«Әлихан Бөкейхан және ұлт руханияты» атты дөңгелек үстел өтті.

 

31 наурыз күні Ұлттық академиялық кітапханада Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай «Әлихан Бөкейхан және ұлт руханияты» атты дөңгелек үстел өтті.

Энциклопедист ғалым Ә. Бөкейханның мұрасын насихаттау үшін әр қилы сала бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, сол бағыт бойынша жас ұрпаққа Алаш мұрасын ұғындыру мақсаты алдымызда тұр.12931077_234528646901264_4950003515614107217_n

ЮНЕСКО Бас Конференциясының 38-ші сессиясының шешіміне сәйкес Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер Күнтізбесіне енгізілді. Осы орайда, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушысы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына байланысты «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Данагүл Махат, ф.ғ. докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы және т.б. алаштанушылар қатысты. «Алаш» ғылыми-зерттеу институты тарапынан «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар және дөңгелек үстел материалдарының жинағы кітапхана қорына сыйға тартылды.
Сондай-ақ, аталмыш іс-шара аясында «Алаш қозғалысының көсемі» атты кітап көрмесі және суретші Алмас Сырғабаевтың «Алаш ардақтыларына тағзым» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды

Профессор Тұрсын аға айтқан толғаныстан Әлиханның экономикалық көзқарастары мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуы арасындағы айырмашылық қаншалықты екенін аңғардық. Әсіресе жер мәселесінде біз орасан зор қателікке ұрынғандығымызды ашық айтты.

Әлихан Бөкейханның әлем әдебиеті мен ғылымынан тәржімелеген туындылары жайында профессор Шерубай Құрманбайұлы мырза жақсы ойлар айтты. Еркін аударма жасаған Әлекеңнің тұпнұсқасының өзін жайнатып, шығарманы төлтумаға айналдырып-ақ жіберетін шеберлігі дәлелді айтылды.12920330_234529030234559_3496213868073420470_n

Ал әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан мырза Әлихан бастаған қазақ саясаткерлерінің құруға талпынған ұлттық мемлекеттің алға ұстаған үлгісі Жапония елімен салыстыра баяндап берді. Ғылым мен білімге негізделіп, экономиканы ұлттық бағытта дамытқан Германия мен Күншығыс елінің бүгінгі таңдағы деңгейі әлемді мойындатып отыр. Осы бағытты ұстанған Алаш қайраткерлерінің идеясы совет үкіметі тарапынан тұншықтырылмаса, қазіргі таңда Қазақ елі межелеп отырған отыздық емес, алғашқы ондыққа кіруге мүмкіндігі зор болған болар еді.

Жастар атынан жас ғалым Елдос Тоқтарбай сөз алып, Алаш идеясын насихаттау үшін жастар қандай болса да қадамға бара алатынын, тәуекелшілдігін жеткізе айтып берді.

 

Заңғар Кәрімхан