АЛЛА ТӘКАППАРЛЫҚТЫ СҮЙМЕЙДІ
Алла Тағала Иса пайғамбарға: «Өзіңнен төмен тіршілік иесін тауып әкел», — деп әмір етіпті. Хазіреті Иса аяқ жеткен жерді шарлап, өзінен төмен жан иесін таба алмапты.
Көше кезген қайыршыны да, шаңға аунаған маскүнемді де, қандықол қарақшына да өзінен төмен деуге батылы бармапты пайғамбардың. Сұрастыра келе олардың өзінен артық мінезін, қасиетін, талантын, ұл-қызын, дүниесін т.б. салыстыра келе өзінен төмен емес екенін біледі.
Ақырында шалшықта ұйлығып жатқан қотыр итті көріп, «Осы менен төмен болса керек» деген оймен Аллаға апармақ болады. Итті жетелеп келе жатып, көңіліне күмән түседі. «Мүмкін бұл ит қотыр, иесіз, ешкімге керексіз болғанымен, Аллаға деген сенімімен, ғибадатымен дәрежесі менен жоғары шығар?» — деп ойлап, итті босатып қоя береді. Сөйтіп Алла: «Сол қотыр итті алып келгеніңде, оны өзіңнен төмен тіршілік иесі деп санағаныңда сені пайғамбарлықтан шығарар едім», — деген екен…
Ақиқат түбі — аңыз. Бұл аңызда тәкаппарлықтың, менмендіктің, өзін өзгеден жоғары санап менсінбеушілік танытатын мінездің, келеке етудің соңы оны басқалардан жоғары етіп сол дәрежесінен айыратынын меңзейді. Бұл ақиқат. Жары ауру боп қалса, «ауру әйел керек емес» деп тастап кететін ер-азамат өмірінің соңына дейін не ауру, не мүгедек боп қалады. Өйткені ол денсаулығы бойынша әйелін өзінен төмен санады. Аяқ астынан байып келген жігіт үйде бала тәрбиесімен отырған әйелін көшедегі сылқым қыздармен салыстырып, менсінбейді, екінші әйел алады. Бірақ көп ұзамай ол бүкіл табысынан айырылып, сазға отырады. «Өміріме бөгет болады» деп, оның дәрменсіздігін пайдаланып, аборт жасатқан әйелдің өмірі перзентсіз өтеді. Мұндай мысал көп.
Оқырман, сіз де айналаңыздағы таныс адамдарыңыздың өмірін мысал етіп, «шынында солай» дерсіз. Олай болса, менмендіктен, тәкаппарлықтан арылайық. Барлық адамды Алла жаратты. Жаратушының туындысына сіз қалайша баға бермексіз? Бұл өзімшілдік паңдығыңыз үшін дәрежеңізді, мәртебеңізді асқақтатып тұрған нәрсені жоғалтудан қорқыңыз. Бұл мысал, әсіресе, бүгінде келіннің шыққан жерін менсінбей сөз қылатын енелерге, көлігінің ескілігіне бола есті жігітке мұрын шүйіріп, тұрмысқа шығудан бас тартатын қыздарға, ауру балаға дұрыс қарамайтын медбикелерге, мүгедек жандардың құқығын таптайтындарға, адамның аңғалдығын өз пайдасына пайдаланатын алаяқтарға ой салса екен деймін. Ойланыңыз, бұл рас!
Таңжарықтың хатынан,