Алматы-Арена: Боксшыларымыз бас көтертпей жатыр
Бүгін Алматыдағы су жаңа «Алматы-Арена» спорт кешенінде бокс кеші өтіп жатқаны баршамызға мәлім. Шаршы алаңға атойлап шыққан былғары қолғап шеберлеріміз әзірге ешкімге дес бермей тұр. Алғашқы кездесуді кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегіне шыққан Жұман Жұмабеков беларусь Владимир Ивановқа қарсы өткізіп, бұған дейін екі рет рингке шығып жеңіліс тапқан «ақ орыс» азаматын бірінші раундта-ақ сұлатып түсірді.
Одан кейін кәсіпқой бокстағы төртінші жүздесуіне шыққан Айдар Шәрібаев (3 жеңісі бар, үшеуі де нокаутпен) шаршы алаңға көтерілген-ді. Қандасымызға қарағанда аз да болса тәжірибе жинап қалған мексикалық Хуан Окура әккі екен. Жанкүйерлердің жалынды қолдауынан жігер алған Айдардың соққыларына шыдас берген Окура 6-шы раундқа дейін жұдырықтасты. Сөйтіп, кездесу тағдырын төрешілердің ұйғарымына қалдырған қос боксшы реферидің өз қолдарын көтеруін асыға күтті. Десе де, қазақ жанкүйерлерінің тілегі орындалып, А.Шәрібаев қарсыласынан басым түсті.
Тартысты бокс кездесуінен кейін рингке қос Әли шықты. Әзірбайжан Республикасынан келген Али Мамедов отандасымыз Али Ахмедовқа қарсы тұрды. Бойшаң біздің Әли «қонақ» Әлиді кездесу басталғаннан-ақ соққының астына алды. Рингтегі еркін қимылына қарап Ә.Ахмедовтің әзірбайжанды жеңетініне күмәніміз болмап еді. Жауапсыз соққылар Әли Мамедовті әбден титықтатып, бапкерлерінің рингке орамал тастауына себеп болды. Аса ауыр салмақта ганалық Наху Азумимен жұдырық түйістірген Руслан Мырсатаев өзінің кәсіпқой бокстегі үшінші кездесуіне шыққан болатын. Қуанышымызға орай, Руслан да жанкүйерлер сенімін 200 пайызға орындап, Ганадан келген қарсыласын ауыр соққыларымен сұлатып түсірді.
«ЕлАна»