«АЛМАТЫ-ТҮРКІСТАН-ТАШКЕНТ» ТУРИСТІК ПОЙЫЗЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Елімізде «Жібек жолы» туристік теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша жүреді. 16-20 қараша күндері өтетін алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды. Енді туристік пойыз ай сайын қатынайтын болады.
Жолаушыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, қала ішіндегі саяхат ұсынылады. Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Саяхат — туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Туристер Түркістанды бір күн, Ташкентті екі күн аралайды.
Саяхат барысында туристер Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесіне, Керуен Сарай кешені мен Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат жасайды. Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы Хазірет Имам кешенін, Төле Би кесенесін, Әмір Темір және Тәуелсіздік алаңдарын аралайды. Одан бөлек, Ташкент қаласындағы көрікті жерлерге барады.
Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін пойызда фильм көруге, ән тыңдауға және кітап оқуға арналған vputi.kz мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады.
Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі