адвокатың Софья Аркадьевнаның жазған сценарийі екені белгілі. Сен бұл жүкті көтере алмайсың. Арызыңды ал да үйге кетейікші. Балапандарыңды ойлашы, қызым» деп сұрадым. Бірақ адвокаты араға килігіп, екеуіміздің сөйлесуімізге қарсы болды. Тіпті тергеушінің өзі адвокатқа «Екеуі сөйлессін, қызы мен анасы ғой» деп ескерту жасады. Адвокаты сөйлестірмеді. Мұның алдында мен Софья Аркадьевнаға 20 және 21 қазан күндері телефон соғып, кездесуді ұсындым. Сымбаттың алдында ауырып, өзіне бірнеше рет қол жұмсамақ болғанын айтып, депрессиядан оны шығару үшін шұғыл емдеу қажет екендігіне сендіргім келді, барлық мән-жайды түсіндірмек болдым. Бірақ ол үзілді-кесілді менімен кездесуден де, сөйлесуден де бас тартты» дейді қамыққан ана. «Неге, не үшін?» адвокат ана мен қызын сөйлестіруден қашқақтады. Бұл жерде де нақтыланатын мәселе көп.
Қайғылы оқиға болатын түні  нағашы әпкесі Тамара да шаруасымен Алматыға ұшып кетіп, сол түні Сымбаттың жанында ешкім болмаған. Сымбат жалғыз қалған!… Шырылдаған ананың ескертуін «жанашырлары»  құлаққа ілмей, бірнеше рет суицид жасауға талпынған Сымбат ақыры бақылаусыз қалып мерт болады… Кім кінәлі?

Өзіне үш рет қол жұмсаған Сымбатқа жалған қорытынды қалай шықты?

Сымбаттың анасы Базаркүл: «Менің қызымның өліміне емші Талғат, блогер Перизат Қайрат және адвокаттары Софья Сүлейменова, Ләззат Теміржанова кінәлі деп санаймын. Олар менің қызымның денсаулығының жоқтығын өз мақсаттарына (отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасын қабылдату) пайдаланды. Сондай-ақ психиатриялық клиниканың дәрігерлері бас-аяғы 5 айдың ішінде өзіне үш рет қол жұмсаған адамға дені сау деп жалған қорытынды беріп, Сымбатты емдеу керек деп шырылдаған шешесі мен күйеуіне бүкіл ағайынды, достарын, елді қарсы қойды» дейді. Бұл жазба да құзіретті соттың назарынан тыс қалмаса дейміз.
Шынымен де журналистік зерттеу барысында «Қызыма көмек керек, ем керек!» деп шырылдап жүрген шешесіне: «Қызына қарсы шықты, күйеу баласының ақшасына сатылды» деген айып тағып, Перизат Қайрат, адвокаты Софья Аркадьевна және т.б. денсаулығында кінәраты бар Сымбатты негізгі мақсаттары – атышулы отбасылық заң жобаны тез арада қабылдату үшін (Базаркүл ханым айтпақшы) құрбандыққа шалып жібергендей көрінеді… Әйтсе де атышулы заң жобасын Президент Тоқаев қайтарып алғаны белгілі.
Сымбаттың анасы Базаркүлдің жанайқайы аналық тебіреністен туған азалы үн. Жоғарыдағы Сымбатты «қорғаушы» топтың «Сымбатқа Абай қол жұмсады» деген арызы негізінде әкімшілік іс бойынша 22.10.2020 күні сот болыпты. Абай сол жерде «әйеліне қол жұмсамағанын» айтып ақталса да, оған ескерту беріліпті. Сот бітсе де ешкім тарқамайды. Сымбаттың адвокаты жайырақ келетін болды деген соң Есіл ПБ-ның ішінде адвокатты күтіп отырғанда әкесінің қасында отырған Сымбатқа анасы Базаркүл: «Қызым, әркімнің үйінде жүрме. Қалаған үйіңді, машинаңды Абай алып береді, екі балаң сенің қасыңда болады. Нотариус арқылы соны заңдастырайық, сөйтіп осы істі доғарайық. Шаршап қаласың, денсаулығың көтермейді. Осы жаққа келген себебім де сол емес пе?» деп қызын көндіре бергенде, адвокаты кіріп келіп Сымбатты ішке алып кетеді, Абайдың үстінен тағы арыз жазғызып, тағы қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Көрдіңіздер ме, мәселені «жанашырлары» қалай ушықтырып жібергенін. Өзі ауру, не істеп не қойғанын білмей жүрген  Сымбаттың «жан азабын» қоздатқандар, кейін бір-бірлеп қашқақтай бастайды.  (Бұл жайлы төменде айтылады).
Бәрін айт та, бірін айт демекші,  журналистік зерттеуді Абай Тілеген ұлынан бастадық. (Алғашқы мақалада да өз ойын айтқан болатын). Абайды әңгімеге тарта отырып қосалқы сұрақтар қойып, азаматтың  басына түскен қайғыдан күйзеліске  түскенін, әлі күнге өз-өзіне келе алмай жүргенін көргенімізді жасырмаймыз: «Бәрі жақсы болатын. Достарымыз бізді үлгі тұтып, қызыға қараушы еді. Тұрмыстық жағдайымыз да жақсы, бәрі жеткілікті, баспанамыз бар, сүттей ұйып отырған едік… Сымбат қалыпты жағдайда айтарын әзілмен жеткізетін, көбіне көтеріңкі көңіл-күйде жүретін, ашық-жарқын мінезді  жан еді. Балаларды балабақшаға беріп, өзі жұмысқа орналасуға әрекет жасап, қалаған жұмыс орнына резюмесін де (түйіндеме) тастап қойған еді. Өткен 2020 жылдың басында Сымбаттың бойында біраз өзгерістер байқалып жүрді.  Ашушаң, орынсыз қызғану, себепсіз уайымға түсіп жабырқап жүретін кездері жиілеп кетті. Балалар да қараусыз қалып жүрді, нәтижесінде жиі ауыратын болды. Жұмысымның  барысында іссапарлармен сыртта көбірек боламын, уақытпен шектелмейтін  кездер де болып тұрады.  Ата-аналарымыз алыста болған соң жалғызсырап жүрген шығар, уақыты келгенде  жұмысына шықса бәрі орнына келер деп аса мән бермей, сабырлық танытып жүрдім. Уақыт өте келе «сен байқамайсың ба, заң адамдары  қолына түсіргілері келіп жүр, машинаға мінгенде байқамадың ба, әне, артымызға түсті тезірек қашайық, маған естілген дауыстарды естімейсің бе?» т.б. бір-біріне байланыспайтын  сөздермен, түрлі  әрекеттерімен алаңдата бастады. Сабырға шақырып, басу айтқанымда «ия, расында өзіме де түсініксіз жағдайлар болып жүр, емшіге барып жүрмін» деді. Мықты емші таптым, соған емделе бастадым, жақсы болар» деп сендірді. Сөйтіп жүргенде әкем келіп Ақтауға балалармен алып кеткенін өткен жолы айттым. Оны қайталамай-ақ қояйын. Ақтаудан келгеннен кейін оның бойындағы өзгерістер тіпті қатты байқала бастады. Көбіне үнсіз, бір нүктеге қарап  отырып қалатын болды. Күні бойы балалардың тамағына қарамайды, тіпті өзіне де қарамай, түнімен ұйқысы жоқ, күндіз де ұйқысыз тек жата беретін болды. Саған не болды, дәрігерге барайық десем, мен «гипноздың әсерінен шыға алмай жүрмін» деді. Көп ұзамай, Ақтауда апамыз қайтыс болып шұғыл жолға шықтым. Ақтауға келген соң артынша келіншегім телефон соғып, тез қайтуымды сұрады. Сол күні ұшақпен ұшып келдім. Үйге келген соң ол маған осы қалада Талғат атты емшіге барып жүргенін, оның гипнозбен емдейтінін, екінші баламыз дүниеге келгеннен ауыра бастағанын, соның салдарын емдеп жатқанын, емшінің келіншегіме: «осы жылдың тамыз айына дейін ажырасып, пәтер, машинаны алуың керек, барлық құжаттарың менде сақтаулы болады деп неке туралы куәліктен бастап, балалардың туу туралы куәліктері, өзінің  және менің загранпаспорттарымызды алғанын» жайып салды. (Өткен жолғы жоғалтқан ақшамды сол емшіге беріп жүргенін, каспий голдынан емшіге 400 мың теңгенің аударылғанын көрсетті).
Бірден анасына хабарласып келіп кетуін өтіндім. Екі күн өткенде  анасы келді. Анасы келгенше, келіншегім тіпті мазасызданып: «тезірек Ақтауға кетейік, бізге қастандық жасалғалы жатыр» деп түрлі әрекеттерімен күн-түн ұйқысыз жанталасумен болды. Анасына телефонмен келмеуін өтінген, «мұнда аса қауіпті, соңымызда көп кісілер жүр, мен ажырасуым керек, барлық құжаттар емшіде» деген. Анасы маған телефон шалып келіншегіммен бірге емшіге барып барлық құжаттарды алыңдар деп тапсырды. Келіншегім сөзге келмей мені емшінің үйіне апарды. Емшінің жолдасы барлық құжаттарды алып шықты. Сол күні анасын күтіп алдық. Ол күнгі оқиғаны ол кісі де жазды. Қайталамай-ақ қояйын.
Сілтеме: https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1729943027185083&id=100005082063852
Кешкі асымызды ішіп алған соң келіншегім, анасы және балалар бір бөлмеге жатты, мен екінші бөлмеге орналастым. Түннің ортасында енемнің айқайлаған даусынан оянып бөлмеге жүгіріп кірдім. Енем  келіншегімді терезенің алдынан сүйреп алып келе жатыр! Біз тұрып жатқан оныншы этаждың терезесінен секірмекші болған келіншегімді енеміз екеуміз барынша басу айтып, тыныштандырып орнымызға жаттық. Арада екі сағаттай уақыт өткенде енем мені оятып, «Сымбат орнында жоқ, тағы не болды?» деп жылап тұрды. Енем екеуміз Сымбатты терезеден секіріп кетті ме екен деп сыртқа қарадық. Келіншегім келе жатыр екен, ашуланып қалар деп енем екеуміз бөлмеге кіріп кеттік. Үйге кірген бойда, жуынатын бөлмеге кіріп кетті, артынша анасы екеуміз де есігін ашқанымыз сол екен, келіншегім мойны, қолы қанға боялған, тамағын лезвиемен  кескілеп тастаған, сумен қанын жуып жатыр екен. Жедел жәрдем шақырттық, болған жайды баяндадым, олар жүйке аурулары ауруханасына хабарласып, жедел жәрдеммен анасы екеуміз бірге бардық. Алғашқы көмек көрсетілген соң, келіншегімді номері 5 жүйке ауруларының жабық бөліміне орналастырды. Сол жерде Есіл аудандық Ішкі істер бөлімінен опергруппа келіп болған жаймен танысты, өзіне қол жұмсау фактісі тіркелді. Полиция қызметкерлеріне лезвие жұтқанын айтқан, келіншегімді қайтадан жедел жәрдем аруханасына апарып асқазанын тазалады. Жүйке аурулары ауруханасында 25 күн ем алып, денсаулығы дұрысталған сияқты болды, балаларды сағынғанын, үйге қайтқысы  келетінін айтты. Енем екеуміз қолхат жазып, диспансерлік тіркеуге алмауларын өтіндік. Ары қарай жазылуынан үміт етіп, анасымен оңтүстік өңірдегі қасиетті жерлерге зиярат жасадық».

