Алматы облысы — инвестиция тартуда төрдегілердің төртіншісі
Жақында Алматы облысы, Талғар ауданының «Восемь озер» кешенінде «Жетісу Инвест — 2016» — «Жібек жолын жаңғырту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» тақырыбында халықаралық форум болды. Шараға жергілікті атқарушы органдардың 400-дей өкілі мен алыс-жақын шетелдердің өкілдері қатысты. Мақсат — Алматы облысының инвестициялық тартымдылығына бизнес-қауымдастық пен халықаралық қаржы ұйымдарының назарын аудару. Форумға Алматы облысының әкімі А.Баталов, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Е.Хайыров, «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті Қ.Алпысбаев және «Атамекен» ҚР КҰП басқарма төрағасы А.Мырзахметов қатысты.
Пленарлық отырысты Алматы облысының әкімі ашты. Қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, өңірге инвестиция тартудағы оң нәтижелерді атап өтті.
— Республика бойынша инвестиция көлемі жағынан облысымыз 4-орыннан көрініп (Атырау облысы, Астана мен Алматыдан кейін), сомасы 490 млрд. теңгені құрады. 2014 жылғы деңгейді 37 млрд. теңгеге арттырдық (нақты көлем индексі 105,3%). 2015 жылы жалпы сомасы 34,7 млрд. теңге болатын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 3,6 мың жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. 2016 жылы сомасы 94 млрд. теңге болатын 115 жоба қолға алынып, 4,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Барлығы 2016 жылдан 2020 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгелік 443 жобаны жүзеге асыру, соның негізінде 23 мың жұмыс орнын құру межеленіп отыр, — деді А.Баталов.
— 2015 жылдың өзінде жаңа өндірістен түскен кіріс 553,6 млрд. теңге (104,8%). Әлі де болса экономиканың басым секторларында іске қосылмаған жобалар жетерлік. Шикізат құнының құбылмалы кезінде, біз бірінші кезекте экономиканы диверсификациялауымыз керек. Ол үшін облыстың аграрлық-индустриалдық бағытын ескеріп, ауыл шаруашылығы өндірісін интенсивтендіру (жандандыру) мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңнен өңдеуге мамандану керек. Аймақ географиялық тұрғыда қолайлы орналасқандықтан, заманауи технологияны қолдана отырып, азықтүлікпен 100 млн.-нан астам адамды қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Қытай бізге өз нарығын ұсынуда. Осыған орай, өткен айда аспан асты елінің Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына іссапармен бардық, — деген Алматы облысының әкімі облыс мүмкіндіктері ҚХР кәсіпкерлерінің үлкен қызығушылығын оятқанын тілге тиек етті.
— Алдағы уақытта Ираннан күтер үмітіміз үлкен. Сол үшін бүгінгі форумға қатысып отырған ирандық кәсіпкерлерге айтар алғысымыз шексіз. Алдымызда суармалы жерлерді ұлғайту тапсырмасы тұр. Сондықтан облыстың электронды кешенді картасын жасадық. Бұл бізге жер қатынастарын реттеу, ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерге бақылау жүргізуге өз себін тигізеді. Инвестор тартуға да бұл картаның үлкен көмегі тиюде. 2014 жылдан бері қызылша өсіру алқабы 5 есеге (6,4 мың га-ны құрап отыр) өсіп, Көксу қант зауыты жөндеуден өткізілді. Облыстағы Қорғас АЭА-ына қазірдің өзінде күніне 1 800-ге жуық адам келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш 2 000 бірлікті құрауда. Инвестициялық 69 жоба тіркелген және бұл әлі өсуде. Осы кешенмен байланысты транзитті жүк тасымал үлесін кеңейту, көліклогистикалық кешенін салу, инженер-техникалық инфрақұрылымын, өндірістік-өнеркәсіп аймағын дамыту, сонымен қатар жаңа тұрғын үй (Нұркент елді мекені) аумағы құрылысы мен жұмыс орындарын ашу көзделуде, — деді Амандық Ғаббасұлы.
Облыс әкімінен кейін сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек облыстағы агроөнеркәсіп, туризм, энергетика саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды. Б.Қыдырғалиұлының сөзінше, Алматы қаласы тек бизнес орталық болу керек. Ал өндірістік кәсіпорындар Алматы облысында бой көтеруі тиіс. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Насбекұлы екі облыстың әріптестік байланысын одан әрі дамыта түсуді сөз етті. Форумның соңы Алматы және Жамбыл облыстары арасында, сонымен қатар Алматы облысында жұмыс істейтін компаниялармен 900 миллион доллардан ас-там қаржы көлемінде келісімшарттар жасалды.
Рақым Пердәлі