Әлеуметтік желі тілінің әлеуметке әсері қандай?
Қазақша контент әлеуметтік желіде соңғы жылдары көбірек танымал бола бастады. Елдің жас буыны қазақ тілінде пікір білдіріп, осы тілде блог жүргізу, видеоконтент жасау сияқты жұмыстарға белсене араласып жатыр. Бұл қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі салмағының артуына себеп болып отыр. Әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы тілдің жаңа стилі мен сөз орамдары қалыптасып жатқанын байқауға болады. Оған қоса, әлеуметтік желіде қазақ тілінің заманауи стильге бейімделгені көрініп тұр, бұл оны тек күнделікті сөйлеу тілінде ғана емес, жоғары деңгейде де қолдануға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілер тек тілдің қолданыс аясына ғана емес, жалпы мәдениетке де ықпал етеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы адам өз ұлтының мәдениетіне, тіліне немесе дәстүріне негізделген контентті тарата алады. Қазақстанда әлеуметтік желілердің арқасында қазақтың ұлттық музыкасы, өнері, әдебиеті және басқа да мәдени құндылықтары жаңа аудиторияға қолжетімді болып отыр.
Бұл құбылыс әсіресе жастар арасында өте кең тараған. Қазақ тілінде жазылған немесе қазақ мәдениеті туралы жазылған пост, видео мен суреттер адамдарды өз мәдениетіне жақындата түсті. Одан басқа, қазақша контент тек Қазақстанмен шектелмей, шетелдерде тұратын қазақтар арасында да кеңінен тарала бастады.
Мамандардың сөзінше, әлеуметтік желі тілінің ерекшеліктерін жіктеп көрсетуге болады. Атап айтқанда, Код-свитчинг (code-switching) құбылысы кең тараған. Яғни бір сөйлем ішінде қазақша мен орысша сөздер араласуы мүмкін. Мұндай жағдайлар көбіне жастар арасында кездеседі, себебі олар екі тілді қатар қолданады. Сленг және қысқартулар әлеуметтік желі мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Хэштег, эмодзи, түрлі қысқартылған сөздер мен таңбалар қолданушылардың қарым-қатынасын жеңілдетіп, қызықты етеді. Келесісі, транслитерация (латын әріптерімен жазу) да өте жиі кездеседі. Бұл әсіресе қазақ тілін өз ана тілінде емес, латын әліпбиімен жазатын жастар арасында кеңінен таралған.
Яғни әлеуметтік желінің тілі — сөз бен сөйлемдердің жинағы ғана емес, жаңа мәдениеттің, дәстүрдің, көзқарастардың қалыптасатын алаңы. Әлеуметтік желілер тілінің қалыптасуы қоғамдағы тілдік әралуандықты көрсетуге, тілдердің өзара қарым-қатынасын дамытуға, сондай-ақ жастардың мәдени және тілдік құндылықтарды сақтауына ықпал етеді.
Әлеуметтік желінің тілі туралы психологтер әртүрлі пікір айтады, бірақ көбіне олар осы тілдің адамның психологиясына, мінез-құлқына және жалпы өміріне қалай әсер ететінін зерттейді. Оған бірнеше мысал келтірсек, біріншіден, коммуникацияның тез және қысқа болуы. Желілерде қолданылатын тіл көбінесе қысқа, түсінікті және жедел жауап беруге негізделген. Бұл адамның ойына да әсерін қалдырады, өйткені олар ақпаратты тез қабылдауға, оқуға және жауап беруге үйренеді. Бұл әсіресе «скроллинг» мәдениеті мен контенттің қысқалығы салдарынан, адамның назарын ұстап тұру үшін маңызды. Осыған байланысты, психологтер адамдардың шыдамсыздығы мен дерексіз ойлау қабілетінің төмендеуі мүмкін деген пікірде. Екіншіден, көрініс пен идеализация. Әлеуметтік желілерде көбінесе адамдар өздерінің өмірін идеалдық сипатта көрсетеді, яғни тек жақсы сәттерін бөліседі. Психологтер бұл феноменді «жалған өмір» деп сипаттайды. Олар әлеуметтік желі тілінде көбінесе позитивті және сәттілікке толы сөздер мен бейнелер көп кездесетінін айтады. Бұл басқа адамдарда салыстыру сезімін тудыруы мүмкін, нәтижесінде өзін-өзі бағалау төмендеп, депрессия немесе мазасыздық пайда болуы ықтимал. Үшінші, эмоционалды әсер және манипуляция. Әлеуметтік желінің тілі көбінесе эмоциялар мен әсерге, көңіл күйге бағытталған. Мысалы, күлімсіреген эмодзи немесе шабыттандыратын сөздер жетерлік. Психологтер бұл тәсілдер адамның психологиясына әсер ету үшін қолданылатынын айтады. Әлеуметтік желілерде жиі қолданылатын түрлі манипуляция әдістері, мысалы, тұтынушыны өз пікірін өзгертуге немесе нақты бір әрекетке итермелеу, адамдарды эмоционалды түрде басқаруға бағытталған. Сонымен қатар қысым және тәуелділік те бой көрсетеді. Желілерде белсенді болу, лайктар мен пікірлер алу адамдарға оң әсер етуі мүмкін, бірақ психологтер олардың кейбіреулерде тәуелділік тудыруы мүмкін екенін айтады. Әлеуметтік желілерден келетін қуат немесе танымалдық сезімі адамның өзін-өзі бағалауын арттыра алады, бірақ бұл процестердің жиі қайталануы депрессия мен мазасыздықтың белгісіне әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желілердің тілі психологияға әсер етіп, адамдардың қарым-қатынасын, өзін-өзі бағалауын, эмоциялық күйін өзгертеді. Психологтер осы феномендерді зерттеп, адамдардың әлеуметтік желіде ұзақ уақыт болуынан, сондай-ақ осы ортада қалыптасқан тіл мен мінез-құлықтан аулақ болу үшін саналы түрде әрекет ету қажеттігін айтады.
Ақерке Дүйсенбаева,
Ақшұқыр мектеп-лицейінің педагог-психологі:
Бүгінгі қарыштаған заманды интернетсіз елестету, әрине, мүмкін емес. Әлеуметтік желі, былай қарап тұрсаң, пайдалы дүние секілді. Жылдам хабар аласың, қызықты дүниелерді қарайсың, керек нәрсеңді табасың. Алайда оның жағымсыз тұсы да бар: әлеуметтік желіде көп отырған адам, бірінші өз-өзін жоғалтады. Психикасы, дүниеге көзқарасы өзгере бастайды. Адам шынайы қарым-қатынас жасау дағдысын нашарлатады. Ең қиыны, шын өмірді тастап, интернет әлеміне толықтай кіріп кетеді. Яғни әлеуметтік желіден басқа адамдардың жасанды өмірін көріп, «неге менің өмірім мұндай емес» деп ойлайды. Өздерін іштей жеп, күйзеліске ұшырап, мұның бәрі денсаулығына кері әсер етеді. Бұл – мектепте жасөспірімдік шақтағы оқушылардың арасында жиі кездесетін мәселе. Осының салдарынан бала мен ата-ананың арасында түсініспеушілік болады. Бала интернет әлемінде өмір сүргісі келеді, ал ата-ана оны шынайы өмірде тәрбиелейді.
Сондықтан ата-ана балаларының мінез-құлқына көбірек көңіл бөліп, жасөспірімнің әлеуметтік желіге шамадан тыс тартылуының алдын алып, шынайы өмірдің телефонның экранынан әлдеқайда қызыққа толы екенін ұғындыруы керек.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»