Қоғам белсенділерінің әбжіл әрекеті шаңырақтың шайқалуына әсер етті

Аңғарған адамға осы жерде де көп сыр жатқан тәрізді. Байқұс ана Базаркүл мен жары Абайдың  (Сымбаттың болашағына алаңдаған екеудің) психикалық ауытқуы бар Сымбатты тіркеуге алдырмауында да үлкен гәп бар. Бірақ бұл заңға қайшы әрекет еді. Енді соның зардабын тартып отырғандары баршаға аян… Абай сөзін былай жалғады: «Ол жақтан келген соң енем Ақтауға кетті, ата-анамыз балалармен бізге келді. Арада екі күн өткен соң келіншегім қайтадан елестер көре бастады, түрлі ауытқулар басталды. Ақтауға телефон соғып, енеме келіншегімнің қайтадан ауыра бастағанын жеткіздім. Енем келіншегімді Ақтауға жібер, тағы әрекет жасайық деген соң Ақтауға шығарып салдым. Балалар ата-анаммен осында қалды. Ақтауда да дәрігерлерге емделіп, емшілерге барып бір айдай болып, қыркүйек айының аяғында үйге оралды. Ата-анам анасы балаларына алданып өзіне келер деген үмітпен балаларды қалдырып өздері Алматыға кетпекші болды. Балалар жылап атасы мен әжесінен қалмай, бірге кетті. Анасы ауырғалы жанына  бармай, ұйқыларынан шошып оянатын болды.
Ата-анам кеткен соң келіншегім үйден шығып күні бойы сыртта жүретінді шығарды. Қайда барып жүрсің десем косметологқа, маникюр т.б жерлерге барып жүргенін айтатын. 30 қыркүйек күні кешке жұмыстан келсем,  ваннада айнаға қарап боянып жатыр екен. Қайда барасың деп едім, косметологқа жазылып қойғанмын деді. Мен әзілдеп онда не үшін боянасың, сол жерде бояп бермейді ме дегенім сол екен: «достали, мені бақылағандарыңнан  шаршадым», деп өзін-өзі қылғындырып, жерге жата қалып аунап басын ұрып, әбден әбігерге салды, бет бейнесі де  өзгеріп кетті. Әрең дегенде тыныштандырдым. Аз уақыттан соң басым ауырып барады, мені ауруханаға апаршы деген соң №2 қалалық ауруханаға  апардым. Өзі ішке кіріп кетті, маған  сыртта күт деді. Біраз уақыт өткен соң маған учаскелік полиция инспекторы келіп: «сіздің әйеліңіз сізді  үйде ұрып-соғып мені ауруханаға әкелді» деп хабарлама берді, түсініктеме жазыңыз деді. Таңқалысымда шек болмады… Келіншегімнен жазбаша арыз тастаңыз деп еді, арыз жазудан бас тартты. Олай болса полицияға не үшін хабарладыңыз десе, үнсіз қалды. Үйге қайтып келе жатқанда: саған не болды, мені не үшін жазғыра бересің деген сұрағыма да үнсіз қалды». Абайдың: «Осы күнге дейін менің ойымнан шықпайтын жалғыз сұрақ: Менің сүйіп қосылған жарымның менен шошып, көргісі келмегеніне, балалардан да суынып кетуіне, туған анасын жат көріп, қарсы шығып айтқанының бәріне теріс жауап беріп, анасының жанұшырған дауысының әсер етпеуіне не себеп болды екен?» деген сауалына біз де ойланып қалдық. Расымен де не себеп болуы мүмкін?
Біз білетін мәлімет, Сымбаттың соңғы жолғы  суицидке барғаны жайлы Есіл ауданы ІІБ-на тіркелгені. Осы жерде тағы айта кетер бір мәселе Сымбаттың айналдырған үш-төрт айда  психбольницаға  үш рет түскені де анықталып отыр. Алғашқысы 2020 жылы 12 шілдеде түскен,  6 тамыз күні ауруханадан шыққан. (Датасы бізде сақтаулы тұр).
Өмірінің соңғы уақыттарында мінезі тіпті қатты өзгеріп, күйеуіне  ескертпей үйден жиі шығып кететіні де күдік туғызар дүние. Қылмыстық істе, куәгерлердің сөзінде есімі жиі  аталатын Талғат емшімен сөйлесу журналистік парызымыз еді. Өйткені мақала біржақты емес, жан-жақты болғаны оқырманға да, бізге де «қызық». Мүмкін Талғаттың да айтар өз пайымы болар деп күтіп едік. Әттең, ол сенім ақталмады. Бірнеше рет телефон шалдық. Барып тұр, көтермейді. (Қай күні қоңырау шалғанымыз скринттеліп, қаттаулы тұр).
Осы жерде Сымбаттың анасы Базаркүл емші Талғаттың үстінен арыз жазған, ол арыздың тексеріліп жатқанын ескерте кетейік. Псевдоемшінің  жасаған іс-әрекеттері де заң тарапынан әділ бағасын аларына сенейік!
Журналистік зерттеу барысында  көз жеткізген бір шындық ол – Сымбаттың  ауруға шалдыққан алты ай ішінде анасы Базаркүлдің  Абайдың шаңырағында болып, қызының  өзіне қол жұмсамақ болған оқиғаларына куә болуы еді. Ал сырттағы ағайын бұл жайттан хабарсыз болғандықтан, әлеуметтік желідегі дәлелсіз ақпарларға сенгендіктен және Сымбаттың сырқаты ағайынға ашық айтылмағандықтан (Соңына дейін жасырып баққан) Базаркүлге кінә артып жүргенін түсінуге болатындай.
Марқұмның өмірден өтер алдында із-түзсіз жоғалып кетуі, сол кезде енесінің үйде болғаны, екі жақтап (құда-жекжаттар) барлық таныстарына телефон шалып, табылмаған соң Ішкі істер бөліміне іздеу салуы, сол аралықта Базаркүлдің сіңілісі Тамара бастаған, Қазақстан Жастар Конгресінің қайырымдылық бағытының директоры Перизат Қайрат қолдаған, Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты жөніндегі жетекшісі  Дәулет Кәрібек  қостаған белсенділер тобы марқұмды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан «арашалау» мақсатында белгісіз бір пәтерлерде «жасырып» ұстауы, сонымен қатар «зәбір» көрген екі бүлдіршінді тез арада «арашалап» алу мақсатында Алматыда ата-әжесімен демалып жатқан жерінен тез арада Нұр-Сұлтан қаласына жеткізу туралы бұйырғаны елең еткізер оқиға. Бұл тергеушілерді жаңа қылмыстық істерді ашуға, бәлкім сот ісіне кірмеген кейбір жайттардың түпкі мақсатын білуге таптырмас факті болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.
Ештеңеден хабары жоқ, дем алып жатқан жерлерінен немерелерін ертіп Астанаға ұшып келген Сымбаттың атасы мен енесін Нұр-Сұлтан қаласында жоғарыдағы лауазым иелері, БАҚ өкілдерін жинап керемет  оқиғаның бетін ашқандай кейіпте күтіп алып,  түрлі  сұрақтардың астына алуының мәнісі де терең сараптауды қажет етеді.  Сол жолғы БАҚ өкілдері кімдер болғанын, оны ұйымдастырушылардың қандай негізге сүйенгенін, фото-видеокамерамен күтіп алғандардың аты-жөнін анықтау біздің емес, құзырлы органдардың жұмысы. Егер бұл оқиға терең зерттелсе, қылмыстық іс қозғалса  көп нәрсенің беті ашылары анық.
Осы оқиғаны Сымбаттың атасы Тілеген аға былай еске алады: «Алматыда демалып жатқанбыз. Нұр-Сұлтаннан шұғыл балаларды алып келіңіздер деген хабар келді. Демалысымызды тастай сала балаларды алып ұшақпен ұшып келдік. Аэропортта журналистер, репортерлер, ешқайсысын танымаймын жан-жақтан суретке, видеоға түсіріп, балаларды қолымыздан ала жөнелді! Жолдасым екеуміз есімізден танып не болғанын білмей де қалдық. Сол әкеткеннен үш айдай екі бала әркімнің босағасында кімнен не үшін жасырып жүргені белгісіз, әбден азып-тозып баламның қорғаушыларының арқасында құдағиымның сіңілісінің үйінен алып келді. Аллаға шүкір, қазір балалар қолымызда, балабақшаға барып жүр. Алладан келген сынақтан ешкім құтылған емес. Адамдардың алдында ақталу үшін емес, көзіқарақты оқырман жұртты дүр сілкіндірген арты орны толмас қазамен аяқталған осы оқиғадан сабақ алса, жастарымыз тағдырына жауапкершілікпен қараса деген мақсатта өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім.
Немерелерімнің анасының артын дауға қалдырмай, аруаққа тыныштық беріп, ертең есейгенде олардың жүрегіне салмақ түспесе екен, нағашы жұртымен сағына қауышып екі жаққа да еркелеп еркін өссе екен деп тілеймін! Мейірімді Алла келінімнің тумаларының жүректеріне иман байлығын беріп, тура жолға салуын қалаймын».

