АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АНА

-Біздің ауылдық округ бойынша биылғы жылы 950 га күздік бидай, 1105 га арпа егілген. Бүгінде арпа жиналып, әр гектарынан 15 центнерден өнім алынды. 150 га жүгері, 530 га көкөніс, 275 га бақша дақылдары, ал 200 гектар жерге қант қызылшасы егілді.

Бақша өнімдерінің 230 гектары жиналып, түсім жаман болған жоқ. Биылғы жылдың ерте көктемінде жауын-шашында көп болды. Егін суыда тұрақты беріліп тұр. Ал бұған округке қарасты дихандардың ала жаздай еткен енбектерін қосуға болады. Нәтижесінде егістіктің барлық түрінің де шығымы жақсы болды. Дихандар арасындағы осы кәсіппен ұзақ жылдардан бері айналысып келе жатқан Аймантөбе ауылында тұратын Нұржігітовтер әулеті туралы ерекше атап өтуге болады, — дейді Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Әбдуалиев бізбен әңгімесінде.
Осы ауылда туып, жастайынан еңбекке араласқан Гүлханыс Нұржігітова 2000 жылы «Бақыт» шаруа қожалығын ашып, 2 гектар жерге қант қызылшасын өсірумен алғашқы жұмысын бастаған.
-Ол кезде қызылша егіп, одан мол өнім алу оңай болмайтын. Қанша жерден еңбектенгенімізбен қызылшаның 1 келісі төрт теңге болатын. Оның үстіне Үкіметтен субсидияда қаралмайтын, басқада көмектер жоқтың қасы еді. Ал қазір субсидия да, жеңілдікпен жанар-жағар май, тыңайтқышта беріліп отыр, — дейді Гүлханыс.

Биыл олар 12 га көкөніс, 20 га бақша, 65 га қант қызылшасын, 80 гектарға арпа еккен. Барлығының да шығымы жақсы. Арпа орылып, жиналып та қойылыпты.

Ауылдағы «Бақыт», «Тілекеев», «Үміт», «Ақниет» шаруа қожалықтары 2013 жылы бірігіп, «Жетітөбе» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Кооперативке аталған салада тәжірбиесі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Бақыт Нұржігітов басшылық жасайды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші шауашылықтар біріккен соң олардың жұмысы да бір арнаға түскен. Мемлекеттен жаңа техника алуда жеңілдеді. Бүгінде ауылшаруашылығына қажетті барлық техникалар бар. Олардың ішіндегі 2019 жылы сатып алынған 6 агрегатты қант қызылшасын жинайтын комбайнның пайдасы көп болып тұр. Механизаторларда өз әулеттерінен шығып отырғаны жұмысты жүйелі жүргізуге өз септігін тигізуде. Аталған әулет ауылдағы өсіп-өнген, елге сыйлы, ауылға үлгі көрсетіп келе жатқан жандар екенін айта кетуге болады.
Гүлханыстың бірінші көмекшісі жолдасы Бақыт болса, Дамир, Данияр атты қос ұлы үнемі егістік басында. Егістікті күтемдеу, жинап-теру кезінде 40-қа жуық адам жұмысқа жұмылдырылады. Гүлханыс егістікпен айналысқалы мемлекеттен несие алған емес еді. Кейінгі жылдары ол егістікпен бірге мал өсіруді де қолға алған. Мал үшін төменгі пайызбен 6 млн. теңге алып оған сиыр алды. Бұл салаға қайнысы Ерлан жауапты болып бекітілген. Ол осыдан екі жыл бұрын асыл тұқымды қошқар сатып әкеп, малдарын асылдандырған. Қазір мұнда жылқы, сиыр, қойлардың басы анағұрлым өсті. Малдарын ауыл маңында ұстап, олардан сүт, май, құрт, қымыз өндіріп, сатуда.
— Бейнеті ауыр болғанымен біз қант қызылшасын өсіруге біршама төселіп қалдық. Сондықтанда алдағы уақытта қызылша көлемін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Тараз қаласындағы қант зауытымен қызылшаның келісін 30 теңгеден өткізуге келістік. Алайда, қазіргі қымбатшылыққа байланысты мұны тағы 10 теңгеге көтеру туралы келіссөздер жасалуда, — дейді дихан Гүлханыс Нұржігітова.
Гүлханыстың ширек ғасырға жуық еселі еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол «Ерен енбегі үшін» медалінің иесі. Жамбыл облысы және Байзақ ауданы әкімдері мен басқада құзырлы органдардың Мақтау грамоталары, Алғыс хаттарын бірнеше рет иеленді.

Гүлханыс 3 ұл 2 қыздың анасы. Балалары да әке-шешесіне қарап, еңбекке ерте араласты. Бүгінде шаруашылықтың мүшесі ретінде ондағы табысқа олардың да қосып отырған үлестері аз емес.
Мал өсіріп, егін салуда жыл сайын жоғары жетістікке жетіп, абыройға бөленіп жүрген Гүлханыстың алдағы жұмыстарына табыс тілейміз. Ол мұндай жоғары жетістік пен толғай табысқа адал енбеқтің арқасында қол жеткізіп, қашанда елдің алғысына бөленіп жүрген ардақты ана.

БАЙЗАҚ АУДАНЫ