Алғыс айтудың маңызы қандай?
Алғыс білдірудің маңызы өте зор. Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Біреудің шынайы алғысына бөлену адамға үлкен рухани әсер береді. Алғыс білдіру адамдар арасындағы өзара құрметті көрсетеді.
«Ел алғысын алсаң елеулісі боларсың» деп аталарымыз ұрпағына үнемі алғыс алуды өсиет еткен.
«Алғыс алған арымас,
Қарғыс алған жарымас», деген дана бабаларымыз. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген.
Алғыс айту адамның адамға деген шынайы ниетін білдіреді. Бабалардан қалған бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда.
Исламда адамдардың бір біріне алғыс айтудың маңыздылығына терең тоқталған тағылымды хадистер бар. Ұлы Жаратушы Алла Тағала өз пендесіне бір біріне айырықша құрме етуді, алғыс айтуды бұйырған.
Асыл дініміз, тура бағытымыз исламда алғыс жайлы кеңінен айтылады.
Алла Тағала Қасиетті Құранда Ибраһим сүресінің 7-аятында «Раббың былай бұйырады: Ант етеміз, егер шүкір етсеңдер расында сендерге нығметтерімді еселеймін және де ант етеміз, көз жұма қарасаңдар, шүбәсіз, менің азабым өте ауыр», — дейді.
Яғни Алланың берген нығметтеріне шүкір ету, ұлы Жаратушыға алғыс айту туралы осылайдеп бұйырды. Демек, біз Аллаға шүкірлік етмек, алғыс білдірсек, адамға соншалықты нығмет, жақсылық бар.
Құрандағы Рахман сүресінің 60-аятында: «Сендерге жасалған жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтарыңдар!» яғни біреу жақысылық жасаса оған жақсылық жаса дейді, алғыс айту, шынайы ниетті білдіруде жақсылық жасау болып табылады. Ендеше жақсылыққа жақсылықпен жауап беру керек.
Алғыс туралы тағы да Құранның Лұқман сүресінде: «Ей, құлым! Маған шүкір ет, ата-анаңа алғыс айт. Маған қайта оараласыңдар! Мен сендерді жауапқа тартам. Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деп Ұлы Алла Тағала өз құлдарына үкім етті. Жақсылық жасаушыларға сөзсіз екі дүниеде жақсылық бар екендігін осыдан байқауға болады.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Бирр (жақсылық), 35; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 11) деген. Бұл сөзде зор тағылым ғибрат бар.
Алғыс айтудың маңыздылығы орасан зор. Алғыс айта білу адамның өз мәдениеттілігін, қарым қатынас мәдениетінің жоғарылығын білдіреді.
Халқымызда «Жақсы сөзге жан семіреді» деген дана сөз осының белгісі болса керек.