Құдалар арасындағы түсініспеушіліктің зардабын – екі сәби тартпаса екен

Блогерлердің Сымбаттың ата-енесі балаларын анасына 2 ай бойы көрсетпей алып кетті деген мәселеге байланысты айтарымыз мынау: Сымбаттың анасы Базаркүл айтады:  «Сымбатпен телефон шалып бір хабарласқанымда 30 қыркүйекте иммунитетін көтеру үшін инемен ем қабылдап бастағанын, сосын балалары ата-енесімен бірге Алматыдағы санаторийға саумал ішуге баратынын айтты. Мен оған «Сен де барғаның жақсы еді» дегенде, ол өзінің ем қабылдап жүргенін, әрі жұмысқа тұру үшін сұхбатқа шақырып қалуы мүмкіндігін ескертті. Нағашы апасы Тамара: «Күндіз өзі жалғыз үйде болғанша, мүмкін қызын алып қалса қалай?» деген ойын айтты. Артынан ойланып қарап, Сымбатқа ем алуға да, сұхбатқа барғанда да баламен жүрген болмас, қызы да ағасымен бірге Алматыға барып демалып келгені дұрыс болар деп шештік. Әңгімесінің соңында Базаркүл:  блогерлердің 5 қазан мен 21 қазан аралығын (16 күн) неге 2 ай деп жазатынын түсінбедім. Шынында да неге олар екі ай?» деп жазды. Демек, мәселені ушықтыру үшін, Сымбаттан балаларын екі ай бойы жасырды деп өтірік айып тағу үшін бір жарым ай ойдан қосылған. Осының өзі-ақ блогерлердің жаман пиғылын аңғартып тұр…
Сымбат ісіне қатысты оқиғада аты көп аталатын бір әйел бар. Ол Сымбаттың анасы Базаркүлдің сіңілісі Тамара. Абай бұл кісі жайлы: «Сымбаттың апасы  Ақтаудан арнайы үйге келді. Алғашында Тамара апаның келгеніне қатты қуандым, келіншегімнің ойы бөлініп, қалпына түсуіне көмегі тиер деп… Соңында белгілі болғанындай Тамара апасы келіншегімнің ауру жағдайынан хабарсыз ба? Келіншегіммен адвокат жалдап, ажырасу жайлы сотқа арыз беруге бірге барып жүргені белгілі болды. Ол кісі мені кінәлі деп тапса тым құрыса, «Абай, сен не істеп жүрсің, балалардың тағдыры не болмақ, отбасыңның шырқы неге бұзылды?» деген сұрақ қойса ашып түсіндіріп айтар ма едім…» деп өкінішін жасырмайды.
Ал Сымбаттың анасы Базаркүл сол кезеңді былай еске түсереді: «Сол күннен бастап қызымның қайда, қай қалада жүргенін де білмедім. Телефон соқсам көтермейді,
Ватсабына жазсам, жауап бермейді. Қызымның денсаулығын, ұйқысын сұрасам нағашы апасы Тамара: «Сымбаттың ұйқысы жақсы, дені сап-сау» деп жауап береді. Мен оған «Менен қызымды алып кетіп, жасырып жүрсіңдер! Сымбат посттарын түн ортасында салады, оның ұйқысы қашып жүргенін біліп отырмын. Ол ұйықтаса да сендер ұйықтамауларың керек! Сымбатты қашаңғы ұйықтамай бағып жүрем деп отырсыңдар?!  1 ай, 2 ай, әлде 1 жыл ма? Бірдеңе істесеңдерші! Апарып емдемесеңдер, психотерапевт, психиатрды үйге шақырып емдеңдер!» деп қайта-қайта ескерте бердім» дейді көз жасын көл етіп.
Осы Тамара ханымның іс-әрекеті бізге де түсініксіз. Блогерлердің шашбауын көтеріп, туған апасы Базаркүл мен Абайды «ауызжаласқан», «дүниеге жармасқан» пенделер деп қаралағанымен, нақты фактіге жолы жабық. Қылмыстық істі тергеу барысында Тамараның  ауытқуға түскен Сымбатты «Еш жері ауырмайды» деп жасырын ұстауының мәнісі де ашылуға тиіс! Сонымен бірге Сымбатты иесіз пәтерге жалғыз тастап кетуі де нақтыланса дегіміз келеді. Қылмыстық іс әлі  сотқа өтпегендіктен, тергеу әлі жүріп жатқандықтан қорғаушылармен сөйлесу мүмкін болмады. Алайда Сымбатпен болған алғашқы очная ставкада (бетпе-бет кездестіру барысында) марқұм Сымбаттың Абайға қойған кінәлауларын жиі ауыстырып отыруы, орын алған зәбір көру фактілері де алғашқы айтқандарына мүлде қарама-қайшы  келуі де марқұмның бойынан жүйке ауруларына тән белгілер  байқалғанын көрсетсе керек.
Анасы Базаркүл айтады: Сымбаттың соңғы алты ай көлемінде белгісіз дертке ұшырағанын, Ақтауға бірнеше рет апарғанын, емшілер, дәрігерлерге көрсеткенін, үйде болғанда бір ай бойы төменгі қабаттан шықпай, ешкіммен сөйлеспей томаға-тұйық қалыпта болғанын, өзіне қол жұмсауға үш рет әрекет жасағанын, сол уақыттарда бірге болғанын… күйеу баласы Абайға қоятын ешқандай кінәсі жоқ екені сот барысында ескерілуі тиіс. Өйткені Сымбат ісінде анасының орны бөлек. Тоғыз ай он күн көтерген баласын қай ана жамандыққа қияды, ағайын! Осы бір қым-қиғаш оқиғадан тысқары қалмаған Сымбаттың атасы Тілеген мырзамен де тілдесуге мүмкіндік туды: «Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» ықылым заманнан келе жатқан қағиданы құрмет ете отырып, сыйластығымыз балаларымызға өнеге болса олар да шектен шықпас, деген пайыммен құдаларымызға көңілдің төрінен орын беріп, барымызды салып сыйластықта болдық.
Келінімнің бойынан өзгеріс байқалған алғашқы кездерде жазылып кетер, аса дабыра жасамай, әрекет етейік деген оймен әр қадамымызды құдағимен ақылға сала отырып біраз әрекеттер жасадық. Сырттан ешкім араласпай, келініміз дәрігердің айтқанын орындап, аяғына дейін емделсе мұндай болмас па еді?! Әттең-ай, келінімнің сырқатына ем іздеумен біз әлек болып жүргенде, қолдан жау жасап, онсыз да жүйкесіне зақым келген келінімді ары тартып бері жығып, қала берді әлеуметтік желіні шулатып, жанымыздың жарасын тереңдетумен болған «қоғамшыл, тұрмыстық зорлық көріп жүрген «кейіпкерді» қолдан жасап берекемізді алған бейбақтарға айтарға сөзім жоқ! Ең жаныма батқаны солардың сөзіне сенген құдаммен оның біраз туыстары да бізді жау көріп, даттаумен болғаны.
Аллаға шүкір, құдағиым біз білмейтін біраз жайттарды көзімен көріп, күйеу баласының қызына адалдығына көзі жетті, екеуі бірге жүріп Сымбаттың жазылуынан үміт етіп барынша күресті. Құдамның орын алған жайтқа көзқарасы бастан-ақ түсініксіз болды… Келінімнің өзіне қол салуға бір емес бірнеше рет әрекет жасағанын білмеді ме, алайда ол туралы құдамды үйге шақырып «Сымбатты емдетуді шұғыл қолға алайық, бір-бірімізді кінәлап, кінәліні іздеп уақыт оздырмайық, ауруды асқындырмай, бірігіп әрекет жасайық, Құранмен дем салып емдейтін ғалымдарға жүгінейік» деп жасаған ұсынысыма  құдамның айтқан жауабына таң қалдым: «Сенің ғалымдарың «боқ» білмейді, қолыма күбіртке шыққанда емдеген тәуібім бар, соған апарамын деп салды! Сіздікі тән ауруы, жан ауруымен салыстырма, жауапкершілік өзіңде деп те ескерттім. Жауапкершіліктен бас тарту мақсатында емес, қателікке ұрынбай, ауызбіршілікпен бірлесіп, әрекет жасайық деген ойымды қаперіне де алмады…
Ең өкініштісі, құдамыз бастаған тумаларының  казақ коғамының отбасы құндылықтарына, ұрпақ болашағына қиянат жасап жүрген жасақтарға еріп кеткенін «білмеген» кейіпте күн кешіп жатуы.
Келін менің босағамды аттап, екі баланың анасы болып менің жанұямның мүшесі ретінде менің үйімнен шығуы заңдылық еді. Бас-аяғына қарамай бізді қаралап, келінімді өз босағасынан шығаруы да жаныма қатты батты. Араға кісі салып, өзім барып құдама сөзімді өткізе алмадым. Туыстары мені бас салып, баламды қаралап, аямай тілдеумен болды.
Кезінде Сымбатпен атасы ретінде ашық сөйлестім. Неден күдіктенесің, көңілің толмайтын кемшіліктер болса, қысымшылық көріп жүрсе жасырмай айтуын талап еттім.
Балаларға қарай алмай жүргенін көріп, өзі де олармен бірге болсын, демалсын деп  жолдасым екеуміз Алматыға барып  бәріміз біраз  демалайық, таудың ауасымен ем алайық  деген ұсынысымды бірден қабылдады. Алайда дәл кетер кезде, өздеріңіз бара беріңіздер деп, балалардың киімдерін дайындап бізді шығарып салды.
Осы жасқа келгенше біреуге жала жауып немесе арызқойланып көрген емеспін. Жаныма батып, қабырғамды қайыстырмақ түгілі сөгіп жіберген жағдай елді шулатып қана қоймай, қаншама отбасының қайғыға батырып, қолдан жетім-жесірлерді көбейтіп, ата салт-дәстүрлерімізге, қасиетті құндылықтарымызға жаудан өткізе жалған жанашыр бола қалып қасірет әкелуі, жымысқы жоспарларын жүзеге асыру үшін менің келінімді құрбандыққа шалып, екі ел арасына от салып ойран қылулары кімді де болса бей-жай қалдырмайды!
Ауырғанды емдетуден бас тартып, шырылдаған анасын жынды санап отырғандарға және шұғыл «емдетумен» айналысып, өміріне қауіп төнгізіп жүргендерге Алла сабыр берсін. Басымызға түскен сынақтарға сабыр қылып, ауру берген Алла шипасында береді!-деп үміттеніп, өспейтін ел, өнбейтін дауды даулайдыға салмай мәмілеге келіп, дұшпандарға таба, халыққа жария бола бергеннен не пайда?! Әттең, шайтандар сәтті пайдаланып жүргендерін сезер емес. Келінімізді қолдан тірі алып кетіп, жападан-жалғыз қалдырып отқа-сотқа сүйретілмей, екі отбасы оның денсаулығымен айналысқанда ол адам ортамызда болар  ма еді? Әркімнің өз бас пайдасы үшін, ақылға жүгінбей ашуға, айқайға, айбатқа апарғанына ел куә, айтар айғақ және азғырушы азғындар да анық, Алла бәрін көруші-білуші».

Базаркүлдің қызметтестері не дейді?

Біз осы мақаланы жазу барысында қызынан айрылған ана Базаргүл Табылғанқызының өзі қызмет ететін  Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіндегі әріптестерінен пікір алудағы басты мақсатымыз, қызметтегі адам көп жағдайда (үйде емес түзде) жүреді. Бұл дегеніміз – оның бар болмысы, адами қарым-қатынасы, мінез-құлқы ұжымына етене таныс екенін білдірсе керек. Яғни ұжым оның екінші үйі, екінші отаны! Сондықтан олар сырт көз. Сырт көз – қай кезде де сыншы да, мінші! Олай болса «Базаркүл ханымды ауру, есінен ауысқан, алжасқан» деп жатқан ағайын мен көп жайттан хабарсыз адамдарға ұжымдағы әріптестерінің ой-пікірлері ой саларына сенеміз! Журналисттік ізденісімізге универсиет ұжымы да жылы көзқарас танытты. Бізде  бұра тартып бұрмалауға жол бермедік. Не айтты, соны ақ қағаздың бетіне түсірдік.


