Алма бағын өсірушілерге қолдау бар

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Атырауда алма     өсіруді қолға алғалы отыр. Мұның себебі де бар. Осы салада тәжірибелі кәсіпкерлер Атырау облысына оңтүстікте өсірілген өнімнің 18 тоннасын әкеліп, саудаға шығарды. Бағасы арзан бұл жемістер Атыраудағы «Сарайшық» коммуналдық базарында тұтынушылардың сұранысқа ие болды.

Атырау қаласының әкімдігімен келісім-шартқа отырған жеткізушілер жемістерге нарық құнынан төмен баға бекіткен болатын.

-«DALA-FRUIT» компаниясының басшылығы тұрғындардың отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы мен қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық әкімдікке өтініш білдірді. Қазір Атырауға  бірінші сұрыпты алманың үш түрі әкелінді, олар базар нарығынан 15-20 пайызға арзанға сатылады, — дейді қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.

Коммуналдық базарда оңтүстіктен әкелінген алмалардың бір келісі 230 теңгеден сатылуда. Негізі алманың бағасы Атырау қаласында  қыс айларында 380-400 теңгеге дейін көтеріледі. Сатылымның алғашқы күнінен бастап тұрғындардың отандық өнімге деген сұранысы жоғары екені байқалды. Жарты күннің ішінде бір тоннаға жуық алма сатылған.

Егер өнімнің сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шықса компания өкілдері алманы Атырауда да өсіруге ниетті. Облыстық әкімдік алма бағын өсіретін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді.

                                                                              Светлана Муньянова,

                                                                              Атырау облысы