Алғашқы жиын — дауыл алдындағы теңіз бетіндегі тыныштықты көзге елестетті
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Мәжілістің алтыншы шақырылымың депутаттары алғашқы жиындарын өте келте қайырды. Мәжіліс Бюросының ұсынысы бойынша күн тәртібіне төрт мәселе енгізіліпті. Олар: Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қазақстанда офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы, Македониямен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары, сонымен қатар, азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасымен жұмысты одан әрі жалғастыру және алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы. Осылайша бар -жоғы 18 минутта маңызды мәселелер аталып өтілді. Қаулы шығару жөніндегі ұсыныстар депутаттардың бірауыздан мақұлдауына ие болды. Алдағы нөпір жоспарлар да назардан тыс қалмады. Бұл әрине дауыл алдындағы теңіз бетіндегі тыныштықты көзге елестетері анық. Алда қиын да, қызық кезеңдер тосып тұрғаны даусыз.
Алғашқы Жалпы отырысқа палатаның 107 депутатының 105-і қатысты. Бәрінің де көңіл күйлері көтереңкі. Еңселері тік. Жүздерінде қуаныш. Аламан бәйгеден жүлделі келіп, тыныстарын кең алып тұрғандай кейіпте. Жалпы отырыстың шымылдығын түрген Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы заң шығару жұмысына кірісті. Бірінші кезекте біз Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі шаралар жоспарын қабылдадық. Елбасы атап өткендей, елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, жүзеге асырылып жатқан Ұлт жоспарын одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету біздерге жүктелді. Бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет деп алда қыруар жұмыс күтіп тұрғанын әріптестерінің есіне салды.
Нағашыбай Қабылбек