Дау-дамайдың әділ жолмен шешілгенін қалаймын


«Іргелі ғылымдар» кафедрасының профессоры Кощанова Куляш Рахметовна:  Құрметті көпшілік, әлеуметтік желіде жария болған, қызынан айрылған ана Базаргүл Табылғанқызының әріптесі ретінде ұжымның атынан, осы жағдайға байланысты пікірімді айтқалы тұрмын.  Құлжағарова Базаргүл Табылғанқызымен 20 шақты жылдан бері жұмыстаспыз. Ол физика математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Профессор оқытушылар және студенттер, магистранттар арасында сыйлы, абыройлы, өз кәсібін жетік меңгерген әріптесіміздің бірі. Өзінің адал еңбегімен барлық жетістіктерге жетіп жүрген жан. Ол айтылуға тиісті нәрсені тура айтатын, барлық жағдайда тек әділетті көқарасты қолдайтын нағыз азаматтық ұстанымның иесі. Оның ақшаға, дүние, байлыққа, көрсеқызарлықпен бұрылғанын көрген емеспіз. Бұндай жат қылық оның табиғатында жоқ. Біздің ойымызша, көпшіліктің осындай оқытушының өз қызына сатқындық жасады деп ойлауы тіпті де ақылға сыймайды. 2020 жылдың наурыз айынан бастап, карантинге байланысты университетімізде онлайн сабақ басталған болатын. Сол кездері, қызының денсаулық жағдайын жария етпей іштен тынып, қиналып жүрген кезінде де университеттегі өтіп жатқан жиналыстардан,  онлайн сабақтарынан қалмай қатысуы оның басқаларға салмақ салмайын дегені өз жұмысына әр уақытта жауапкершілікпен қарағандығы деп білеміз. Қызының денсаулығындағы келеңсіздікті көзі тірісінде ел-жұртқа,  қасындағы ұжымға да жария етпегені, қызы емделіп,  жазылып кеткенше, ешкім қызының намысына тимесе деген ойы болар.  Қай ана болса да баласының жаманын жасырып, жақсысын асырады емес пе?! Қай ана өз баласына жамандық тілейді дейсің?! Әріптесіміз Базаркүл әділетсіздікке көз жұмып қарайтын жан емес, қызына қатысты мәселеде бұл тіпті мүмкін емес. Ол ақша, байлықтан әркез намысын жоғары қоятын жан. Бұл жалғыз мен емес, бүкіл ұжымның пікірі. Баласын жоғалтқан ананың жүрегінің жараланып, қабырғасының қайысатыны баршаға мәлім. Біз, ұжымдастар,  профессор оқытушылар құрамы, бүгінгі күні елдің балаларын жоғары біліммен сусындатып жүрген әріптесіміз Базаргүл Табылғанқызының ертеңгі күніне, келешегіне, тек оның ғана емес, отбасының, қалған балаларының денсаулығына, көңіл күйіне, психологиялық ахуал жағдайларына  алаңдаулымыз. Сондықтан әріптесіміз Базаргүлдің қазіргі жағдайына қоғам мен көпшіліктің түсіністікпен, адамгершілікпен қарап, дау-дамайдың әділдікпен шешілуін асыға күтеміз!» депті.

Сымбаттың өліміне әлеуметтік желінің де ықпалы болды деген ойдамын

 


Шолпан Сапарбайқызы, педогогика ғылымдарының кандидаты: 25 жылдай жұмыс өтілім бар. Мен Базаркүлмен 20 жылдың үстінде бір факультетте қызмет істеп келе жатырмыз. Базаркүл тура айтар болсам, өте сабырлы, өз ісін білетін, өзіндік принципі, өзіндік көзқарасы бар интелигент адам. Оның жолдасы Боранмен бір мектепте оқыдым. Ол менен бір сынып жоғары болды. Жас кезімізде өте жақсы араласып тұрдық. Бұған дейін ол туралы жаман сөз естіген емеспін. Сөйткен Боран әйелі Базаркүлдің сөзін теріске шығарып отыр дегенді естіп ішімнен қатты қынжылып  қалдым. Менің көзқарасым бойынша Боран ондай пікірде болмауы керек еді деп ойлаймын. Бұлар өзгелерге үлгі болар жарасымды отбасы болатын. Балаларын қалай жақсы қылып тәрбиеледі. Әңгімемізге арқау болып жатқан марқұм Сымбат та сондай керемет қыз еді. Алланың сынағы болар осындай бір қайғылы оқиғаға душар болып отыр ғой.
Сымбат жайлы айтарым, ол үлгілі қыз еді, көп оқығаны-тоқығаны бөлек әңгіме.  Маған оның тереңірек ойлайтыны, өзіндік өмірді тануы  ұнайтын. Маңайындағы жақын-жуық, дос-жарандары да жақсы бағалайтын. Өзім Сымбаттың ұзатылу тойында да, Абайдың үйлену тойында да болдым. Қуаныштарын бөлістім. Себебі Абайдың анасы екеуміз рулас туысқан болып араласып тұрамыз. Сондықтан екі жақта маған бөтен емес еді.
Кейін Сымбатты Абайдың әке-шешесінің ас-тойларында да жиі көріп жүрдім. Ұяң, ақылды, сыйлы  келін болды. Қашан көрсем де ақжарқын, күліп жүретіні есімде.
Сенімді түрде айта аламын, Сымбатты оның барған жері  өте жақсы көрді. Ал Абайдың оны өзі көріп, сүйіп алғаны тағы рас. Сымбаттың атасы Тілеген оған өте мейіріммен қарайтын, өз қызындай қатты жақсы көретін.  Енесі Сәуле дейтін өте алтын адам ғой, ол да келінін аялайтын. Оған өзім сан мәрте куә болдым. Биыл жазда Сымбаттың Ақтауға келіп екі баласын теңіз жағасында қыдыртып жүргенін де көргенмін.  Ал баланы Абайдың ата-анасы «алып қашып кетті» дегенге мен таң қаламын. Өйткені Абайдың әке-шешесі маған «Абай мен Сымбат демалсын деп балаларды Ақтауға алып келдік. Теңізге шомылсын, таза ауада серуендесін деген оймен» дегенін өз құлағыммен естігенмін.
Ал Сымбат екінші баласын туғаннан кейін психологиялық тұрғыда денсаулығында ауытқушылық бар екенін Сымбаттың анасы бірнеше рет маған сыр қылып айтқанын жасырғым келмейді. Осы жерде менің таң қалатыным, (қыркүйекте ме еді, әлде тамызда ма еді) дәл есімде жоқ, Сымбат пен енесі Сәулені «Супермаркетте» кездестіріп қалдым. Амандық-саулық сұрастық, мен сол жолы Сымбатты біртүрлі көрдім. Түрінде ешқандай эмоция жоқ. Сондай салқын, енжар кейіп. Баяғы Сымбат бұлай істемесе керек еді. «Қалайсың, Сымбат?» деп едім, өтірік жымиып, күлген болды. Маған оның жасанды қылығы ұнамады. Сол кезде ол зат қарауға бұрылып кетті. Мен енесі Сәулеге «Сымбат өте салқынқанды, ә» деп едім, ол маған «Бізге Сымбатты құдай өзі бере салған ғой, біз бәріміз эмоциональный адамдармыз ғой» деп әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.
Қайғылы оқиғадан кейін Сәулеге «Есіңде ме, мен сол жолғы кездесуде Сымбатты салқын көрдім» десем,  ол маған «иә, Сымбат сол кезде біртүрлі болып жүрді, бірақ біз оны «Шаршап жүрген шығар» деп көңілін аулауға тырысып жүрдік. Бұлай болатынын қайдан білейік» деді.
Енді қараңыз, Сымбат шардай үрілген әлеуметтік желідегі бос эмоция (жан-жақтан даурыққан адамдардың) жел сөзіне еліріп, шыдай алмай соның құрбаны болып кетті деп ойлаймын. Мына өмірде болып жатқан неше түрлі құбылыстарға, неше түрлі жағдайларға бей-жай қарай алмайтын адам есебінде оның әрекеті мен секілді көп адамның көзіне көрініп тұр деп сеніммен айта аламын. Мысалы әлеуметтік желіде мындай сөздер болған еді: «Сымбаттың өзі айтыпты: анасына Абай  (күйеуі жақ) ақша берген екен, соған бола анасы қызының сөзін сөйлемей отыр екен»  деген сияқты адам сенбейтін нәрселер.  Естеріңізде болсын, ешбір ана (ақыл-есі дұрыс) баласының тағдырын ақшамен өлшемейді. Бұл бүкіл адамзатқа белгілі. Бұл әлі оң мен солын білмеген әлеуметтік желідегі «Ақ десең бәрі ақ деп шулайтын, қара десең бәрі қара деп шулайтын желөкпе жасөспірімдердің даурықпа әңгімелері. Өмірдегі болып жатқан сындарға, оған өзінің денсаулығындағы ауытқауларды қосып, онымен қалай күресудің жолын таба алмай жүрген Сымбатқа әлеуметтік желі үлкен соққы болды деп ойлаймын.
Және бұл жағдайдың осылай болып аяқталуына әлеуметтік желідегілердің «аттандауы» көп әсер етті деп сеніммен айта аламын. Себебі «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы» заң жобасының сол кезде қаралып жатуы да өз септігін тигізгені шындық. Осы заң жобасының күшіне енуі үшін әлеуметтік желідегі белгілі топтарға осындай қайғылы фактілер керек болды. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны «міне, мынау Сымбат» деп көрсету үшін. Заң орындары көптеген құйтырқы әрекеттерді анықтаса, көптеген ақиқаттың беті ашылары анық. Өйткені анасы Базаркүл айтып отыр, Сымбаттың өзі аяғының «көкала қойдай көгеруін» кешке қарай болды депті. Сөйтсе ол оқиға түс мезгілінде болған екен. Оған дәлел сынықшыға баруы. Осы сөздің өзінде үлкен алшақтық болып тұр дейді анасы. Мұны айтып жатқаным, заң орындары осындай қарама-қайшы сөздерді анықтаса көп нәрсенің беті ашылары сөзсіз!


Бауырлас иттер де бірін-бірі қаппайды ғой

 


Лидия Таймуратова, Іргелі ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, физика және математика ғылымдарының кандидаты. (Мақаланы тебіренбей оқу мүмкін емес) Қызының ауырып жүргенін менімен бөліскені есімде. Онлайн сабақ болғандықтан қызына баратынын, емдететінін айтып рұқсат сұрады, әрине рұқсат бердім. Ананың көтермейтін жүгі бар ма? Анадан артық балаға кімнің жаны ашиды..?! Шырылдап жүргені көз алдымызда. Өз қызын алып қашты-ау! Блогерлері бар, Тамара деген сіңлісі бар. Екі айға жуық сондағы шырылдаған Базаркүл апайдың үні құлағымда.  «Неге алып келмейсіз?» дегенімде,  «пәтерден пәтерге алып қашып жүр, бүгінгі күнге дейін мекенжайын сан өзгертті» деп шырылдады Базаркүл апай. Бұл кісі ұлағатты ұстаз, нағыз дана қазақ әйелдерінің символы,  қайғыны да көтере білді. Ұжымға да сыйлы, студенттердің сүйікті ұстазы. Білімді, парасатты, әділетті, еңбекқор, табанды. Қазіргі басына түскенін азамат көтере алмас сынды көтеріп жүр.
Қызынан ажырап жүрегі қақ айырылып отырғанын көрдік, сондағы ағайындары мен туған сіңлілерінің айтқан сөздерін адам баласы көтере алмайды . Шырылдап «қызыма араша бола алмадым» деп  ішіндегі мұңын айтып жылап отырғанда туған сіңлісі келіп «сөйлеме» деп жағынан тартып жіберіпті. Сұмдық емес пе, «ол енді шерін тарқатсын» дегенімде «аузыңды жап, сен кімсің?» деп мені балағаттады,  орнымнан тәлтіректеп тұрып үйден зорға шықтым…
Барлығы бір жақ, шырылдаған ана бір жақ. Ұжымдағылар бірауыздан келісіп жалғыз қалдырмайық деген байламға келдік.  Күні бүгінге дейін кезекпен барып тұрамыз. Базаркүл қызын шырқырап жүріп емдетті.  Әкесі молдаға да дем салдырды, әулиелерді аралады.
Ол ешқандай ауру емес, бұрынғыдай қызметін атқаруда, еш ауытқуды байқамадық бойынан.  Мақала орынды зерттелген, Базаркүлдей анаға қоғам болып араша тұруымыз керек. Бұл қоғам дерті, заң орындары араласып жатыр. Әділ шешілер деген үміттеміз. Базаркүл апаның ата-анасы жас кеткен екен, апай үлкені болып қамқорлық еткен бауырларына, білетіндер солай деп айтып отыратын. Сөйтіп өсірген туған бауырларының әрекеті еш ақылға сыймайды, адам шошырлық нәрсе. Оған еш сөз таба алмадым!  Көп балалы анамын,  бауырларым бар,  бұндай сұмдық естіген де, көрген де  емеспін.  Бауырлас иттер де бір-бірін қаппайды ғой негізі!


Баланың жанын анадан артық кім түсінеді?


Ләззат Диярова физика-математика ғылымдарының кандидаты, Базаргүлдің  қызметтесі:

– Базаргүлмен осы университеттегі уақыттардан жақын таныстым. Балаларымыз да жақын араласып жүреді. Біз, қызметтестер, осындай жағдайда Базаргүлдің туыстарының іс-әрекеттеріне өте наразымыз! Өзі қайғырып отырған жанды әлеуметтік желідегі  аяусыз қаралап жатқаны тіпті ақылға сыймайды! Баласының ішкі жан дүниесін анадан артық ешкім түсінбейді! Ана мен баланың арасына түсіп жүрген туыстарының іс-әрекеттерін қалай түсінуге болады?! Қаламыз шағын, бір жердегі оқиға тез таралып кетеді.  Базаргүлді өте шыншыл, барлық уақыттағы іс-әрекеттеріне аса жоғары жауапкершілікпен қарайтын, барлық жағдайға тек ақиқат жағынан қарайтын және пікірін ашық, тура айтатын талапшыл жан. Ұстаз ретінде, қызметкер ретінде, мейлі дос ретінде жалғандықты жаны сүймейтін, жасырмай тіке бетке айтатын мінезі кей адамдарға ұнамауы мүмкін. Бірақ сол қалпында ол кісіні ортасы танып, сыйлайды, себебі қатал бола тұра жанашырлығы, қажет жерде алдымен көмекке келетін адамгершілік сипатымен студенттер арасында, қызметтестер арасында  құрметке ие жан.
Біздің түсінігімізге сыймайтыны, ашуымызды тудыратыны  сол –туыстарының марқұмды анасынан да жақсы көрген, жанын түсінетін болып шыққаны, ал Базаргүлді өзі ауру, басы кетіп қалған деп ел-жұртқа жариялаумен болуы.
Керісінше, Базаргүл  бұрынғыдан да жинақы, әлеуметтік желідегі ол туралы кері пікір тудыру мақсатындағы постардың ықпалымен қоғамдағы пікірлерді сезіне отыра  дес бермей, бойы тік, ойы жинақы болуын байқамау мүмкін емес! Бұл күндері  ортамызда жұмыстарын жалғастыруда. Біз, математиктер атқаратын жұмыстың өз қиындықтары бар. Базаргүл барлық жұмыстарын еш кідіріссіз атқаруда. Сырты  бүтін іші түтін бола тұра жұмысына аса тиянақты, қызметтестерімен қарым-қатынаста бұрынғыша аса мәдениетті, зиялы қалпында! Осыдан шығаратын қорытынды – Базаргүл ешқандай ауру емес! Мен және біздің ұжымда  осы  пікірімізден бас тартпаймыз!
Менің анам, осы кафедрада меңгерушісі болды, зейнетке шыққан, жасы 83-те. Базаргүлдің басына түскен осы жағдайға қоса қиналып, қолдау көрсету мақсатында өлең де арнағанын айтқым келеді.

Қайғыңды қалыңдатқан жандарды кеш!

Базаркүл! Сен арқылы өзіңнен бастап, жан жарыңа, туған-туыс, құда-күйеу, ағайын-жанашырларыңа қайғылы қазаға душар болған Сымбатың үшін көңіл айтамыз.

Жұбатарға керек сөз таба алмасақ,

Көңілімізді білдірмекпіз бірге жылап…

Қарағым қайғың қалың түсінеміз,

Әділ, адал жаныңды біз сүйеміз.

Қайғыңды қалыңдатқан жандарды кеш?!

Олар да жанкүйділер деп білеміз.

Қызымыз қыз еді ғой, сағынарсың,

Қимассың, қиналарсың, жабығарсың,

Қолынан пенделердің не келеді?!

Құдай салған тағдырға не қыларсыз.

Көтердің ұрпақ үшін өмір жүгін,

Аналық парызыңды өтеп едің,

Қыршын сұлу өмірі қиылды-ау!…

Иманды болсын! Артының қайырын берсін!

Жиендер аман болсын құдай сақтап,

Біз Сені жүрген жоқпыз босқа мақтап.

Қабат-қабат қайғыңнан алып шықсын,

Білігің мен ақылың екі жақтап!

Өкінішпен болма «дос»,

Ақылыңа ақыл қос.

Өртенсе де өзегің,

Салқын қанмен бәрін шеш.

Ақыл емес бұл айтқаным қарағым,

Көңіліңдегі көлеңкеңді ғана көре алдым.

Жадырашы бұлттан шыққан күндей боп,

Қолыңнан келер талай бар ғой амалың…

Базаркүлдің жанын туыстары түсінбей отырғанына қапалымын

 


Базаркүлдің сыныптасы Наубетова Үзілхан: Ақтау қаласының тұрғыны Құлжанова Базаргүлді бала кезімнен 1975 жылдардан бері танимын, мектепте бірге оқыдық, жақын араласамыз. Мектеп мақтанышы болды өте жақсы оқыды.
Базаркүл осы қаланың тұрғыны, үш баласын жақсы тәрбиеледі, үшеуі де өте білімді, жоғары білімдері бар. Базаркүл жанұям, балаларым деген жан. Өте шыншыл, ақты ақ, қараны қара дейтін, жалған сөйлемейтін жан. Аяулы баласы-қызы өмірден өткені баршамызға батты. Базаркүлмен болған әңгіме барысында қызының өмірден өтуіне көптеген жағдайлардың әсері болғанын күйзеле отырып баяндады. Марқұм Нұр-Сұлтаннан бір емшіге барып жүргенін, ол емшінің пайдасынан зияны көп болғанын, дәрігерге  апарып ем алғанын, емді толық қабылдамағанын да күйзеле айтып отырды. Нұр-Сұлтанға барып үйдегі барлық әрекеттерін байқап көзімен көргенін, қызының ауыратынына анық көзі жетіп, емдетуге апарып жүргенін туыстарына айтқанда олардың сенбегенін, «қызың емес, өзің аурусың» деп екеуміздің арамызға түскендері, қызымның толық ем алуына кері әсер беріп соңы осындай орны толмас өкінішпен аяқталғанын өзегі өртене баяндап берді. Дәрігерлер «соңына дейін емделмесе болмайды» дегеніне қарамай, жүйке аурулары ауруханасынан әкетіп жатқанымызда «қызыңыз емді толық алып біткен жоқ, тағы қайталайды, тым болмаса таблеткаларды үзбей қабылдап отыруын қадағалаңыз», деп қатты ескерткенін айтты.
Қызын соңғы сапарға шығарып салғанда жаны күйзеліп, «сені толық емдете де алмадым-ау!» деп жылап отырған Базаркүлге қайнағасы, бауырлары  жан-жақтан: «олай айтпа, оның ауруы жоқ», деп дүрсе қоя бергендері тіпті санамызға сыймады. Күні кеше садақаға жиналғанымызда да жиылған жұрттың көзінше ара-тұра Базаркүлдің сөйлегеніне тыйым салумен болған тумаларын көріп олардың осындай әрекеттерімен нендей мақсат көздегенін  түсіне алмадық.
Сол кездерде Базаркүлдің отбасында өтіп жатқан осындай жағдайлар әлеуметтік желінің бетінде өрттей қаулап, инстаграм пайдаланушылар арқылы жұрттың назарын аударатын түрлі посттармен Базаркүлдің қызын зәбір көрген, балалары қараусыз қалған етіп көрсеткен блогерлердің әрекеттерінің екі жақтың отбасына да оңай тимегенін, өзі ауырып жүрген марқұмның жүйкесіне кері әсер еткенін, соңы осындай өкінішпен аяқталғанына кінәлілер анықталары сөзсіз!…
Күні кешеге дейін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» туралы заңның қабылдануына пейілді, сол жолда көзге түсіп, «аянбай тер төгіп, зорлық-зомбылық» көріп жүргендерді іс жүзінде көрсеткісі келген блогерлерге қажет болды ма, солардың үгіттеуі марқұмның дертін тереңдетіп жіберген болар…
Базаргүлдің екінші қызы: «мама Сымбатты ауырды деп айтпашы» деумен болды. Ол қыз шетелде тұрады, апасын ауруға қимаған болар, түсінуге болады. Алайда, баласының бойындағы ешкім  байқамаған өзгерісті ешкімнің байқамауы заңдылық екенін ескермей отырған тумаларының әрекеттеріне не айтарсың? Базаркүл қайнағасына: балаларды теріс үгіттеп мазасын алмаңыздаршы деп өтініш білдіргеніне қарап туыстарының марқұмның ауырғанына сенбейтінін, кінәні басқаға аударып отырғаны Базаргүлдің қайғысын ауырлата түсуде. Сымбаттың садақасына жиналғандар ондай жағдайлардың бастарынан өткенін әңгімелеп отырды.
Біреуі қызы баласын босанғанда дәл осылай ауырып, депрессияға түсіп, ауытқуын байқаған соң ұзақ уақыт дәрігерлерге емделіп, жазылып кеткенін айтса, екіншісі, өзінің басынан өткенін айтып отырды. Дер кезінде сырт адамдар араласпай, ыждаһатпен ем алғанда дұрыс болар еді деп аяушылық пен өкініш аралас әңгімелерден Базаркүлдің жаны күйіп отырғаны жанымызға батты.
Осындай қазаға қабырғасы қайысып отырған ана Базаркүлге туыстарының  жасап отырған іс-әрекеттерін түсіне алар емеспін. Жан жарасын неге түсінбей жатқаны мүлде ақылға сыймайды! Неге Ана мен баланың арасына түседі олар?

 

Абай баламның досы, Базаркүл жанашыр апам

 


Айнаш (жиені): Абай Әбдіғаниев деген менің ұлымның бірге оқыған, бірге жүретін досы. Осыдан бірнеше ай бұрын түн ішінде маған телефон соқты: Айнаш апа, Ақтауда Айнұр Асқарқызы деген ұшықтайтын емші бар дейді, менің келіншегім ауырып қалып еді, мамасы (Базаркүл) біздің үйде, өзі нағашы апасының жанында, үйге келетін шығар деп отырмыз, не болып жатқанынан хабарыңыз бар ма, Айнұр емшіні танысаңыз сөйлесіп берсеңіз, ұшықтап берсе дұрыс болар еді деді. Мен «не болды, естімедім, бір жері сынып қалды ма? Ол негізінен сынықшы еді» деп едім. «Жоқ, сынықтан аман, аздап басы ауырып жүр» деді. Сосын кеш те болса емші Айнұр Асқарқызына телефон шалдым. Ол: «апай, менің ондай ауруларды емдеуге әлім жетпейді, оған Құранмен оқитын ер адам керек» деді. Біраз уақыттар аралығында хабарласып тұрдық. Бірде Базаргүл «қызым Тамарамен (туған сіңілісі) балаларды алып кеткен, өзім құдалармен бірге осындамын. Туған сіңілім ғой жанашыр, қызымның бойындағы өзгерістерді көрген соң үйге алып келер деп күтіп отырмын» деді. Тамараға: «Сымбаттың дәрісін ал, уақытылы ішіп тұру керек» дегенімде: «Жоқ, ол ауру емес» деп қарсы болды. Сонда да Базаргүл өзі қандай жүрегі кең адам болса, туған бауыры болған соң, Тамараны да солай қабылдап, жамандыққа қимады. Өкінішке орай, Тамараның қатысуымен жасалған көптеген әрекеттер өзі ауырып, мең-зең болып жүрген Сымбаттың дертінің асқынуына әкеліп соқты! Сол кездерде бір емшінің бар екенін, балаларды да емдегенін айтып қалған еді… Базаркүл – бүкіл халыққа белгілі ұжымына сыйлы ұлағатты ұстаз. Мен Абайдың ата-анасын көптен танимын. Балаларымыз бірге оқыды, артық сөздері жоқ. Ол кісілер өсіп-өнген, намазхан, қажылық парызын өтеген  иманды, мейірімді жандар. Айтарым осы!

Бір отбасының тағдырын тәлкек еткендерді әділ тергеу ғана анықтайды!

Түйін: (Әділ тергеу ісі әлі жүргізілуде). Алғашқы мақала жарыққа шыққаннан бері редакциямызға телефон соғып, өздерінің пікір-ойларын білдіріп жатқандар көп. Әсіресе Құлжағарова Базаркүлдің (Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіндегі)  қызметтестері Базаркүлдің ақыл-есі дұрыс екеніне, жұмыстағы белсенділігі мен адамгершілігі турасында жақсы мінездеме, арнайы пікірлерін көптеп жіберуде. Мұның өзі аңыраған анаға үлкен демеу болары анық. Өйткені кей адамдар мен туысқандары Базаркүлді «ақылынан ауысқан» деп жазғырып келгені рас. Біздің қорқыныш: дені сап-сау ананы ауруға санап, түрлі психологиялық шабуылдармен… үзіп жібере ме деген қауіп. Бірден айтайық, біз үкім шығаратын сот емеспіз, ешкімді айыптауға да қақымыз жоқ, тек журналисттік зерттеу арқылы нақты дәлелдерге сүйеніп ақиқаттың бетін ашуға тырысып отырмыз. Ертегі жазудан аулақпыз. Бір кезде әлеуметтік желіге тіркелген фейк адамдар сияқты «Базаркүл қызын өлтірді» деп айыптағаны секілді, біз блогерлерді жазғырудан, оларға  үкім шығарудан, айыптаудан алыспыз. Өйткені әділ сот бар. Соңғы үкімді сол ғана береді. Біздікі ақ пен қараның жігін ашу.   Сондай-ақ әлеуметтік желінің әсері де көп мәселенің ішін ғана емес сыртын көрсетіп келгеніне көзіміз жетіп отыр. Көптеген оқырман «Мынау масқара екен ғой, әлеуметтік желіні балаларымыз қарайды, сонда олар бұдан не үлгі алады?» деп алаңдаушылықтарын жеткізуде.
Журналистік зерттеу барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшаға да бардық. Екі баланы көрдік. Жүрегіміз ауырып, жанымыз сыздады. Үш ай бойы әр үйде қаңғырып, әжесі мен атасын көрмеген кінәсіз періштерлердің жазығы не еді?! Сонау кезде сәбилерді қолына алып «қамқор болған» Тамараның балаларды әбден тентіреткені қалай…
Дәл қазір дау-дамайға араласқан ағайын екі баланың болашағына алаңдамай, шайтан ашудың жетегінде жүргені қандай ауыр байлам еді. Бала тағдырына осыншама бейқам қарау қай атамызда бар? Болған іске болаттай берік болу, артындағы ұрпағына құрметпен қарау баба дәстүрі емес пе еді?

 

«Алланың салғанына көндік, амал не, оңай болмады. Енді екі құлыным
ешкімге жәутеңдемесе екен», – дейді ата-әжесі.

 

Әмина әжесіне көмектесуде

 

«Тәубә» дегізетіні, балалардың болашағына алаңдап отырған әкесі Абай ғана секілді. Оған біздің көзіміз анық жетті.  Абайдың өзі, ата-анасы, бауырлары екі періштені алақандарына салып аялап отыр. Балабақшаға апарып, әкетіп отыр. Балалар «ата-әже» деп оларға қарсы жүгіргенде көңілің босайды. Көзіңнен жас моншақтайды. Балалармен де кездестік, тәрбиешілерімен сөйлестік. Балалар стресс алғаны байқалды, тұрақты дәрігерлер мен психолоктардың, тәрбиешіні жіті бақылауында. Қазір ашылып қалыпқа түсіп келеді, әкесінің, ата-апасының, ықыласы ерекше.

 

Абай екі құлыншағын бала бақшаға апара жатқан сәті

 


Сымбаттың анасы Базаркүлдің бүгінгі күндері жиендерін бір иіскеуге зар болып, бір көруді аңсап отырғаны сөзсіз! Өйткені екі құлыншақтың бірі қызының – өзі, бірі – көзі! Бұндай сынақты Алла Тағала еш пендесіне бермесін ешқашан! Қазақ «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деуші еді. «Анау жиендердің жағдайы қалай екен?» деп олардың қазіргі жағдайларына алаңдаған  Сымбаттың туысқандары бар ма екен? Ертең есейгенде бұл сәттер балалардың психикасына әсер етуі әбден мүмкін ғой. Біздің ұлттық құндылығымыздың жойыла бастағанына осының өзі жеткілікті-ау.
Біз Базаркүлдің бір қызынан өлідей айырылғанын көріп, екінші қызынан тірідей айырылғанын қаламадық. Сондықтан шетелде жүрген қызы жайлы көпіртіп әңгімелеуді жөн көрмедік. Бұл ана үшін үлкен қасірет екенін білгендіктен! Алайда әлеуметтік желі арқылы сіңілісі Сымбаттың өліміне анасы мен күйеуі Абайды кінәлайтындардың ішінде  Базаркүлдің екінші қызы да жүр. Жақында тіпті біздің «Elana» сайтына шыққан мақаламыздың астына «Ертегіні жақсы жазады екенсіз» деп жазба қалдырғанын да көрдік. Осыдан-ақ оның ұстанымын білуге көп ақылдың қажеті болмас. Тек анасына жаны ашыса ақылға келіп, «өлмектің артынан өлмек жоқ» екенін сезініп, «арадай талаған» туысқанға «Балалардың болашағы үшін болмас дауды қумайық, ел екенімізді көрсетейік, ынтымағымызды танытайық» дейтініне сенейік.
Қазақта «Ауруын жасырғанды өлімі әшкере етеді» деген сөз бар. Марқұм Сымбаттың  көптен бері, яғни  екінші баласы дүниеге келгеннен кейін жүйке ауруына ұшырағанын біліп-сезсе де анасы мен жолдасының елден жасыруы, туыс-туғанға сездірмеуі, жазылып кетер деген үмітте болуы үлкен қателік болды деп санаймыз.
Ал сырт елге, әсіресе жаппай жұрт болып қарсы шыққан «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» туралы заң жобасының қабылдануына мүдделі және пиаршы қоғам «белсенділеріне»  соңы қазамен аяқталған  оқиғаның «оң жамбасқа» келген материал ретінде «азық» болғаны өте өкінішті жайт!…
Бүгінгі таңда олар, (белсенді топ) ойланатын нәрсе көп…
Мәселені біржақты қарап, отбасына тек марқұмның сөзімен ғана баға берілуі және  марқұмның тірі кезінде-ақ оқиға әлеуметтік желіде  аяусыз талқылануы (онсыз да жүйкесі әлсіз марқұмға атының жер жарғаны кері әсер еткені айтпаса да түсінікті…) сонымен қатар марқұмның іс-қимылдарынан, сөзінен (белсенді топ өкілдерінің) анасы көргенді көрмеуі, байқамауы мүмкін еместігі де сұрақ белгісі болып тұр? Мұны тек тергеу қана әділ шешеріне үмітіміз зор. Мына бір жайтты жазбасқа болмады. Тамара ханым (Сымбаттың анасы Базаркүлдің туған сіңлісі) балаларды, Сымбатты алып, Сымбаттың анасынан «жақын болған»  Сымбатты үйіне тіркеуге отырғызуы, балаларға ерекше «қамқор» болып, Сымбат қайтыс болғанда да бермеуге әрекеттенген. Балапандардың әкесі Абай, атасы, қан жұтып қорғаушыларымен облыстық ішкі істер бөлімінің араласуымен зорға берген. Балаларды жіберіп жатып, 4 жасар Махамбетке «твой отец убийца, маму он убил не забудь… Мен оны күнде айтам, ұмытпасын!» деген. Бұған не деуге болады?
Тағы бір ескерілетін жайт: Кезінде екі бүлдіршінді кімнен қорғап жүргені белгісіз, бейне балаларға қысым көрсетіліп жатқандай (атасы мен әжесінің) қолынан  «құтқарушы топ» құрып, самолеттен күтіп алып қылмыскер ұстағандай балаларды  тұра алып қашушыларға айтарымыз: екі бала қазір ата-әжесі және Абаймен бірге, жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Әрине, ананың орны бөлек! Алайда бүлдіршіндер өздерінің туғандарымен бірге. Тек нағашы әжесі Базаркүл ғана екі жиенімен бір тілдесуге зар болып жүр… Сағынады, сарғаяды! Бала сезіміндей сезім жер бетінде жоқ шығар, сірә. Осы оқиғаны саралап отырып көзіміз бір жеткен дүние, үлкендер аңғармайтын нәрсені бала жүрегінің тез аңғарып қалатыны!
Ең сорақысы – интернетте әлеуметтік желіге марқұмның анасын күйеу баласының, құдаларының сөзін сөйлеп жүр, олардан ақша алды деп кінәлауға барған жазбалардың авторының бауыр еті баласынан айырылып жүрегі қан жылап отырған марқұмның анасына аяусыз тіл тигізуіне не айтуға болады?!
Тергеу процесінде марқұмның анасын «ақша алды» деп айыптағандар, егер бұл дәлелденбесе оларға заң аясында тиісті шара қолданылуы тиіс деп ойлаймыз!

Басқасын қойғанда, айналайындар-ау, мұсылман емессіздер ме?! Ал мұсылман мүміндерге бір-бірімен үш күннен артық араздасу – кешірілмес күнә. Осыдан аз-ақ уақыт бұрын өмір сүріп жүргенімізге қуансақ, дәл қазір ауырмай, тірі жүргенімізге тәубе етер шақ. Сын сәттен сүрінбейік! Алланың сынағынан жеңіл өтіп кетейік!

P.S.: Бұл мақалаға қалың оқырманымыз ағыл-тегіл пікірлерін білдіруде. Олардың ішінде белгілі-белгілі қоғам қайраткерлері де, зиялы қауым өкілдері де ойларын ортаға салған. Пікірлер қазанында кеңес те, реніш те, пәтуә да, құптау да, бәрі де бар. Халық қалт айтпайды. Келесі нөмірге осы пікірлерді топтап берсек деп отырмыз. Сіздер де қалыс қалмаңыздар!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,

Ақпарат саласының үздігі

Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен