«АЛМАТЫ-ТҮРКІСТАН» ТУРИСТІК ПОЙЫЗ БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысында «Алматы-Түркістан» бағытында қатынайтын туристік пойыз ашылып, өз жұмысын бастады. Қос шаһардың арасында әр аптаның жұма-жексенбі аралығында жүргізілетін саяхаттық бағыт туристер үшін өте қолайлы болмақ. Яғни, келуші қонақтардың екі күннің ішінде қонақ үйге тоқтамай облыстың көрікті жерлерін толықтай аралай алуға мүмкіндігі болады. Бұл дегені жатын орын, душ сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілген вагондарда туристер сатып алынған туристік пакет есебінен пойыз мейрамханасында тамақтана алады. Бір бағыттағы пойыз ішіне 22 саяхатшыға дейін сыяды. 

            Туристік бағыттың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, «Туран-Экспресс» компаниясының басшылығы мен туризм саласының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

            Е.Тасжүреков өңірімізде алғаш рет қолға алынып, жұмысын бастаған туристік бағыттың Түркістанға келетін туристер санын одан әрі көбейтіп, саланы дамытуға тигізетін септігінің мол екенін жеткізді.

            Тұсауы салтанатты жағдайда кесілген пойыз бағыты аясында келген қонақтарға  ақпараттық тур ұйымдастырылды. Меймандар алдымен, Отырар, Сауран қалашықтарында болып, одан соң, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының нысандарын көріп, танысты.

            Еске сала кетсек, еліміздегі «Туран-Экспресс» ЖШС көліктік компаниясы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, сондай-ақ облыстық туризм және сыртқы байланыстар және облыстық ішкі саясат басқармалары арасында Түркістан облысында ішкі туризмді дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзілген болатын.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі