ӘЛІПБИДЕГІ Ә-НІҢ ӘЛЕГІ

Қызыл империя кезіндегі «пайғамбарымыз» Лениннің «Коммунизмдегі «солшылдықтың» балалық ауруы» деген еңбегін оқып талдап жататынбыз.

30 жылдан бері Тіл біліміндегі «солшылдықтың» балалық ауруы қалмайтын болды. Бәрін де даңғырамен шешкіміз келеді. Әсіресе соңғы 3-4 жылдан бері әліпбидегі «балалық ауру» балақтан алып титықтататын түрі бар. Айтқымыз келіп отырғаны бірнеше ғасырда бір алмасатын әліпбиді совет өкіметін былай қойғанда соңғы 2 жылға жетер-жетпесте 3 рет ауыстыруға мәжбүр болдық. Қабылданған нұсқа әлі де жарамай жатыр. Бар себеп – мәселені мамандардан алшақтатып, әркімнің ермегі еткен саясатта болып отыр.

Тіпті, соңғы бекітілген кекілді әріптерден тұратын әліпби жобасын кім жасағаны беймәлім, авторы да жоқ. Сонда мемлекеттік һәм халықтық іске көлденең көк аттылар келіп кірісе беретін берекетсіз елге айналдық па!? 30 жылдан бері өрге басудың орнына, көрге басқан шешімдерді кімдер тыққыштап келді? Әуелі қостілділік он жылды ойқастады, одан кейін тағы да он жыл үштілділікпен үшкірді…

Әзір тұрған арнайы кәсіптер мен маман иелерін мемлекеттік тілде іс атқаруға міндеттейтін шешімді соңғы он жыл бойы неше түрлі сылтаумен созбақтатып келгені былай қалып, енді сын көтермейтін әліпби нұсқасын бір емес бірнеше рет бекіттірді… Кейбір ата-аналар болса, сасқанынан орыс мектепке баласын алып қашуда.

Біздің айтқымыз келгені — әліпбиді ауыстырудың қатесі емес, қате әліпбиге ауыстыру мәселесі. Талай мамандар мен ғалымдардың сынағы мен дауында піскен пікір мен көзқарас, пайымдар айдалада қалып, әлдекімдердің кимелеп, жалған әліпбиді әпербақан әдіспен тықпалауы тілдің обалына қалатын шешімдерге ұластыратын түрі бар. Сол себепті есті жинап, сан соқтыратын саботажға жол бермеу керек!

Өз басым Әліпбиді қолдап, сонау 2007 жылы-ақ тұжырымдама жасағанмын. Ақыры соңғы әліпбилердің сыйқына қарап, тіпті латыншаға ауыстырудан бас тартуға мәжбүр болғандардың қатарынан бір шықтым. Артық қылам деп тыртық қылатындардың ішінде болудан бас тарттық. Бұл дүрбелеңді ҚР президенті Қ. Тоқаевтың  «тілге реформа керектігін» жария еткен уәжі үміт отын үрлеп отыр, сабырлы іске бастар деген оймен тақырыпқа қайта оралып отырмыз. Бірақ қырын кеткен шешімдерді түзету керек, шикі мен олқыға жол берілмегені жөн.

 

Бізден бұрын көшкен туыс елдерден қатені емес, дұрысын ала білу керек. Мысалы, Әзербайжан елі [Ә] дыбысына тән әріпті өзгертуден бас тартып Ә әрпін сол күйі қалдырды. Одан әзірбайжан әліпбиі латынсыраған жоқ.

Қалыптасып, ондаған жылдары бойы бірнеше ұрпақтың санасына сіңген қаріп бейнесі психологиялық жағдайда басқа қаріпті қабылдауға мейлінше қарсы әрі өгей графеманы жатырқайтыны мәлім. Санаға сіңген қаріп-бейнемен салыстырады да отырады. Осы жағынан алғанда, Ә мен Á әріптерін салыстырсақ, жуан А дыбысына ұқсас әріпті [Ә] дыбысының таңбасы ретінде қабылдау қазақтілді адамның өзіне ауыр, әріп бұралқы әрі ерсі көрінеді. Егер де бұрынғымен салыстыруға желеу берілсе, онда жаңа әліпби ауыр қабылданады. Ал орыстілді, шалатілді ортаны алсақ, (бүгінгі қазақтілді мектептердің жартысына жуығы шалатілді екенін ескеріңіз) Ә дыбысын зорға дыбыстап жүргенде мынау тілегенге сұраған болып, Á әрпі [А] дыбысына айналып дыбысталып шыға келеді. Соңғы нұсқаны тықпалап бекіттіргендер бұны жақсы біліп, қазақы дыбыстардан ажыратуды жымысқы жолмен қолға алғаны байқалады.

Тұрсынбектің «Әзіл әлемі» көрсетімінің атауын жаңа әліпбимен «Азыл Алемі» деп оқи салу әлдеқайда оңай. Санаға салмақ түсіріп «Әзіл әлемі» түрінде оқығың келгенмен жүйке оңай әрі үйреншікті әріп бейнесін қабылдай салады, ежіктеп соңынан түзетіп жатқаның. Бұндай азап кімге керек?! Құдды әліпби әлемі мен «Әзіл әлемі» бәсекеге түскендей.

Әзербайжан ағайындар да Ә-нің әлегін әбден бастан кешіп барып, оны сол күйінде қалдырды. Өйткені, бұл тілдегі шешуші Ә дыбысының бар болмысын сақтап, басқамен ауыстыруға келмейтіндей қалыптасқан әріп. Тілдегі дауысты дыбыстарға абай болған абзал, олар сингармо құбылысын жасақтаушы бірден бір шешуші дыбыстар болып табылады, Сол себепті, бұл жағдай [Ө] дыбысына да қатысты. Ол да Ә-мен тағдырлас. Бұл әріптерді ауыстырып керек емес! Бұл әріптер Юникод таңбалар жыймасында техникалық жағынан да әзір тұр, ал да қолдана бер. Оған қарап әліпби латынсырамайды.

Ұзын сөздің қысқасы, тілдегі «балалық аурудан» құтылып, мәселені шешуге ересек сана мен шешімталдық керек.

Серік Ерғали,

педагогика ғылымдарының магистрі