Алланың шеберлігінде шек жоқ
Теңіз ортасында келе жатқан кемені кенеттен дауыл тұрып, тереңге батырады. Барлық жолаушылар суға кетіп, тек кездейсоқ тақтайшаға жармасқан жалғыз бейбақ қана аман қалыпты.
Біраз уақыт қақпақылдаған теңіз толқындары ақырында оны елсіз бір шағын аралға әкеліп тастайды. Аздан соң есін жиған ол алғашында тірі қалғанына қатты қуанған еді, алайда елсіз, жабайы аралда жападан-жалғыз қалғанына көзі жеткенде қуанышы су сепкендей басылды. Бойын үрей билеп, уайым құшағында қалды. Ақыры амал жоқ тырбанып тіршілігін жасауға кірісті.
Алдымен жабайы жемістермен қоректеніп, əл жинады. Сосын, бұта, жапырақтардан өзіне шағын күрке жасады. Қоян, балық аулап, бұлақ суымен сусындап күнін көре бастады. Бір күні тұрағынан алыстап қайтып келген кезде, күркесінің лапылдап отқа оранып жатқанының үстінен түсті.
Отыра қап: «Я, Раббым! Менің жалғыз күркем де жанып кетті. Жамандығыңа сабыр етіп, жақсылығыңнан үміт етемін. Мұнда да бір қайыр бар шығар?!» деп, көз жасын көл қылып дұға жасады.
Осылайша, əлсіреп, аштықтан бұратылған күйде, талықсып ұйықтап кетеді.
Таң ата əлдекімдердің дауысынан оянып кетті. Орнынан тұрып еді, өз көзіне өзі сенбеді. Жағалауға үлкен кеме жақындап келіп тоқтапты.
Шағын қайықтан бірнеше адам құрғаққа түсіп жатыр. Бейшара сол сәтте көз жасына ерік берді. Кеме үстіне мінген соң ондағылардан өзін қалай тапқандарын сұрады.
Олар алыстан будақтаған түтін көріп, бұл құтқарыңдар деген əлдекімнің берген белгісі деп түсіндік десті.
Міне ғажап! Алланың шеберлігінде шек жоқ қой.
Біз білмей, хабарсыз болсақ та Алла біздің ісімізді реттеуші екен.
Ұнатқан істе жамандық болуы, ұнатпаған істің артынан жақсылық келуі əбден мүмкін екен.
Жақсылық адамның емес, əрдайым Алланың таңдағанымен бірге болатынын білген қандай жақсы!