ӘЛІМСАҚТАН МҰСЫЛМАНБЫЗ

Қазақтың «қашаннан мұсылмансың?» деген сұраққа «әлімсақтан мұсылманмын» деп жауап беретінін бәріміз білеміз. Енді біз әлімсақтан мұсылман бола тұра қазақтың сүндет тойында «БАЛАҢЫЗДЫҢ МҰСЫЛМАН БОЛҒАНЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!» дейтініміз не? Әлгінде ғана айтылған әлімсақтан мұсылмандығымыз қайда қалды? Сүндет тойларда бұлай тілек айту мүлдем дұрыс емес, ағайын. Бұл бір қарапайым қазақтың ауыз екі сөзінде айтыла, айтыла әбден әдетке айналған қате түсінік. «Сүндет той» — дегеніміз аты айтып тұрғандай баланы сүндетке отырғызу рәсімі. Нағашылары балаға тай мінгізіп, әкесі «балам азамат болды, атқа мінді» деп қуанып жатады. Бұл той ұзақ жылдар бойы қазаққа сіңіп ендігі халқымызға дәстүр болып қалыптасып қалған. Оны келіп бүгін «баламыз мұсылман болды» деп бұрмалап айтқанымыз үлкен әбестік болмақ. Сонымен қатар үлкен тойларда қазақтың ұлттық тағамын «БЕС БАРМАҚ» деп жар салып жүрген асабаларға да құлақ қағыс болсын! Бес бармақ демеңіздер, ет қазақтың ең құрметті асы!
Тойға келіп тілек білдірген жақындарымыз бен асабалардың бұл сөздерді жаман оймен айтпайтынын да түсінемін. Дегенмен, сөз түзелсе — ел түзелер деген ізгі ниетпен осы жазбаны шығарып отырмын. Бүгінгі кеткен болмашы ғана қателік еліміздің ертеңгі ұрпағын шатастыруы әбден мүмкін. Сондықтан ұлтқа, тілге, дінге жаны ашитын азаматтар болса, осы жазбаны кеңінен таратып, насихаттай жүрсе деймін.

Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