Алладан тілек тілеп, дұға жасағанда!..
1.Дұға қабыл болмады деп асықпау
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», – деп асықтырмаған дұғаларың қабыл», – деді». (Әбу Һурайра)
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәлі іс пен туыстық қатынасты үзуді тілемесеңдер және: «Тілегенімді қайтейін, тілегім қабыл болмай жатыр», – деп дұғасы қабыл болуын асықтырып, үмітін үзіп тілеуін доғарған адам тәрізді болмасаңдар дұғаларың міндетті түрде қабыл болады», – деді». (Әбу Һурайра)
2.Алла Тағаладан жалқаулықтан пана тілеу
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, Тәңірім! Мен жалқаулықтан, шығынға ұшыраудан, Дажжәлдің азғыруы мен тозақ азабынан Өзіңнен пана тілеймін», – деп дұға ететін».(Әмір ибн Шуайб)
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан тіршіліктің арбауы мен өлімнің қиыншылығынан, қабір азабынан және Дажжәлдің азғыруынан пана тілейтін». (Әбу Һурайра)
3.Қажеттілікті Алла Тағаладан ғана сұра
«Нәби(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала қажетін Өзінен тілемеген пендеге қаһары келеді», – деді». (Әбу Һурайра)
«Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағаладан қажетін тілеген адам тілегінде табанды болсын. Тілегенде: «Уа, Тәңірім! Қаласаң сұрағанымды бер», – демеңдер. Өйткені Алла Тағалаға ешкім нұсқаушы бола алмайды», – деді». (Әбу Һурайра)
«Осман (Оған Алла разы болсын) Нәбидің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Таңертең және кешке үш рет: «Есімі аталса жер мен көкте ешбір нәрсенің жамандығы болмайтын Есітуші, Білуші Алла Тағаланың атымен бастаймын!», – деп айтқан адамға ешбір нәрсенің зияны тимейді», – деп айтқанын естідім».(Абан ибн Осман)
«Сәһл ибн Сад (Оған Алла разы болсын): «Екі уақытта аспанның есігі ашылады. Ол: жиһадқа үндеу болғанда және Алла Тағала жолында сапқа тұрғанда. Осы екі уақытта дұғасы қабыл болмайтын адам аз», – деді».(Әбу Хазим)
4.Пайғамбардың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұға еткенде: «Уа, Алла Тағала! Маған дәулет нәсіп етуіңді және жарылқауыңды тілеймін», – деп тілейтін».(Әбу Сырма)
«Шәкәл ибн Хумайд (Оған Алла разы болсын) айтады: «Мен Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)Маған бір пайдалы дұға үйретсеңіз», – дегенімде, Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Алла Тағаладан: «Уа, Тәңірім! Мені құлақ, көз, жүрек және бұзықтықтың жамандығынан сақтай гөр», – деп тіле», – деді».(Шутайр ибн Хумайд)
«Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Тағала! Маған қамқорлық етіп, дұшпандарыма маған қарсы қамқорлық етпе. Мені үстем етіп, жеңілуімнен сақтай гөр. Дұрыс жолда болуымды жеңілдете гөр», – деп дұға ететін».(Абдуллаһ ибн Аббас)
«Мен Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Маған қамқорлық етіп, дұшпандарыма маған қарсы қамқорлық етпе. Мені үстем етіп, жеңілуімнен сақта. Алдануымнан сақтап, дұрыс жолда болуымды жеңілдет. Маған зұлымдық етушіні жеңуді нәсіп ете гөр. Уа, Раббым! Мені Өзіңе шүкіршілік етуші, Сені әрдайым еске алушы, қаһарыңнан қорқушы, әміріңе көнуші және талабыңа бойсұнушы, тәубеге келіп, жарылқау тілеуші етіп тәубемді қабыл ете гөр. Күнәларымды кешіріп, тілегімді қабыл ет. Дәлелімді басым етіп, жүрегімді дұрыстыққа баста. Тек шындықты айтуды нәсіп етіп, көкірегімді жаман ниеттен тазарта гөр», – деп дұға ететін». (Абдуллаһ ибн Аббас)
«Муауийа ибн Әби Суфйан (Оған Алла разы болсын) мінберде тұрып: «Уа, Алла Тағала! Сен бергенді нәсіп болуына бөгет болушы және Сен нәсіп етпегенді беруші жоқ. Дәулеттінің байлығы Сенің азабыңнан құтқара алмайды. Алла Тағала игілік тілеген пендесін дін ғылымынан ғұлама етеді. Мен Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы мінберде тұрып осы сөздерді айтқанын естідім», – деді». (Мұхаммед ибн Кәб әл-Курзи)
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дұғаның абзалы: «Иә, Алла Тағала! Сен менің Раббымсың, мен Сенің құлыңмын. Мен өзіме зиян келтірушімін, әрі өзіме зиян келтіруші екенімді мойындаймын. Күнәні Сенен басқа ешкім кешіре алмайды. Менің барлық күнәмді кешіре гөр», – деп тілеуің», – деді». (Әбу Һурайра)
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұға еткенде: «Иә, Тәңірім! Тіршілігімнің қорғаны болған дінімді дұрыстап, уақытша мекенім болған дүниені берекелі ет. Жан тапсыруымды рахметіңе айналдыра гөр», – деп тілейтін». (Әбу Һурайра)
«Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаладан басына шамасы жетпейтін іс түсуден, ауыр жағдайға тап болудан, жаман жазадан және дұшпанға күлкі болудан пана тілейтін. Суфйан (Оған Алла риза болсын): «Хадисте үш нәрсе айтылған болатын. Мен біреуін қостым. Алайда қайсысы екенін білмеймін», – деді»
Дайындаған : Амантай Тойшыбайұлы