Алланың сынағы, немесе ауру, соқыр, таз үшеуі

Ертеде ауру, таз және соқыр үш кісі болады. Алла оларды сынамақ болып періштені жібереді. Періште ең алдымен ауру кісіге келіп:
– Қандай арманың бар? – дейді.

– Ауруымнан айыққым келеді, – дейді кісі. Періште кісінің денеесіне қолын тигізгені сол екен, кісі сап-сау болып шыға келеді.

Періште:
– Қандай малды қалайсың? – деп сұрағанда түйесінің болғанын қалайтынын айтады.

Періште:
– Алланың бұл сыйының қадірін біл, -дейді де тазға келеді. Оның да шашым болса, сауынды сиырым болса деген армандарын орындаған періште соқырға келеді. Ол да өз қалауларын айтады. Оған жанарын қайтарып, бір қойды береді де кетіп қалады.

Арада біраз уақыт өткенде үшеуінің де малдары көбейіп, байып шыға келеді.

Періште оларды тағы да сынамақ болады.

Бірінші ауру болған кісіге келіп:
– Мен бір ауру жан едім. Жолаушымын. Маған көмектесші. Ауруыңнан айықтырып, саған осындай дәулет береген Алла үшін, сенен бір түйеңді сұраймын. Көлік қылып мініп өз еліме жетіп алайын, – дейді.

Бір кездері өзі де дәл осындай күйде болған кісі:
– Жоқ, саған ешбір түйемді бере алмаймын. Бұл байлықты маған Алла берген жоқ, әкемнен қалған, – деп қуып жібереді.

Тазға келгенде ол да дәл осылай жасап маңына жуытпайды.

Ең соңында соқыр болған кісіге келіп көмек сұрағанда ол:
– Сен дұрыс айтасың. Мен де бір кездері соқыр болғам. Алла маған жанарымды қайтарды. Мына отар-отар қойлар да Раббымның маған берген сыйы. Оларды қалағаныңша ал, – дейді.

Періште: – Алла саған разы болсын, – деп рахметін айтып кетеді.

Ал әлгі екеуі Алланың қаһарына ұшырап, барынан айырылып, бұрынғы күйлеріне қайта түседі.