Алма бақтарға айрықша бап керек
Облысымызда соңғы жылдары егін және мал шаруашылығымен қатар жеміс бақтарының көлемі де артып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда облыстағы үдемелі бақтар 1163,2 гектар алқапқа жеткен. Оның 168 гектарын шие бауы құрайды. Мұндай бақтар Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарында жүйелі жолға қойылған. Жуалы ауданында алма өсірумен 25 шаруа қожалығы айналысуда, олардың жеміс бағы 234 гектар алқапты алып жатыр. Бұл 2008 жылдан бері отырғызылып, бүгінгі таңда жемісін беріп тұрған бақтар. Мұның сыртында бұл есепке енбеген, бұрыннан пайдалануда келе жатқан жүзге жуық жеміс бақтары бар.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, өңірдегі бақтардан өткен жылы 625 тоннадан астам өнім жиналып, оның біразы қоймаға сақтауға қойылыпты. Ал алдағы уақытта ауданда алма бақтарының көлемін бірнеше гектар алқапқа арттыру жоспарлануда.
– Бүгінгі таңда бір қуантарлығы, аудан шаруа қожалықтары бір егін және мал шаруашылығымен айналысып отырған жоқ.
Олар өз шаруашылығын әртараптандыру арқылы
балық, жеміс-жидек пен көкөніс шаруашылықтарын да қатар алып келеді.
Сонымен бірге өндіріс бағытында да жұмыстарды қолғаалуда.
Мәселен,2008жылы ауданда 36,5 гектар алқапқа алма бағы салынса, одан кейінгі жылдары оның көлемі арта түсті. Жаңа кәсіпке көп шаруа қожалықтар бастапқыда қалай болады деген қорқынышпен барғаны да рас.
Мемлекеттен алма бақтары субсидияланса да олар алғашқыда бір мен үш гектар алқаптан асырылмады. Шаруа қожалықтардың арасынан тек Ақсай ауылдық округінен «Ақылбек бауы» мен ақтөбелік «Бағдат» шаруа қожалығының ғана батылы барып, әрқайсысы 6 гектар алқапқа алма бағын салған еді.
Сол кездегі рекордты Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты «Жанболат» шаруа қожалығы ғана орындап, ол 8 гектар алқапқа жеміс бағын орналастырған болатын, – дейді Ержан Серкебаев.
Бұдан кейін алма бақтарының ұлғаюына Қызыларық ауылдық округінде «Дархан», Шақпақ ауылдық округінде «Әділет» шаруа қожалықтары үлес қосады.
«Дархан» 2010 жылы 42,5 гектарға жеміс ағашын отырғызса, келесі жылында оның көлемін 23,5 гектар алқапқа ұлғайтады. Ал «Әділет» шаруа қожалығы 2011 жылы 21,3 гектар алқапқа жеміс отырғызса, 2012 жылы оған 25,6 гектар алқап қосып, алма бағын 47 гектарға жеткізеді.
Бұдан кейінгі жылдары Қызыларық, Жетітөбе, Шақпақ пен Күреңбел ауылдық округтеріндегі «АБР-агро», «Арай», «Таң» мен «Құндыз» шаруа қожалықтары барлығы 62 гектарға жеміс ағашын отырғызып, бүгінде ол бақтан мол өнім жинап, аудан мен облыс тұрғындарын жеміс-жидекпен қамтуға өз үлестерін қосуда.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өнімнің бір бөлігі қоймаларда сақталуда екен.
Мәселен, «Таң» шаруа қожалығы 200, «Әділет» шаруа қожалығы 100 тонна өнімін сақтауға қойса, өзгелері де шағын ұраларында сақтап, нарыққа шығаруда. Қазіргі таңда аудан шаруалары өнімін Тараз, Шымкент пен Түркістан қалаларына, сонымен қатар аудан орталығындағы базарға шығарып, өткеруде.
Ақтау мен Астанаға шығарып отырғандары да бар. «Әділет» шаруа қожалығының мүшесі Беспай Қансейітұлы алма бағының жұмысының көп екенін айтуда. «Жеміс бағы күтім мен бапты қажет етеді. Ол бала сияқты мәпелеп баптасаң ғана өнім береді», дейді ол.
– Бұрын алма ексең табысқа қарық бола қаласың деп ойлаушы едім. Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Алма бағын баптау үшін де көп жұмыс керек екен. Алғашқы жылдары тек қаржы салып отырасың. Дәрі бересің, ол болмаса отырғызған ағаштарың қурап қалады. Өйткені жас өскіннің жауы да, ауруы да көп. Осындай шаралардан кейін, оның өзінде он жылдан кейін барып көңілдегі өнімді алуың мүмкін. Күзде алма жинауға маусымдық жұмысшы жалдайсың, оның тасымалы тағы бар. Алқап басынан өткізейін десең арадағы делдалдар бағаны төмен сұрайды. Былтыр Жамбыл ауданындағы тоңазытқышы бар қоймаға 100 тонна алма қойдық. Жаңа жыл қарсаңында қойма басшылығы қоңырау шалып, «алмаңызды сатасыз ба, алымсақ келіп тұр, килограмына 80 теңгеден сұрауда» дейді. Кейде диқанның өсірген өнімін осылай жерге ұрып, еңбегін еш етіп жіберетін арадағы делдалдарға не дейсің. Бағбанға қолдау осы кезде берілсе, – дейді Беспай Қансейітұлы.
Өнімді өткеруде қиындықтың бар екенін барлық шаруа қожалықтары айтуда. Алма тоңазытқышта сақталмаса тез бұзылып кететінін жақсы білетін шаруа қожалықтар оны алқап басынан күзде делдалдарға сұраған бағасына беріп жіберетіні тағы бар. Ал консерві зауыттары жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасымалдағанды жөн көретіні белгілі.
Дегенмен әрбір шаруа қожалық осындайда өз бетінше қарекет етуге мәжбүр. Мәселенің басқа жолын іздеген «Әділет» шаруа қожалығы күзде 5 тонна алмабақ жасаған. «Алмабаққа сұраныс жоғары деген соң, алмабақ та жасадық. Бірақ оның өзін өткізе алмай отырмыз», дейді Беспай Қансейітұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы