АЛҒЫС АЙТАМ

“Қарғыс алма, алғыс ал”,
Деп өтіпті даналар.
Ата-дәстүр жалғасар,
Өсіп-өнер балалар.

Алғыс айтам сан әлі:
Өр рухты қара нар,
Ұланғайыр даланы,
Тастап кеткен бабалар!

Сендерге айтам алғысты,
Бағыштаймын дұғаны:
Қолдан бермей намысты,
Қалдырған мол мұраны!

Алғыс айтам Аллаға,
Осы күнге жеткізген.
Алғыс айтам анама,
Бастан бәрін өткізген!

Алғыс айтам әкеме,
Рухын бойға сіңірген!
Алғыс айтам еліме,
Айырмаған тілімнен!

Жетеді ғой бұл өмір,
Кімге құшақ жайсаң да!
Алғыс айтам ер көңіл,
Жақсы мен жайсаңға!

Алғыс жаусын нұр-тілек,
Қосылып көктем бұлтына.
Алғыс айтам кең жүрек,
Қазақ деген жұртыма!

Нағашыбай Қабылбек