Алланың барлығын қарапайым дәлелмен түсіндіруге болама?
Әлбетте, болмақ. Біріншіден, әлдебір мұражайға барып ғажайып бір суретке көзіміз түсті делік. «Неткен ғажап салынған» дейсіз. Басына аппақ сәлде, үстіне көк шапан киіп тарихтан сыр шертіп, ұзаққа көз тастап, паңданған алып тұлғалы, жауырыны кең ақсақалды қарт данадай мына біздің Алатаудың көктемгі суреті. Түрлі-түсті майлы бояумен боялған. Астына «2001 жылы желтоқсанда құрбан болғандарға арналып салынған» деген жазу бар. Бірақ, суретшінің есімі жоқ. Сол кезде біз сол жердің қызметкерінен:
— Мына суретті кім салды? – деп сұраймыз. Ол сонда:
— Мына суретті айтасыз ба? Оның суретшісі жоқ.
— Сонда қалай болғаны?.
— Кешіріңіз мырзам. Бос сұрақ қойып мені мазаламаңыз. Ол өз-өзінен салынған. Сіз шамасы өнерден хабарыңыз жоқ адам секілдісіз, – десе біз қандай күйде болар едік? Міне, осының өзі бізді еріксіз таңқалдырғанда, сол суреттің асылы – Алатаудың өзі-өзінен болуы одан миллион есе таңқаларлық нәрсе емес пе?! Демек, бір суреттің салушысы бар болса, тау мен табиғат деген суреттің сөзсіз суретшісі бар. Оны Алла Тағала, дейміз.
Әрі бұл адамның жай қарапайым ақылымен тапқан дәлелі. Осыдан кейін біз Құранға көз салсақ, осы Алатаулар жайлы былай дейді: «Тауларға қарап олар қозғалмай бір орнында тұр, деп, ойлайсың. Негізінде олар бұлт секілді жүреді», – дейді (Нәмл). Таудың жүруі – жердің жүруі. Олай болса жер айналады. Ал, бұл кітап – бұдан он төрт ғасыр бұрын өмір сүрген оқу-жазу білмеген «умми» адамның қолындағы кітап. Ал жердің қозғалатынын сан ғасырдан кейін барып үлкен жаңалық етіп ашты. Оқу-жазу білмейтін адам мұны қайдан үйренді? Демек, Құран – Ұлы Жаратушының кітабы. Сол кітапты бізге әкелген адам – сол Жаратушының елшісі. Яғни, ол – пайғамбар. Бұған біз – нақли, яғни, бізге сырттан санамыздан тыс келген хабарлар, дейміз.
Екіншіден төбемізде төңкерілген көкке көз тіктік делік. Осынау кеңістікте ұшы-қиыры жоқ сан миллард аспан денелері әрқайсысы өзіне тән бағытынан айырылмай ұшқыр жылдамдықпен өз өсінде жүзіп жүр. Құйрықты жұлдыз да шамамен елу жылда бір рет тербелген бесігіміздің жанынан көк ат мінген көлденең қонақтай кербезденіп, керілген садақтай иманы жоқты шошытып өте шығады. Осы аспан денелері де құйрықты жұлдыз да, бір-бірімен мидай сапырылысып жатса да еш уақытта бір-бірімен соқтыққанын көре алмайсыз. Ал, мына қаланың көшелерінде бағдаршам, адамдарында алатаяқ ұстаған сана болса да кейде қақтығысып-соғысып жатады. Тіпті кейде бағдаршам да аз келіп, жөнсілтеуші жол көрсетіп жатады. Ал сонда мына аспан денелері қалай ғана санасыз, бағдаршамсыз өз бағытымен жүріп жатыр. Егер осыларды Ұлы Жаратушы басқарады деп мойындамасаңыз онда сол денелерге сана беруіңізге тура келеді. Екіншіден жай ғана құйрықты жұлдыздың елу жылда елімізге сәлем беруді есептеген Ұлы Жаратушыдан басқа кім дей аласыз? Міне, осылай шексіздікке дейін жалғастыруға болады…
Енді сол Ұлы Жаратушының бір екендігіне келейік:
1. Ұлы Жаратушы әлемді өз құдіретін паш ету яғни, өзінің ұлы бір Құдай екенін таныту үшін жаратқан. Бір қасиетті хадисте Алла «Мен құпия қазына едім. Көрінуді, танылуды қалап әлемді жараттым», – дейді. Егер Ұлы Күштің әлемді жаратуы мен басқаруында басқа көмекші болса, мұндай әрекет оның ұлылығына нұқсан келтіретін еді. Яғни, құдайлық күшін жоғалтар еді. Бұл – мүмкін емес нәрсе. Демек Хазіреті Иса оның ұлы емес, құлы.
2. Бір ауылды екі басшы, бір қаланы екі әкім, бір елді екі елбасы басқара алмақ емес. Әр басшы өз дегенін жасаймын деп әр жаққа тартқылаудан ауыл ауыл болудан қалады. Ал бір ауылды екі басшы бір қаланы екі әкім басқара алмаса, мына әлемді екі құдай қалай басқара алмақ? Құранда «Егер жер мен көктерде құдайлар болса, сөзсіз ол екеуі жермен-жексен болар еді». Демек, әлемның тізгінін қолына ұстаған Ұлы бір Жаратушы жаратқан. Ол – Жалғыз. Ол ешкімге мұқтаж емес.
Сондай-ақ бар нәрсені айқындау, жоқ нәрсені айқындаудан әлдеқайда оңай. Мысалы, құрма жемісінің бар екенін анықтау үшін, жер бетінде барлық құрманы көрсетіп әуре болмай-ақ, тек біреуін көрсетсеңіз жетіп жатыр. Ал енді құрманың жоқтығын дәлелдегісі келген адам, барлық жер бетін, тіпті барлық әлемді шарлап барып қана оның жоқ екендігін дәлелдей алады. Ал бұл – мүмкін емес нәрсе. Ендеше, бар нәрсені айқындау, жоқ нәрседен әлдеқайда жеңіл. Бір адам бір нәрсені бар екенін нақты дәлелдеген кезде, оған сан мыңдаған адам қарсы шығып дау айтса да, оның шындығына көлеңке түсіре алмайды. Әлгіндегі мысалды алайық: Бір адам әлемде құрманың бар екенін айқындау үшін Араб түбегінен бір құрма әкелсе, соның өзі жетіп жатыр. Ал енді оған қарсы дау айтып қаланың даңғылы мен алаңын толтырып сан мың адам ереуілге шықса да, оның бар екенін жоққа шығара алмайды. Өйткені, ақиқат — әрқашан да ақиқат. Біреулердің даңқы мен көңіліне қарап, хақ пен ақиқатты жоққа шығаруға болмайды. Бұл — барлық адамзат санасында тұрақты ұғым болып қалыптасқан категория.
Көктөбенің басына біреу алып ақ сарай салып, оның айналасын жүз қақпалы қалың қорғанмен қоршап тастаса, бірақ сол қорғанның жүз қақпасының тоқсан тоғызын елге айқара ашып тастап, тек біреуін ашпаса, сіз сол сарайға бір қақпасы жабық болғаны үшін кіре алмайтын ба едіңіз? Тілі шықпаған балаға да «кіре алмайсың» деп, жабық қақпаны көрсетсеңіз, ол сізге сөйлей алмағандықтан қолын созып ашық қақпаларды көрсетер еді. Яғни, ол сарайға «бір қақпасы жабық» деп кіре алмау соншалықты күлкілі нәрсе. Бұл әлем де Ұлы Жаратушының жаратқан сарайы. Бұл аса алып сарайдың жүз емес саң мыңдаған қақпалары бар. Бұл қақпалардың қай-қайсынан кірген адам, Ұлы Жаратушыны айқындай, дәлелдей алады. Мысалы, математика – бір қақпа. Оның есігінен кіргендер, әлемнің аса ғажап математикалық есептермен салынғандығын анықтайды. Яғни, әлемді ақылы жоқ, көр табиғат емес, ақылы астам Ұлы бір Математиктің жаратқанынына айқын көзі жетеді. Сол секілді басқа ғылым салалары да сондай. Бірақ, бір қақпа ғана жабық. Ол – сол Ұлы Жаратушының бізге көрінбеуі. Міне, жын мен адам шайтандары ылғи жүрегі жаралы жандарға сол қақпаны көрсетіп, анау қақпаны қарасайшы, жабық тұрған жоқ па қалай ғана кіре аласың? дейді.
Осыларға ұқсас бір елде атеист мұғалім бірінші сыныптың балаларына былай дейді: «Балалар, Құдай бар болса, қане, көрсетіңдерші? Көрсете алмайсыңдар, өйткені, ол жоқ», – депті. Сонда бір бала орнынан тұрып: «Ағай, сіздің ақылыңыз бар ма? Бар болса, қане, көрсетіңізші?» – депті. Осыған ұқсас тағы бір мысал: Атеист мұғалім бірінші сыныпқа: «Балалар, Құдай жоқ. Болса, қане сендерге кәмпит берсін, бере алмайды өйткені, жоқ, ал, менен сұраңдаршы, міне, сендерге кәмпит», — деп, кәмпит береді. Сол кезде бір бала тұрып: «Ағай маған кәмпит емес, шекер беріңіз?» – деген екен. Екеуі де ләм-мим дей алмаған. Міне, олардың жас баланы да алдай алатын дәлелдері жоқ. Өйткені, тоқсан тоғыз қақпа әркімге айқара ашық. Тіпті, ақыл-санасы әлі толыспаған жас балаға да.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