Әлихан Бөкейханның қызы қайда жерленген?

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Өкітай (Сергей) есімді ұлы және Зейнеп (Елизавета) есімді қызы болған. Елизавета жайлы не білеміз?    

Бұрындары Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ғылыми-шығармашылық ғұмырбаянын толыққанды зерттеу үшін оның жүріп өткен жолымен жүру керек деген ой келетін. Алаш көсемінің барлық қырын толыққанды ашып, әлихантануды бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрген бір адам болса, ол – қайтпас, қайсар ғалым Сұлтан Хан Аққұлы. Биылғы жылы, яғни,  Әлихан Нұрмұхамедұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Әлекеңмен тығыз байланысы бар көптеген жайттардың атаулы жылы екен. Мысалы, Әлекеңнің өзі өсірген бабалар қорымы – «Талдыбейіттегі» тұқымы бразилиядан әкелінген ағаштың егілгеніне 115 жыл, Минсктегі атқарған қызметіне 100 жыл және Сұлтан Хан Аққұлының Алаш көсемінің шығармашылығын тақырып ретінде бекітіп, диссертация қорғағанына 25 жыл екен! Міне, ғалым С.Аққұлы табаны күректей 25 жыл бойы Алаш көсемінің өмір жолына қатысты деректер мен мәліметтерді іздестіріп, талай мұрағаттардың табалдырығын тоздырып, шаң басқан мұрағаттан қаншама бай мұраларды тауып, «эксклюзив» жаңалық жасады. Әлі де осы тақырып аясында қажырлы қызмет атқаратыны сөзсіз. Алла Тағала ғалымның деніне саулық, отбасына береке берсін деп тілейміз де, жасап жатқан өнегелі ісіне сүйсінеміз.

Біздің де маңдайымызға Әлекеңнің әлемімен танысу бақыты жазылыпты. Жуырда Қазақ Географиялық қоғамының ұйымдастыруымен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған «Әлихан Бөкейхан ізімен»  атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция өзінің жұмысын бағыт-бағдар бойынша орындап келді. Туған өңірі Желтау баурайынан басталған экспедиция Талдыбейіт, Ақтоғай, Қарағанды, Қарқаралы, Семей, Омбы, Санкт-Петербор, Минск, Самара, Орынбор, Мәскеу қалаларында болып, Әлихан Бөкейханның өмір жолына қатысты барлық жерлерге барды. Алаш көсемінің өмір жолын тануға, дәріптеуге бағытталған экспедиция құрамына  белгілі алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісімақова, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер, журналист Айжан Хамит, филолог Серік Үркінбай, демеушілік жасаған , Алаш мұрасына адалдық танытқан Қазақ Георграфия қоғамынан Қайсар Тұрсынғожаев және осы жолдардың авторы кірді.

770

Мәскеудегі сапарымызда  қазақ қауымы үшін үлкен жаңалық боларлықтай мәліметті естідік. Әлихан Бөкейханның немере інісі, химия ғылымының докторы, профессор Нұрым Райымжанұлы Бөкейхан экспедиция мүшелері үшін тың мәліметті ұсынды. Бұрын-соңды Елизаветаның жерленген жері жайында ешкім ештеңе жазбаған болатын. Ол – Әлиханның қызы Елизаветаның (Зейнеп) өртелген сүйегінің күлі қайда жерленгенін көрсетуі.

Бұл туралы айтпастан бұрын, тарихи мәлімет келтіре кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын профессор Қ.Ергөбектің ұстазы Б.Кенжебаев туралы жазған көлемді еңбегін оқыған едік, сонда мынадай дерек келтірілген болатын:

«Бейсекең Әлихан Бөкейханұлын әкесін жоқтағандай жоқтап өтті. Смағұл мен Лиза жөнінде, олардан қалған жалғыз тұяқ – Ескендердің 15 жасында сұранып, соғысқа аттанғаны, беліне граната байлап, Мәскеуге анталап келе жатқан жау танкісінің астына түскені, жардан бір, жалғыздан екі айырылып, қаңырап қалған Лизаның сұранып, майданға кеткені, кейін дәрігер-ғалым, медицина ғылымының докторы болғаны, еңкейе келе жалғыздық шаршатқан шарасыз Елизавета Әлиханқызының Макс Натанович аталатын жебіреймен тілек қосқаны, сексенінші жылдары қатерлі ісік ауруынан көз жұмғаны, Әлихан Бөкейханұлы, Смағұл Сәдуақасұлының көп материалы сол жебірейілде кеткені, сұратса оның бермегені – Әзіз адамның маған жылап отырып айтқан әңгімелері» (Дереккөзі: Қ.Ергөбек, Арыстар мен ағыстар, Алматы: Қазығұрт, 2003. – 336 бет. Қайырымсыз уақыттың қайсар ұланы//, 8 бет).

Бұл мәліметтің шындыққа жанасады. Тек, Елизавета сексенінші жылдары емес, жетпіс бірінші жылы дүниеден өткен болатын.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қызы, Алаш ардақтысы Смағұл Сәдуақасұлының жары Елизаветаның бейіті – Мәскеу қаласындағы  «Новодевичье» кладбищесінде екен. (Мекенжайы Лужнецкий проезд, №2). Экспедиция мүшелері Нұрым Райымжанұлымен бірге аталған мазарға келіп, Зейнептің рухына тағзым етіп, құран оқыдық. Енді бір қызық жайт: тектілікті қараңыз, Зейнеп өзінің алғашқы жұбайы Смағұлға деген адалдығын сақтап қалыпты, соғыстан кейін еврей ұлтының өкіліне тұрмысқа шықса да, тегін (фамилиясын) ауыстырмапты. Алаш көсемінің қызы 1903 жылдың 8 мамыр күні дүниеге келіп, 1971 жылдың 23 маусымында дүниеден өтіпті. Ал, оның екінші жары Клейман Макс Натанович 1891 жылдың 10 желтоқсанында дүниеге келіп, жүзден асқан шағында, яғни, 1996 жылдың 26 ақпанында дүниеден озыпты. Макс Натановичтің өкіл балалары (қарындасынан асырап алған балалары) әкелері қайтыс болған соң, оның да сүйегінің күлін жары Зейнептің қасына қойып, екеуіне ескерткіш тақта орнатыпты. Ескерткіш тақтадағы «профессор Садуакасова Елизавета Алихановна» деген жазуды оқып ақ, тебіреніп қаласың. Біз неде болса, ішімізден Макс Натановичтің ұрпақтарына разы болып, алғыс білдірдік. Мәскеудегі жүрек тебірентіп, көңілге медеу болған жайттың бірі осы еді. Бұл да болса қазақ тарихы үшін керекті дерек. Әйтеуір, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары қайда жерленгенін де біліп жүретін боламыз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы.